Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ресейдің жауабы қандай болмақ? «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі». Ресейге санкция көп, бірақ елеусіз. Әлемдік нарықтағы шикізат пен энергетика көзін қиып тастау – өзге елдердің өз тамырына балта шабуымен бірдей. Елеусіз болса да салқыны бар санкциялар саны артуда.

 

Ресейдің жауабы қандай?

 

Әзірге Еурокомиссия бәлендей қатал шешім шығарған жоқ. Еуроаймақ елдері энергетикадан тәуелсіз болғанда ғана, Ресейге қатаң шектеу қоя алады дейді сарапшылар. Әзірге тек құр құқай. Банк секторы да осы күйде. Ресейдің ірі компаниялары мен байларының қазынасы өз қолында болғанын қалайды. Бірқатар тұлғалар мен мемлекет меншігіндегі банктерге санкция қойылды. Оның өзі әлі де талқыланатын дүние. Себебі 100 пайыз жеке адамның иелігіндегі банк жоқ.

Осы орайда британдық Guardian газеті Ресей мен Батыс елдері арасындағы қырғиқабақ қарым-қатынастың кесірінен зардап шегетін компаниялар тізімін жасапты. Бұл әлемдік нарықта монополиске айналған ірі корпорациялар. Олардың басым көпшілігі – батыстікі. Ресейге салынатын санкцияның салқыны алдымен осыларды шарпуы мүмкін.

Мәселен, аты әлемге әйгілі Бритиш Петролеум (БП) компаниясының аты тізімде бар. Бритиш Петролеум концерні «Роснефть» компаниясының 20 пайыздық акциясына ие, ал «Роснефтінің» басшысы Игорь Сечиннің есімі АҚШ-тың тұлғаларға жарияланған санкциясына енгізілген. Сонымен қатар энергетиканы игеретін технологияға қатаң санкция салынса, Арктикада мұнай өндіру қиынға түспек. Бұл батыс елдерінің мүддесіндегі  дүние. Осыдан кейін Ресей тарапы қарап қала ма деген мәселе  туындайды. Айта кетелік, «Роснефтьпен» байланыс орнатқан ExxonMobil корпорациясының активтерін Ресей тоқтата алады. Сондай-ақ «Газпроммен» бірлесіп Қиыр шығыстағы бірнеше жобаны қолға алған  Shell  концернінің де болашағы қыл үстінде.

Guardian газетінің болжамынша, Ресейге күні қараған мұнай компаниялары ғана емес. Боинг ұшағын құрастыруға қажетті түсті металл Ресейден импортталады. Атап айтсақ, ұшаққа қажет титанның үштен бірі Ресейден тасымалданады.

Азық-түлік саласы да шығынға батуы мүмкін екен. Англия мен Голландияның бірлескен Unilever концерні Ресейде тұрмыстық тауарларды өндіреді. Бүгінде концерннің жағдайы нашарлап кетсе керек. Әлемдік нарықта  Dove сабыны, Knorr қоспалары мен Липтон шәй өндірушінің негізгі пайдасы дамушы елдерден түседі, атап айтсақ негізгі табыс Ресей нарығында. Ендеше Ресей тарапы бұл компания сатылымын да тоқтатуы мүмкін дейді сарапшылар. Бұл ретте шағын және орта кәсіпкерлік те бар. Ресейде 6 мыңға жуық неміс компаниялары өз бизнесін жүргізіп отыр.

Бүгінде әлемді бір төңкеріп, дүниені өз қалауынша жылжытқысы келген Путин мырзаның келесі қадамы белгісіз. Белгілісі – батыс басшыларына қоңырау шалып, жағдайды түсіндірумен әлек. «Жарылысты Путин жасатты» деп нық сеніммен айтуда батыс басшылары. Сонда Путиннің көздегені не?

http://www.turkystan.kz/kz/articles/view/54223#comments

Рубрика: