Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

АСТАНА. 30 сәуір. Baq.kz – Әлемге тарыдай шашыраған қазақ бауырларымыз бүгінде жаһанның жиырмадан астам елінде өмір сүріп жатыр. Солардың көпшілігі көрші Ресейде шоғырланған. Кезінде солтүстік аймақтардағы қазақ жерлерінің біразы Ресей қарамағына өтіп кеткен заманда қандастарымыздың сол елдің азаматы атанып кеткені белгілі.

Бүгінде сол орыс жеріндегі қазақтардың біразы тарихи отанымызда не болып жатқанын тек ғаламтордан ғана оқып-біле алатын болдық дейді. Яғни, қазақстандық телеарналар Ресейдің кейбір қазақтары үшін қолжетімсіз көрінеді. Бұлай деуімізге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің блогына келіп түскен өтініш-хат себеп болып отыр.
Қазақтардың атынан хат жазған Ерік Есенбаев есімді азамат қай қаладан екендігін айтпаған. Тек, сол аймақтың қазақтары ТМД елдерінің телеарналарын көретіндігін, алайда туған елдің арналары қолжетімсіз болып отырғандығын айтыпты.
«Біз Intelsat 904 спутниктік желісі арқылы телеарналарды көреміз. Онда қырғыз, орыс, украин арналары желіге қосылған. Ал, қазақстандық арналарды көрсетуге тек ОТAU TV ғана құқылы. Сол себептен біз қазақстандық телеарналарды тамашалай алмай келеміз. Тарихи отанымызда не болып жатқандығын, өңірлердің жаңалығын білгіміз-ақ келеді. Бірақ бізде ОТAU TV карталары сатылмайды. Өкінішке қарай, ОТAU TV қазақстандық арналарды тек өзінің абоненттеріне ғана көрсетеді де, өзгелерге көру мүмкіндігін шектеп тастайды» дейді Ерік Есенбаев.
Телевизия саласы енді ғана қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанда бұл мәселенің шешілетіндігіне сенімдіміз. Өйткені, шетелде жүрген әрбір қазақ туған жерден байланысын үзіп алмауы тиіс.

 

http://www.baq.kz/kk/news/27450

Рубрика: