Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

©Алаш айнасы иллюстрациясыКешелі бері Ресейдің мемлекеттік думасында бай-манаптарға салынатын салықты еселеу жайы қайта-қайта көтерілуде. Экономикалық ахуалы ауырлап, Батыстың «санкциялар соғысынан» әбден сансыраған Ресей алдағы уақытта еліндегі ауқатты адамдарына салынатын салықты көтеру арқылы бюджетінің жыртығын жамамақ.

Бұған қатысты Ресей мемлекеттік думасының депутаттары елдің салық кодексіне нақты-нақты өзгерістер енгізуді жеделдету қажеттігін, бұдан былай Ресейде жылына 500 млн рубль табыс табатын бай-манаптар сол табысының 28 пайызын салық ретінде бюджетке төлеу керектігін баса айтуда. Дума депутаттарының пайымдауынша, жыл сайын 500 млн рубль табыс табатындардан 28 пайыз, 50 млн рубль табыс табатындардан 18 пайыз, 5 млн рубль табыс табатындардан 13 пайыз салық ұстау нақ қазір асқан қажеттілік.

Сөйтіп, Ресей дағдарыс кезінде ел бюджетіндегі шығынның орнын осылай толықтыруды жөн санап отыр. Бұл ретте Ресейдің қаржы министрі Антон Силуанов елдің БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Биылғы жылы бізге бюджеттік шығындарды 600 млрд рубльге дейін қысқартуға тура келді. Бұл тек биылғы жылғы шығын. Ал болашақта бұдан да көп үнемдеуге тура келеді. Сондықтан өз басым ауқаттыларға салынатын салық түрін еселеу керектігін сеземін. Дағдарыс кезінде бұл да болсын бізге көмек» деді.

Жалпы, бұған дейін Ресей бюджетіне түсетін түсімдерді еселеу үшін қосымша құн салығына, акциздік төлемдерге, кедендік тарифтердің біразына өсім енгізуді де жоспарлаған болатын. Сондай-ақ Ресейде қазір жылжымайтын мүлік салығы, заңды тұлғаларға арналған табыс салығының көлемі де өсім беріп отыр. Қазір жылжымайтын мүлік салығынан қорыққан ауқаттылардың дені зәулім сарайларын орташа санаттағы пәтерлерге ауыстырып та әлек болуда. Негізінен, мамандар «экономикалық ахуалы ауырлаған Ресей болашақта тек бай-манаптарына арналған салық түрін ғана емес бірқатар салық түрлерін өсіруді ойластырып отыр» дейді.

Төмендегі сызбаға назар аударсаңыздар, Ресей 2012 жылдан бері мұнай өндіру мен мұнай өнімдеріне салынатын салық түрін, кедендік алымдарды, Кедендік БАЖ салығын, акциздік өнімдерден алынатын салық түрлерін және тағы басқа салықтарды біртіндеп өсіріп келеді. Мұны біз арнайы сызбамен беруді жөн көрдік:

Міне, осы сызбада көрсетілген деректерге қатысты мамандар «Ресей болашақта салық жүйесіне тереңдетіп өзгерістер енгізер болса, бұл Еуразиялық экономикалық одаққа біріккен ел ретінде бізге әсер етпей қоймайды. Сондықтан бұл арада «Ресей ауқаттыларына салық салса сала берсін, мұның бізге еш әсері жоқ» деп отыруға тағы болмайды» дейді.

Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:

— Байқасаңыздар, Ресей 2012 жылдан бері салық түрлерін жоғарлатудан бір танбай келеді. 2012 жылдан бері Ресейден инвестиция қашып жатыр. Елде неше жылдан бері инвесторлар тұрақтар емес. Қазір Ресейге ірі-ірі инвесторлар әкеліп қаржысын сала қоймайды. Себебі санкцияға түскен, экономикасы малтыққан Ресей экономикасына барудан гөрі инвесторларға Қазақстанға келу тиімді. Өйткені инвесторларға Қазақстанда жайлы орта қалыптасқан. Бізде қатарынан неше жыл инвесторлар салықтан босатылады. Ал енді біз де Ресей тәрізді салықты көтеріп, ауқаттыларға салықты өсіретін болсақ, олар дереу өз капиталдарын Қазақстаннан ала қашады. Сондықтан біз экономикалық әлеуетімізді нықтап алмай, салықты бірден жоғарлата алмаймыз. Бұл елден капиталдың қашуына жол беретін нәрсе. Дағдарыс кезінде салықты өсіру, сол арқылы бюджетті толықтыру өте тиімсіз тәсіл. Жалпы, Ресейдің салық жүйесіне өзгеріс енгізуі Одақ аясына біріккеннен кейін бізге әсер етпей қоймайды. Бір ғана ауқаттыларына салықты өсіретін болса, Ресейдің өнім шығару және сатумен айналысатын ауқатты кәсіпкерлері өзінен-өзі тауарының бағаларын қоса өсіреді. Ал мұның артында қаншама проблема жатыр?!

Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:

Егер Ресей салықты жоғарлатып, одан өндірісшілері біздің елге тасымалданатын өнім бағасын өсіретін болса, кедендік салық, қосымша құн салығы өсетін болса бұл — Қазақстанда инфляцияны одан әрі қоздыратын дүние. Қазақстан мен Ресей арасындағы алыс-беріс жағын ескерсек, бұл кәсіп иелерінің қалталарына айтарлықтай салмақ салады. Жалпы, бизнесте жүрген ауқаттыларға салықты өсіру іскерлік белсенділікке және өндірушінің шығындарына тікелей әсер етеді. Өндірістің төмендеуін туғызады. Сондықтан өз басым біз Ресейде қалыптасып отырған жағдайды ескеріп, шикізаттық емес саланы яғни өнім өндіруші секторды өз ішімізде, ішкі нарығымызда салықтан босатуға тиіспіз. Сыртқа тауар иморттайтын және өз ішімізде ол тауарын қоса сатылымға шығаратын отандық өндіріс орындары ең болмаса ішкі нарығымызда салықтан босатылса жөн болар еді. Оларға өз нарығымызда сатылым салығын салығын енгізу керек деп ойлаймын. Бізде қосымша құн салығы 12 пайыз болса, сатылым салығы 3-5 пайызды құрайды. Отандық өндірушілерді өзге салықтан босатып осы 3-5 пайыздық сатылым салығын енгізер болсақ, бұл оларға үлкен көмек болар еді. Бұдан өнім бағасы да арзандап, қарапайым халық та жеңілдікті сезінер еді. Мұндай шарадан соң жергілікті кәсіпкерлерге «тауар бағасын өсіруге болмайды» деген Үкіметтің сөзі де өтімді болар еді. Міне, бізге салық жүйесіне қатысты осындай өзгерістерді енгізуге болады. Ал енді ауқаттыларға бірден салық түрін өсіру қисынсыз. Олар бәрібір бұл салықтан айналып қашады. Табыстарын жасырады. Сондықтан біз үшін қазір салықты өсіруден гөрі жасырын табыс көзін анықтау, жасырын кәсіпорындардың жұмысын әшкерелеу, заңды тұлғалардың бақылаусыз, заңсыз кәсіп жүргізуіне бақылау орнату, мемлекет қаржысын оңды-солды талан-таражға түсіруіне тосқауыл қою маңызды. Айналып келгенде мұндай заңсыздықтардың барлығы ұлттық экономиканың дамуына тізгін салып, тек құлдырауға апаратын жол. Сондықтан елдегі «бармақ басты көз қысты» әрекеттерді тыйып алмай даму мен өркендеу туралы сөз ету де өте қиын…

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/reseydn-salyik-juyesne-ozgers-engzu-kazakstanga-aser-ete-me-63155/

материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: