Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

23(179) (1)Тұрақты оқырмандарымыз үшін қуанышты хабар: газетімізде «Алаштың сән салоны» атты қосымша бет ашылды. Сіздер «біздің салоннан» сән әлеміне қатысты ең қызықты дәйектерді оқып, ең керекті деректерді таба аласыздар. Ал бүгінгі тақырып, жалпы, сән әлемінің шығу тарихына арналмақ.

Абай ОМАРОВ (коллаж)

«Сән әлемі» десе, бұл әлем кеше ғана пайда болып, жер жүзіне тарағандай болып елестейді. Себебі бүгінгі ауызекі тілдегі «мода» ұғымы заман ағымымен қоса жылжып, жа­ңа­рып отыру дегенді білдіреді. Дегенмен біле білсек, «сән­дік», «сәндену» деген ұғымдар сонау тас дәуірінде Еу­ро­пада пайда болған. Ер адамдар пілдердің, мүйіз­­тұмсықтардың, сусиырлардың тісі мен жүндерінен әртүрлі әшекей бұйымдар жасап, мойындарына тағып, терісін оң иыққа жамылып жүруді ең алғашқы сән түріне айналдырған. Ал біздің дәуірімізге дейінгі 2900 жыл бұрын ең алдымен – теріден, кейін матадан тігілген бел­дем­шелер пайда болып, Вавилонда шәлі тағып, жейде кию жиілей бастаған. Темір дәуірі жақындаған сайын сән әлемі дами түсіп, гректер белдік атаулыны ойлап тапқан. Біртіндеп плащ, халаттар тігіліп, еркектер – алтын ободок, ал әйелдер бастарына жеңіл тәж тағуды сәнге ай­нал­дырады. Осылайша, сонау ХІV ғасыр, нақтырақ айтқанда 1350 жылдары, Франция мен Италияның су­рет­шілері «сәндік» іздеп, гильдиялар мен цехтар ашып, өмірге «сән әлемі» келген. Франция, Италия, Англия, Ис­па­ния, Америка сынды елдерде уақыт оздырмай, жыл­дам дамып отырған «мода» 1900 жылдары болашақ Кеңес үкіметінің қол астында болған елдерге де жетеді. Қазіргі атағы жер жаратын Поль Пуаре мен Кристиан Диор да сол 1903-1905 жылдары жарық көрген. Ал Коко Шанельдің «кіш­кентай қара көйлек» ұғымы 1926 жылы пайда болған. Әри­не, айта берсек, Бруно Банани, Викторияс Сикреттің дә­уірі басталғалы біраз болды. Ал қазақстандық «мода» жайлы не білеміз?

Кейбір деректерге сүйенсек, қазақ басылымдары «сән», «мода» және «подиум» деген сөздерді 1913 жыл­дар­дың өзінде пайдалана бастаған. Бірақ бұл кезеңде қа­зақ жеріне нық орнай қоймаған «сән әлемі» қазірде ресми түр­де 1947 жылы келген делінеді. Ал, жалпы, ата-баба­ла­ры­мыздың ежелден келістіре киген қазақы өрнегі бар сән­ді киімдері мен әшекей бұйымдарының өзі нағыз «сән­діктің» өзі емес пе?! Тек Коко Шанельдің ой­лап тапқан «бар­лық қыздың гар­де­ро­бында болуы тиіс кіш­кентай қара көй­легін» шы­ғарып, жер-жа­һан­ға жария қыл­ма­дық демесек, се­­рі­лер мен сылқым сұ­­лу­лар­дың сол кезгі сән­дену салтына ай­тар сын да, мін де жоқ. Алайда ресми де­рекке сү­йен­сек, бү­гінде «Сым­бат» деп ата­ла­тын ака­де­мия отан­дық сән әле­мі­нің дү­ниеге ке­луіне сеп бо­лыпты де­седі. Тұң­­ғыш рет 1972 жы­лы қа­зақ­стан­дық сән өне­рін ше­телге паш ет­­кен ком­панияның «Сым­бат» деп аталған тұң­ғыш журналы – 1958 жылы, ал тұң­ғыш мо­да театры 1987 жы­лы ашылды. Қа­­зақстан 1972 жы­лы – Бол­га­рияда, 1974 жылы – Лейп­­ци­гте, 1975 жы­лы Ита­лияда өт­кен халықаралық фес­ти­вальдарға да қа­тысты. Ал 1988 жылы Чехословакияның Брносында ұйым­дас­­тырылған жарыста бас жүлдені ием­ден­дік.

Осылайша fashion – индустрия Қазақстанға да жеткен. Қазірде елімізді әлемге танытып жүрген атақты ди­зай­нер­леріміз де жетерлік. Олардың ішінде Aida KaumeNOVA, Kuralai (Құралай Нұрқаділова), Айгүл Қасымова, LaRiya (Лария Жақамбаева), Salta (Салтанат Баймұхамедова) мен ZhaZira-ны ерекше атап өтуге болады.

 


 

Дефиле

 

Дефиле десе, қазіргі сәнқой жандардың ішкен асын жерге қоятыны сөзсіз. Әлбетте, әдемі киініп, сәнді көріну кімге болса да ұнайды. Алайда бұл сөздің және, жалпы, дефиленің қашан, қайда пайда болғаны жайлы білетіндер аз. Олай болса дефи­ленің кешегісі мен бүгіні жайлы қысқаша талдау жасайық.

 

Кеше

Шетелдік зерттеушілердің кейбір деректерінде дефилені дүниеге әкелген ХІХ ғасырдың сәнгері Чарльз Фредерик Ворт делінеді. Ол өз заманында киім сататын дүкен қызметкерлерін әдемі киіндіріп, қалталы клиенттеріне өз тауарларын ұсынған. Қазіргі тілмен айтқанда, модельдердің қатарында өзінің әйелі де болған деседі. Дүкенге келгендер жайлы жайғаса отырып, сәнді киініп әрлі-берлі жүрген сатушы қыздарды тамашалап, соңынан өз ұнатқан тауарын сатып алған. Бірақ ХІХ ғасырдың со­ңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде мұндай үрдіс жалғыз Чарльзде емес, барлық сән үйлерінде болған көрінеді. Тіпті олар­дың басым бөлігі жабық бөлмелерде арнайы көрсетілім зал­дарын ұйымдастырып, жаңа топтамаларын тұтыну­шыла­рына таныстыра бастаған. Дегенмен бұл көрсетілімдерді кәдімгі дефилемен салыстыру қиынырақ болатын. Алайда 1905 жылы Лондонда Люсилль есімді дизайнер тұңғыш рет дефиле өткізіп, музыканың сүйемелдеуімен сахнада өз топтамасын таныстырды. Оған көптеген модельдер қатысып, тапсырыс берушілерінің саны да екі есеге артқан. ХХ ғасырдың басында дефиле АҚШ-та да кеңінен тарай бастайды. Сәнді киім-кешек пен әшекей бұйымдарды өндірушілер сән индустриясын дамыту мақсатында бірігіп көрмелер өткізеді. 1903 жылдан бастап Нью-Йорк сән көрсетілімдеріне келу­ші­лердің қатарын көбейту үшін жер-жерге шақырту билеттерін таратуды ойлап табады. Ал 1910 жылдарға қарай жаңа топ­та­малардағы бұйымдар дүкен сөрелерінде сатылымға шығып, қысқа мерзімде сатылып отырады. Алайда сәнді болған киім-кешектер жайлы ақпараттардың та­ралымы тым тар болғандықтан, қал­талы әйелдер ғана сәнді салондарға ба­рып, қажет дүниелеріне еш қиын­дықсыз қол жет­кізген. Ал әлеуметтік жағ­дайы төмен нәзікжандылар бай­лардың киіп тоздырып, сәннен қал­ды­рып, арзан­даған заманында ғана сатып ала алған. Ең алғаш ұйым­дас­тырылған де­фи­лелер адамдарды қайран қал­дырып, тіпті олар жайлы New York Times газеті жиі-жиі жазып отырған. Ал қымбат бутиктердің ара­сында бәсе­келестік орнап, де­фи­ле ХХ ғасыр­да Атлантикаға дейін жет­кен. Бі­рақ сән көрсетілімдері ұзақ уақыт бо­йы тек әйел адам­дар­дың киім-ке­шегіне ғана арналған. Тек 1952 жы­лы Флоренцияда Brioni сән үйінің ұйым­дастыруымен ер адам­­дарға ар­нал­ған сәнді киім­дер­дің көрсетілімі өткен.

 

Сонау ХІХ-ХХ ғасырларда шағын дүкендер мен үйлердің тар бөлмелерінде өткізілген дефиленің бүгінгі сән әлеміндегі орны ерекше. Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, қазіргі заманда жыл сайын сән көрсетілімдерін ұйымдастыруға 200 млн АҚШ доллары жұмсалады екен. Атағы жер жарған сән үйлерінің 20 минуттық дефилесін өткізу үшін орта есеппен 100-500 мың доллар жұмсалатын көрінеді.

 

Бүгін

Қазіргі дефиле сахнасы биікте орналасқан, яғни платформаларда өткізіледі. Біз оны подиум деп атаймыз. Көрсетілімдерге бұрынғыдай сән­ді киімдерді сатып алушылар ғана келмейді, қазір БАҚ өкілдері мен сән әлемінің қас шеберлерін шақыру тұрақты үрдіске айналған. Әсі­ресе жаңа топтамалардың жарнамасына жан бітіретін журналист қа­уымының көрсетілімдерде көбірек болуы маңызды рөл атқарады. Ми­ланның әйгілі Pambianco Strategie di Impresa SpA деп аталатын ком­паниясының са­рапшы мамандары жүргізген зерттеуге сенсек, де­­­филеге кеткен қар­жы­ның 6%-ы тек PR мен жарнамалау жұ­мыс­та­ры­на кетеді. Ал жаңа топ­тамаларға келіп түсетін тапсырыстың 30-50%-ы сол жарнамалардың ар­қасында жүзеге асатын көрінеді. Де­фи­­ленің ең басты кейіпкерлері са­налатын модельдердің де жа­­­ла­қылары жаман емес, атақты ком­паниялар бір көрсетілім үшін бір моделіне 10-30 мың АҚШ дол­ларын тө­лейді. Айта кетейік, әлем­дік деңгейдегі сән үйлерінің әрбірінде визит карточкасы саналатын түрлі түсті көмескі жарықтар бар. Мысалы, Джон Гальяноның сән көрсетілімдерінде – алқызыл түстес, ал Christian Dior-да айнадан жа­сал­ған подиум қолданылады. Мұндай атақты дизайнерлер үшін есім­дері әлемге танымал адамдардың көр­сетілімдерге келуі – ең ма­ңыз­­ды дүние. Сол үшін де олар белгілі өнер жұл­дыздары мен қалталы бизнесмендердің көрсетілімге келіп кетуіне қажетті жол ақысын, жа­тын орны мен киетін киімдері үшін қомақты қаржы төлеуге дейін ба­­рады. Себебі олар брендіні жарнамалау үшін көп көмектеседі. Ал де­­­филені өткізуден бас тарту деген компанияның қаржылық дағ­да­рыс­қа ұшырап, құрдымға кеткендігін білдіреді. Prada Group-тың пре­зи­денті Патрицио Бертеллидің айтуынша, дефилесіз еш­қандай өнім сәт­ті шықпайды, сол үшін де сән көрсетілімдерінің бүгінгі әлем­дік fa­shion – индустриядағы орны бұрынғы заманғыдан гөрі маңыздырақ.

 


 

80-дегі модель…

Әлемдегі ең кәрі модельді білесіз бе? Оның есімі — Кармен Делль Орефайс, жасы 80-де. Ол жасының ерекшелігіне қарамастан, әлі де жас мамандарды шаң қаптырып жүр. Олай дейтініміз – Кармен әлі де подиумда…

Гиннесстің рекордтар кіта­бы­на енген Кармен әлемдегі сән моделінің ең ұзақ тәжірибесі бар ма­маны болып табылады. Сән ин­дустриясында 47 жылдан астам уа­­қыт қызмет етіп келе жат­қан ол әлі де по­диумдарда сән үлгілерін көрсетіп жүр. Кей­­бір деректерде оның бұл салаға ке­­луіне досы, фотограф Норман Пар­кинсон себеп бол­ған де­лі­не­ді. Кілең ақсүйектер бас қос­қан кеш­тің бірінде Карменді көзі шал­­ған су­ретші оның өте тар­тымды, әде­мі екендігін айтып, су­ретке түсіргісі ке­ле­тіндігін жа­сыр­­май­ды. Сол сәттен бас­тап сән әле­міне бет бұра бастаған Кар­мен­­нің еңбек жолы әлі де жал­ға­сын табуда.

 


 

Әлемдегі ең жас модельдің жасы екіде

Айре Браун – әлемдегі ең жас модель. Дүние есігін ашқанына небәрі екі жыл болғанымен, оның есімі қазірде бүкіл әлемге әйгілі.

АҚШ-та туылған қыздың бү­гінгі таңға дейін қатысқан сән көр­сетілімдерінің са­нын­да шек жоқ. Айренің ата-ана­сы кіш­кентай сән­қой­дың өзі модель болғысы ке­ле­тінін ай­тады, «сол үшін қарсылық біл­­­дірмедік» деген олар қыз­да­рының ка­мера алдында түр­лі қи­мылдар көрсетіп, по­диумда жүруді жақсы кө­ретінін жа­сыр­майды. Бүл­діршіннің қазірден-ақ шаш­­­тары жиі-жиі боялып, бетіне ма­кияж жа­са­лады. Со­ған қа­рамастан көптеген ком­­­паниямен ке­лі­сім­шартқа отырысқан ата-ана балалар киімін өн­ді­ру­ші­лер­мен де тығыз жұмыс жа­сап жатыр. Жазу жа­зып, сөй­лей бі­летін Айре камера ал­дында ере­сек­тер сияқты қозғалып, кәсіби түрде сән үлгілерін көрсетуді жақ­сы меңгерген.

 


 

Блиц дерек

• Қосымша кірпіктер алғаш рет 1916 жылы жасалыпты. Д.В.Гриффит есімді продюсер өз фильмінде ойнайтын әртістің көзін үлкейтіп көрсеткісі келіп, ол адамның шашынан кірпік жалғапты.

• Осыдан 200 жыл бұрын балалар киімі мүлдем болмаған, яғни балаларға арнайы киім тігілмейтін. Тарихи деректерге сүйенсек, бұрын оларға үлкендердің киімдерін кішірейтіп кигізген.

• Винтажды нәрселерге 1920 жылдан бастап 1960 жылға дейін жасалынған заттар жатады, одан кейінгі бұйымдар ретро болып саналатын көрінеді.

• Қазіргі тырнақ бояу дәстүрі 5000 жыл бұрын қытайдың сәнқой аруларында да болған екен.

• ХVIII ғасырдың екінші жартысында адамзатта екі түрлі ғана киім болған деседі.

• 1500 жылғы сән қойылымдарында сол кездегі дизайнерлер өз киім үлгілерін көрсету үшін ойыншық модельдер жасаған.

• Б.д.б. 1500 жылдары тақыр басты әйелдер сәнқой болып саналған екен.

 


 

Сән…силуэт…стиль

Сән (мода) – латын сөзі (modis – өлшем, тәсіл, іс-қимыл бейнесі деген ұғымды білдіреді). Сән – белгілі немесе басқа да бір талғамның уақытша үстем болуы. Киім – бірінші қажеттілік зат. Сән – әлеуметтік, экономикалық құбылыс. Адам қоғамының дамуына, жаңа тарихи қоғамдастықтар пайда болуына байланысты адам киімі де түбірімен өзгеріп отырады.

Қазіргі сәнді демократияшыл деуге де болады, себебі қазіргі таңдау идеясы мен еркіндіктің кө­п­тігімен, яғни әртүрлі стильдерімен, пішіндерімен, үлгілерімен, көлемдерімен, киім ұзынды­ғымен, алуан түсті гаммалығымен ерекшеленеді.

Қазіргі сәнде екі бағыт айрықша көзге түседі: ол – ретроспективалы (өткенге бағытталған) және перспективалы (болашаққа бағытталған).

Ал «Силуэт», «пішін», «үлгі», «пропорция», «стиль» деген түсініктер адамдармен тығыз бай­ла­нысты.

Силуэт (француздың siluett сөзі) – ұзындығы мен ені бойынша адам фигурасының пропорциясына жақындау келетін геометриялық фигуралардың (тік­бұрыш, трапеция, үшбұрыш, сопақ т.б.) бірін беретін киімнің кез келген бөлігінің сыртқы пішімі. Бір айта кетер жайт – сәнқойлардың силуэт түрлерін біл­гені абзал. Олар: тік силуэт, белдес силуэт, сопақ силуэт, Х-силуэт, трапеция силуэт және жартылай жантайған силуэт болып бөлінеді. Ал пропорция дегеніміз – көйлектің ұзындығы мен енінің, жакеттің ұзындығы мен белдемше ұзындығының, бұйымның тұтас көлеміне қарай әр бөлшек мөлшерінің арақатынасы.

Сәнде тағы бір маңызды ұғым бар, ол – стиль. Стиль – (styios деген грек сөзі) – мәнер, сипат, ерек­ше­лік деген мағына береді. Киімде бірнеше:  клас­си­калық, романтикалық, спорттық, фольклорлық (эт­ни­калық) стильдер болады.

Классикалық стиль – келісті, іскерлі, элегантты, өз­гермейтін стиль. Классикалық стильдің заттары: ағыл­шын жакеті, тік тар белдемше, ерлердікі секілді шал­барлар және т.б.

Романтикалық стиль – киімде әйелдік қасиеттерді бейнелейтін бөлшектерді, жиектерді пайдалану.

Спорт­тық стильге демалыс, спортпен жаттығу, сая­хат үшін ыңғайлы киімдер жатады.

Фольклорлық (этникалық) стиль – халықтық дәс­түрлер сипатындағы осы заманғы киімдер. Фоль­клор­лық сипаттағы киімдер сәнділігімен ерек­ше­ле­неді. Онда халықтық кестелер, құрастырылмалы ою-өрнек, қол жұмысының көптеген элементтері ке­ңі­нен пайдаланылады.

 


 

«Елімізде ұлттық сән үлгісі бар» деп айта аласыз ба?

 

Сәнгер не дейді?

Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ, «Ерке-нұр» сән үйінің директоры, сәнгер:

– Ұлттық мода, ұлттық киім, ол – ұлтымыздың болмысы. Менің сән әлемінде қызмет еткеніме 15 жылдай уақыт болды. Бұл кезеңде қаншама киім тігіп, пішіп, ұлттық киімнің түр-түрін насихаттап үлгердік. Ал тап қазіргі таңда ұлттық киім, ұлттық мода отандық fashion – индустрияда бар деп айта аламыз. Себебі қазіргі тұсаукесер, сүндет тойы, қыз ұзату мен келін түсіру рәсімдерінің барлығында бай қазақ отбасылары болсын, қарапайым отбасы болсын ұлттық нақышта тігілген киімдерді қолданады. Қыс мезгілінде жастарымыздың киіп жүрген тымақ, бөріктері мен екінің бірі киіп жүрген тақияға қарап риза боламыз. Әжелердің көйлектері мен камзолдары да қазақтың оюларымен тігіліп, жастардың ұлттық киімге деген қызығушылықтарын арттыруға өз көмегін тигізіп жүр. Жалпы, бүгінгі қоғамның ұлттық модаға қатысты ой-санасы жақсы жағына қарай өзгеріп, сұраныс артып келе жатыр деп ойлаймын.

 

Сәнқой не дейді?

Маржан АРАПБАЕВА, әнші:

– Қазіргі таңда ұлттық мода десе, бірден шоу-бизнес өкілдерін елестету жаман әдетке айналған. Бірақ бұл Қазақстанның сән әлемінде ұлттық моданың жоқтығын білдірмейді. Осыдан төрт-бес жыл бұрынғымен салыстырғанда қазір ұлттық киімге, әшекейге, сәндік бұйымға деген сұраныс көбейген. Тек әнші, әртістер ғана емес, қарапайым халықтың өзі қонаққа киіп баратын, той, мейрамдарда киетін киімдеріне ұлттық ою-өрнекті қосып тіктіруді сәнге айналдырған. Сондықтан ұлттық нақыштағы сәнді киім-кешектер бұрынғыдай таңғалдырарлық жаңалық болмай қалды деп есептеймін және бұл жақсы да. Өз басым дәл қазір ұлттық киімге тапсырыс беріп қойдым. Ұлттық мода қашан да бағалы, қашан да сәнді.

 

Бетті дайындаған Сандуғаш Әлімжанова e-mail: sandugash_alimzhanova@mail.ru

 

http://alashainasy.kz/society/44498/

Рубрика: