Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

bnews.kzУкраинадағы жағдай Ресей қор биржасындағы бағаларды тағы да құлатты. Ресейлік акцияларды сатып кетіп жатқан инвесторлардың бұл осымен үшінші легі. Жалпы, инвестор қашса, ар жағынан Қызыл Кремль саясатын жазалаушы Батыстың кезекті санкциясының құлағы қылтиып шыға келетіндігі белгілі. Бұл жолы да сол көрініс қайталанғалы тұр. Мамандар кезекті санкция Ресей экономикасын қатты шайқалтады деп долбарлайды. Өйткені жуырдағы Иран саммитінде АҚШ жанынан «энергетикалық қаруды» алып шықпақшы екен…

Кеше Донецк облысы жеке республика боп Ресей Федерациясы құрамына кіргісі келетіндігін жариялады. Ол үшін аталған аймақ 11 мамырда жалпыхалықтық референдум өткізілмекші. Осы жаңалық қылаң берісімен онсыз да бір орнында қалт-құлт етіп әрең тұрған ресейлік акциялар нарығы төменге құлдырай жөнелді. Түскі уақытта РТС индексі 1200 пунктке төмендеп, 3 пайызын, ММВБ индексі 1352 пунктке құлап, 2,23 пайызын жоғалтса, ал кешкі құлдырау РТС бойынша 4,48 пайызға, ал ММВБ бойынша 3,35 пайызға сай келген. Соңғы кездері ақырындап күш алып келе жатқан рубль де әлсіреп, біршама құнсызданған. Рубль долларға қатысты 44 тиынға, евро 71 тиынға арзандаған. Жағымсыз бұл факті бүгін де ақырындап өз жалғасын табуда. Ресейдегі «Альфа капитал» басқарушы компанияның сарапшысы Андрей Шенк: «Украинадағы жағдайдың шиеленісе түсуі рубльде сақталған активтердің жаппай сатылуына әкеп соқты. Қор нарығына қатысушылар Украинаның шығыс территориясында Қырым сценариінің қайталануынан қауіптенеді. Сондықтан олар бұл жолғы экономикалық санкцияның соққысы қатты болады деп болжап, ақырындап кетіп жатыр» деген РБК басылымына берген сұхбатында.

Алдында Қырымдағы жағдайға байланысты «Газпром», Сбербанк, және ВТБ бағалы қағаздары қатты зардап шеккен. Осы жолғы шетелдік саясаткерлер мәлімдеп отырғандай, Украинаның шығысында Мәскеумен ұйымдастырылған бүлік салдары да бұларға тағы таяқ боп тиіп жатыр: «Интер РАО» (-5,99%), «Газпром» (-4,2%), Ресей Сбербанк  (-4,07%), «РусГидро» (- 3,93%), ВТБ банкі (-3,57%). Саяси ахуалдың қиындауынан тұтынушысының 95 пайызы шетелдік боп табылатын Инвестбанк те қатты зардап шегіпті.

Сол секілді ресейлік олигарх Геннадий Тимченконың активтерін басқарушы Volga Group компаниясы кеше скандинавиялық Airfix Aviation Oy әуе тасымалдаушы компаниясын сатып жіберді. Ол алдында санкция жарияланғанға дейін әлемдегі ірі мұнай тасымалдаушы Gunvor компаниясындағы үлесін де сатқан болатын. Бір сөзбен айтқанда, бүгіндері ресейлік бизнестің жолын саясат кесіп, барлығы шетінен банкроттықтан қашып ресейлік бағалы қағаздарды жаппай сатып жатыр. Ресейлік экономистердің өзі Мәскеу-Киев қарым-қатынасындағы қиындық экономикалық апатқа алып келе жатқандығын мойнайды. «Күн өткен сайын біз саяси және экономикалық аласапыранға тартылып барамыз. Мұндай жағдайда қандай да бір жоғары рейтинг бізге көмектесе алмайды. Стратегиялық терминдер сөздігінде қазір бізге қатысты боп жатқан жағдайлардың түсініктемесі жоқ. Сондықтан біз қиын күндерге даяр болуымыз керек» деген ресейлік экономист Кирилл Логов мәскеулік бір басылымға берген сұхбатында. Сондай-ақ ол қор нарығындағы жағдайға байланысты білдірген осы пікірінде жуырдағы Иран саммитінде АҚШ Ресейге қарсы кезекті санкциясын жариялауы ықтимал, бұл жолғысы энергетикалық саланы қамтуы тиіс деген болжам айтады. Демек, осыған дейін Ресейді қаржы секторы арқылы «буындыруға» тырысқан АҚШ енді ел экономикасы тікелей тәуелді шикізат нарығын шектеуге қол салуы мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстанның шикізат экспортының Ресей арқылы өтетін жолы жабылады. Бұл шамамен Қазақстан шикізат тасымалының 40 пайызы деген сөз. Сондықтан екі алыптар қақтығысында бізге де оңай болмайды.

Негізінен, ресейлік маман сөзінің жаны бар. Өйткені осы дүйсенбіде отандық құзырлы орган басшысы Парламент қабырғасында ресейлік экспорт бағыты жабылған жағдайға дайын болуымыз керектігін мәлімдеген. Осы жағынан алғанда, энергетикалық қыспақ бір бүйірімізге тақап тұрғаны шындық секілді.

Парламенттің төменгі палатасындағы үкімет сағатында осы дүйсенбіде сөз алған Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин: «Егер Ресей мұнайы шектелсе, олар оны бізге тықпалай бастайды. Ондайда ішкі нарығымызды толтырып, жақсы боп қалар едік. Алайда нарықтағы сұраныстан ұсыныстың артуы бағаны төмендетеді. Ол біздің мұнай өңдеуші зауыттардың жұмысын қиындатады. Қалай дегенмен де біз орын алуы ықтимал бұл жағдайды айналып өтудің жолын қарастырып жатырмыз» деп мәлімдеген. Сондай-ақ министр мырза Иранға қатысты санкцияның жойылғаны бізге жақсы болар еді деген ойын да жасырмапты. «Ондайда Ақтау порты арқылы экспортты арттыруға қол жеткіземіз. Сондай-ақ маңызды бағыт — Қытай. Қазір Қытаймен арада сыйымдылығы 20 миллион тоннаны құрайтын Атасу-Алашаңқай мұнайқұбыры бар. Екі жылдың ішінде осы құбырдың толық қуатымен жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз тиіс. Сол секілді Өзбекстан мен Тәжікстан да мұнайды қажет етеді. Сондықтан осы бағыт бойынша да жоспар құруымыз керек. Қазір барлық мүмкін деген жоспарлар қарастырылып жатыр, негізінен, Әзірбайжан мен Грузия арқылы сыртқы нарыққа шығу ойластырылуда» деген Мұнай және газ министрі. Бастысы шенеунік ресейлік тасымал бағыты жабылса, отандық мұнай экспорты көлемінің азаятынын жоққа шығармаған.

Жалпы, осы айтылғандардан түйетін ой, Ресей өз мұнайын бізге тықпаласа, онда елімізде жанар-жағармай арзандауы мүмкін. Ал біз Ресей бағыты бойынша шектелуі мүмкін экспорттарды Әзірбайжан мен Грузия арқылы, сол секілді Иранға қарсы санкция күшін жойса, Ақтау порты арқылы сыртқы нарықтарға бағыттауға тырысады екенбіз. Сол секілді Қытайға сататын мұнай көлемін арттырамыз. Демек, мемлекеттің Ресей жақ бойынша шектеуге ұшырауы мүмкін экспортты басқа бағыттар арқылы халықаралық нарыққа шығарудың өзіндік бағдарламасы бар деп айтуға болады.

Алғатбек Қыдырбекұлы, халықаралық экономика сарапшысы:

– Қазақстанда мұнай игеретін компаниялардың басым бөлігі – шетелдік. Сондықтан олар Ресей бағыты шектелсе, оны басқа жолмен шығарудың жолын міндетті түрде табады. Мәселен, Иранға санкция салынғанда ағылшын мұнай игеруші компаниясы ВР мұнда өз жұмысын қалтқысыз атқаруға мүмкіндік алған. Сол секілді бұл арада да осындай мүмкіндіктер қарастырылуы ықтимал. Ресейдің стратегиялық компанияларының басым бөлігі мемлекет еншісінде. Салдарынан олар бұл санкциядан қатты зардап шегеді. Ал бізде жекеменшік пен мемлекеттің нарықтағы үлесі таразыланған. Сондықтан Ресейдегідей қиындық туындай қоймауы керек. Қазақстанның мұнайды тасымалдайтын Ресейден де басқа жолдары бар. Экспорт аздап шектелуі мүмкін, демек оның ел бюджетіне де зияны көп болмайды деп есептеймін.

Еске сала кетелік, осыған дейін БАҚ беттерінде АҚШ-тың Ресейге қарсы қолдануы ықтимал энергетикалық қыспақ екі түрлі тоқпақ ретінде жұмсалуы болжанған: біріншісі, Батыс Ресей шикізатынан бас тартады, екіншісі, халықаралық нарықта мұнай бағасы құлайды. Мамандардың пікірінше, екі жағдай да Ресей экономикасын оңдырмайды, салдарынан жыл соңына дейін орын алуы ықтимал дағдарыс ұзаққа созылуы мүмкін.

 

Керек дерек

ҚР Мұнай және газ министрлігінің дерегі бойынша, бүгінде Қазақстан өз мұнайын әлемнің 30 мемлекетіне тасымалдайды. 2013 жылдың мәліметіне сәйкес, қазақстандық мұнай экспортының басым бөлігі — 27 пайызы Италияға тиесілі. Одан кейін Қытай — 17 пайыз, Нидерланды — 13 пайыз, Франция — 9 пайыз және Австрия – 7 пайыз.

Өткен жылы Каспий құбыр консорциумы бойынша тасымалданған мұнайдың көлемі – 28,7 миллион тонна. Бұл жалпы экспорттың 40 пайызын құрап отыр. Атырау — Самара бағыты бойынша – 15,4 млн. тонна (21 пайыз), Атасу — Алашаңқай бағытында 11,8 млн. тонна (17 пайыз) мұнай тасымалданды.

Автор: Кәмшат Сатиева

http://alashainasy.kz/

 

Рубрика: