fvybcnbzАқша мен мүлікті заңдастыру – әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар үрдіс. Осы үрдістің тарихына үңілсек, мысалға АҚШ 1982 мен 1997 жылдар аралығында 40 штатта 62-ге жуық салықтық рақымшылық акциясын өткізіпті. Ал, Батыс Еуропада «экономикалық рақымшылық» деген термин екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болды. Алғаш рет мұндай акция Швейцарияда жүзеге асырылып, үшінші Рейхтың банкідегі депозиттері мен ақшасы заңдастырылды. Соның нәтижесінде Швейцарияның банкі жүйесі нығая түсті.

Сонымен бірге, экономикалық рақымшылық 1987 жылы Аргентинада, 1982 мен 1986 жылдар аралығында Францияда, 1997 жылы Үндістанда өткізілді. Кейбір сарапшылар  бұл үшеуінің сәтсіз болғанын айтады. Алайда, әлемдік тәжірибедегі ең сәтті рақымшылық шараларының бірі 2001-2002 жылдары Италияда өткізілді. Оның табысты болған себебі, итальян билігі сыртқа кететін капиталдың ағынын анықтап, азаматтардың не себептен салық төлеуден жалтаратынына көз жеткізді. Бұл рақымшылық құпия жарна сертификаттарымен ерекшеленді. Осы құжатқа сәйкес, ел азаматтары рақымшылыққа дейінгі декларация  тапсырудан, салық қарыздарын төлеуден босатылды. Ең бастысы, рақымшылықпен бір мезгілде салық заңнамасын бұзғандарға қолданылатын шаралар қатайтылды. Мәселен, рақымшылыққа дейін ақша мен мүлікті жасырғандарға 250 еуродан 2000 еуроға дейін айыппұл салынса, рақымшылықтан кейін жасырылған ақшаның 5-тен 25 пайызға дейінгі бөлігі, сондай-ақ осы көлемдегі мүлік кәмпескеленді. Соның нәтижесінде алғашқы екі айда 61 млрд еуро елге «оралды».

Бұдан басқа рақымшылықты табысты өткізген елдің бірі – Ирландия. 1988 жылы 10 айға созылған заңдастыру шарасында негізінен табыс салығынан жиналған қарыздарды төлеуге көңіл бөлінді. Нәтижесінде, ел қазынасына 1,5 млрд еуро түсім түсті. Атап айтарлығы, Италия мен Ирландиядағы экономикалық рақымшылық шараларының өте табысты болуына бәрінен бұрын алдын-ала жүргізілген түсіндіру жұмыстары септігін тигізді. Ал, керісінше, түсіндіру жұмыстарын жүргізе алмаған Бельгия (2004 жыл), Аргентина (1987 жыл) сияқты мемлекеттер ақша мен мүлікті заңдастырудан айтарлықтай нәтижеге жете алмады.

Қазақстанның да рақымшылық дегеннен аз да болса тәжірибесі бар. Мәселен, 2001 жылы өткізілген рақымшылық нәтижесінде 480 млн-нан астам АҚШ доллары заңдастырылды. 2006-2007 жылдары болған кешірім шарасы ел бюджетіне 6,8 млрд доллар қаражат жинады. Заңдастырылған ақша мен мүліктен жиналған алым 483 млн АҚШ долларын құрады. Үшінші рақымшылықтан экономикамызға 10-12 млрд доллар «оралады» деп үміттеніп отырмыз. Бұл – заңдастырылған мүлікке болашақта салынатын салықтарды қоспағандағы сома. Ең бастысы, заңдастырылған ақша мен мүлік «көлеңкеден» шығарылған соң, бюджетке салықтар мен алымдар түрінде де табыс әкеледі.

Осы жерде заңдастыруға жататын және жатпайтын ақша мен мүлік туралы түсінік бере кетелік. Заңдастыруға болатыны немесе болмайтыны жөніндегі шешімді әкімдіктердің жанындағы арнайы комиссиялар қабылдайды. Олар ұсынылған ақша мен мүліктің «арам жолмен» келмегенін дәл анықтауы тиіс. Жария етуге жекелеген қылмыстырды жасау нәтижесінде алынған мүлік жатпайды. Мысалы, бұл жеке адамға қарсы, азаматтардың конституциялық және басқа да құқықтары мен бостандықтарына, конституциялық құрылым негіздері мен мемлекет қауіпсіздігіне қарсы жасалған қылмыстар. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлық жолымен және мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы қылмыс жасап, пайда тапқандар да онысын заңдастыра алмайды. Жасанды ақша мен бағалы қағаздар дайындап, онысын бағалы қағаздар нарығында таратуға ұмтылғандардың да қадамы заңсыз. Сондай-ақ, сотта таласқа түскен мүлік те заңдастырылмайды. Оның есесіне, рақымшылық «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заңда қарастырылғандай, декларация мен мәліметтерді бермеген немесе толық бермеген шенеуніктерді тәртіптік жауапкершіліктен босатады. Бұл акция жұртпен бірге оралмандарға да ақшасы мен мүлкін заңдастырып алуға мүмкіндік береді. Кейбір кездері «Сабақты ине сәтімен» деп жатамыз. Сондай сәтте қапы қалмаған жөн шығар…

 

Әмірлан Әлімжан.   

Рубрика: