Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

АСТАНА. 8 қаңтар. BAQ.KZ — Елімізде салафилер өз танымын ғана тықпалап, еркін сұхбатқа емес, психологиялық қысымға негізделген рухани экспанциясын жүргізіп отыр. Бүгін Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің, ҚР Бас прокурорының атына сауал жолдаған депутат Бақытбек Смағұл осылай мәлімдеді.

Сауалда депутат жақында қызмет бабымен аймақтарға барып, халықтың мұң-мұқтажымен танысу барысында өңірлердің бірлігін бұзып отырған діни ағымдарға қанығып қайтқанын алға тартты. Б. Смағұлдың айтуынша, уақыт өткен сайын мәселенің ушығып бара жатқанын енді ашық айтқан орынды. Себебі мұндай үлкен проблеманы бүгін тоқтатпасақ, ертең еліміздің қауіпсіздігіне үлкен қатер.

«Қоғамда ғасырлар бойы қалыптасқан дінімізді исламға жат дүниетанымдағы ағым ретінде көрсету белең алып барады. Бүгін уахабтық ағымындағы миссионерлер қазақтың мұсылмандық түсінігіне, оның тарих бойы жинақталған болмысына айналған түсінік-танымын жоққа шығарып бағуда. Бұл дегеніміз зардабы кешегі коммунистік идеология жүргізген ұлтсыздандыру саясатынан да асып түсетін қасірет. Бұлар қазақты бүгін ғана мұсылмандықты қабылдаған ел секілді көрсетіп, өздерін таза ислам атынан, кей жерлерде Алланың атынан сөйлеп, халықты діни сенімі мен танымынан бездіруге жұмыс істеуде. Демек, бұлар халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен діни тәжірибесін жоққа шығаруды мақсат тұтқан. Бұл нағыз революциялық үдеріс. Ал ислам рухында революция емес, эволюция бар екенін салафилер сезінбейді де», — дейді Бақытбек Смағұл.

Депутаттың пайымынша, салафилер өз танымын ғана тықпалап, еркін сұхбатқа емес, психологиялық қысымға негізделген рухани экспанциясын жүргізіп отыр. Ал бұның еліміздің зайырлы ұстанымына қайшы әрекет екенін айтқан Б. Смағұл, зайырлылық түсінігіне анықтама беріп, оның нормативтік-құқықтық актілердегі функцияларын қайта қарастырмаса ағымдарды айтақтаған сырттағы ықпал ел тәуелсіздігіне қауіп әкелмек.
«Салафилер театр, өнер, туған күн тойлауға қарсы, оны күнә деп есептейді. Бұлар уахаби ағымындағылар үшін Аллаға серік қосу, дінге жаңалық қосу. Олар беташар секілді салт-дәстүрлерімізге тыйым салуда. Шариғатқа емес, Конституцияға бағынған адамды бір Құдайға сену формуласын бұзғаны үшін көп құдайға табынушы кәпірдің бір түрі ретінде қарайды. Осының өзі еліміздің ертеңін құртып, бүлік шығаруға негіз болатын идеологиялық кеңістік. АҚШ әскерін Ауғанстаннан әкеткен жағдайда еліміздің тұрақтылығына кері әсерін тигізуді көздейтін мақсат деп білген жөн. Ғасырлар бойы қалыптасқан өмір-салтымызға ревизия жасап, ұлттық қауіпсіздігімізге орасан зардаптарын тигізіп жатыр», — деген депутат Үкімет басшысы мен Бас прокуратура алдына бірқатар мәселені көлденең тартты.
«Мемлекет және дін арасындағы қатынас нақты емес, мемлекет тарапынан дін конституциялық шеңберде құбылыс ретінде қабылданбаған. Конституцияда әр адамның дін таңдауынан өзге нақты категория қалыптаспаған», — дейді депутат Б. Смағұл.

http://baq.kz/kk/news/41829

 

Рубрика: