Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

©Алаш айнасы иллюстрациясыЕуроодақтың Ресейге қарсы санкциялары оған Мәскеудің қарымта жауап қайтаруы Еуропа елдеріне кері ықпалын тигізбей қоймады. Бұған қатысты кеше ғана Финляндияның үкімет басшысы Александр Стубб бұл санкциялардың осы елдің экономикасына ауыр соққы болатынын мәлімдеді. Бұл ретте ол «біздің елімізге 2015 жылға дейін созылатын құлдыраудың қаупі төніп тұр. Ал мұндай құлдыраудан кейін жалпы ішкі өнім деңгейін 2008 жылы көрсетілген өсімге дейін көтеру үшін бізге ең кемі 10 жыл керек болады. Бізді тағы бір рецессия күтіп тұр» деді.

Осылай деген фин елінің үкімет басшысы өз елінің қазіргі ахуалы терең дағдарыста тұрған 1990 жылдарды еске түсіретінін мойындап та отыр.

Батыс алаңдай бастады 

Жалпы, әлемдік сарапшылардың пайымдауынша, бұл бір Финляндияның айналасында ғана жайт емес, Еуроодақ пен Ресей Федерациясының арасындағы «санкциялар соғысы» салдарынан Батыс тым алаңдап отыр. Себебі бұдан тек қана фин елі зардап шегіп отырған жоқ, бұл мәселенің өзге әлем елдеріне де кері ықпал ете бастағанын сарапшылар алға тартуда.

Марал Төртенова, Қазақстан-Ресей экономикалық университетінің магистрі, сарапшы маман: 

— Мысалы, Грекия Ресейдің ауыл шаруашылығы тауарлары импортына салынған тыйымынан 180 миллион долларға шығын көрмекші. Осыған орай қазірде бұл елдегі оппозиция өкілдері Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын қатты сынға алды. Ал Нидерландының санкциялардан көретін шығыны 1,5 млрд доллар шамасында болғалы тұр. Сол сияқты Латвия өзінің ұлттық валютасымен есептегенде 55 млн қаржысын жоғалтады. Польшада ірімшік пен май өндірушілер айтарлықтай зардап шегеді. Қазірде Еурокомиссия Ресей Федерациясының қарсы санкциясы мен оның Еуроодақ елдерінің ұлттық экономикасына тигізетін залалын талқылауға арналған халықаралық сарапшылардың кездесуін ұйымдастырып отыр. Тіпті Еурокомиссия ауыл шаруашылығын өндірушілерге 400 млн долларға өтемақы беруді де жоспарлап отыр. Ал алдын ала есептелген болжамдарға сүйенсек, Ресей бұл елдерден келетін құны 7 млрд доллардың көлеміне дейін есептелген эскпортқа тоқтау салып отыр.

Қазақстан сәтті ұтымды пайдалануы керек… 

Ал Батыс елдері осылай деп жатқан тұста Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Лейла Мұзапарова бұл санкциялардың Қазақстанға кері әсері болмайтынын нықтады. Оның айтуынша, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Украина дағдарысы шеңберіндегі Ресейге жасалып жатқан санкциялардың салдарын, оның ішінде Қазақстан экономикасына ықтимал әсерін зерттеп, бірқатар қорытындыларға келген.

Лейла Мұзапарова, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары: 

— Ресей мен Батыстың өзара экономикалық қақтығысынан Қазақстан экономикасына айтарлықтай қауіп күтілмейді. Рас, қазіргідей санкциялар алмасу бүкіл әлемдік экономиканың тежелуіне әсер етпей қоймайды. Соның ішінде санкциялар нәтижесінде ағымдағы жылы Ресей экономикасында стагнация (тұралау) жалғасатыны, ал еуропалық экономиканың шығыны 2 жылда 100 млрд доллар шамасында немесе Еуропа экономикасының ІЖӨ-дегі 0,3 пайызына тең болатыны болжанып жүр. Бұл аз көрсеткіш емес. Мұндай бағалауға сүйенсек, екі тараптың қарама қайшы санкциялары салдарынан әлемдік экономика шамамен 0,1 пайызға жуық шығынға ұшырайтыны болжанады. Ал әлем экономикасында Қазақстанның үлесі аз екенін ғана ескерсек, ( біз әлем елдеріне экспортқа шикізат қана шығарамыз) бұл жерде Қазақстан санкциялар легін дер кезінде пайдаланса ұтып шығады. 

Арнайы қандай салаларға басымдық берілуі тиіс

Негізінен, мамандар айтып отырғандай, Ресейдің Еуропа импортынан бас тартуы біздің ауыл шаруашығы саласына серпін беруі тиіс. Себебі қазірде Ресейдің ауыл шаруашылығына қатысты азық-түлік нарығы бос тұр. «Ресей Еуропадан келетін өнімдерден бас тартты. Енді сол бос нарықты толтыру үшін біздің аграрийлер алға ұмтылуы тиіс» дейді мамандар.

Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым: 

— Ресейге тұс-тұстан санкциялар салынып жатыр. Міне, осы сәтті Үкімет сауатты пайдалана білуі керек. Ескеретіні бұдан былай импорттың шектелуіне байланысты Ресей енді бізге өз тауарын аса көп жібере бермейтін болады. Осы тұста Үкімет отандық өндірісшілерге қолдау білдірсе біз ұтып шығар едік. Себебі Ресейдің бос жатқан нарығын игере алса, біздің аграрийлер үлкен пайда көрере еді. Сондықтан бұл санкциялар салқыны бізге тимесін десек, біз мынаны ескеруіміз керек. Қазір Ресейден инвесторлар қашып жатыр. Осы сәтті Қазақстан үкіметі пайдалануы тиіс. Ресейге қарағанда Қазақстанда инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Біздің елде бүгінде инвесторлар он жылға дейін корпоративтік салықтан босатылып отыр. Елге ірі көлемді инвестиция салатындарға барынша жағдай жасалып отыр. Міне, нақ осыны пайдаланып отандық өндіріс орындарының жұмысын жолға қоюға күш жұмылдыру керек. Модернизация деген терминді өте жақсы ойлап шығардық. Бірақ соны әрі қарай тереңдету жоқ. Осы жағын қолға алып кез келген ірілі-кішілі өндіріс орындарын жаңғыртуға күш салсақ, біз әлдеқашан еңсе тіктер едік. Мысалы, ірі мұнай өндіретін зауыттардың маңынан шағын жанар-жағармай шығаратын зауыттар ашу, астық сақтайтын орындардың қасынан, ұн тартатын диірмен орындарын ашу, мал бордақылайтын орындардан тері-жүн өңдейтін цехтар ашу тиімді болар еді. Өкініштісі бізде осы жағына мән берілмей отыр. Бұл жайт ауыл шаруашылығы саласына жан бітіруі тиіс. Тағы бір басымдық беріп айтар жайт: Қазір Қазақстанда 7002 ауыл бар, оның 4258-нің даму потенциалы орташа, 102 ауылдың келешегі бұлыңғыр, ал 32 ауыл қаңырап бос қалған. Ал енді осыған қарап айтсақ: негізінде біздің экономикалық құрылымымыз екіге бөлінеді. Қала және халықтың 47 пайызы тұратын ауыл. Сондықтан көрші елдегі жағдайды ескере отырып алдағы уақытта мемлекеттік шығынның жартысы ауылға жұмсалуы керек. Бұған қоса ауылдың шаруашылығын дамытуды бір ғана Ауыл шаруашылығы министрлігіне таңып қою дұрыс болмады. Бұл шаруаны Ұлттық экономика министрлігіне де жүктеу керек. Тереңнен байыптағанға Ресей мен Еуроодақ арасындағы санкциялар салқынын бізге тигізбей ұтымды алып шығатын сала — ауыл шаруашылығы. Сондықтан меніңше, Ауыл шаруашылығы министрлігіне құрылымдық өзгерістер жасаудың реті келген сияқты.

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

http://alashainasy.kz/economica/53049/

Рубрика: