Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

«Ресейді ақылға салып түсіну мүмкін емес». Кейде бұл әзіл сөз рас айтылған ба деп қаласың. Жуырда Ресейдегі бір­қатар саясаткерлер, оппозиция өкілдері, қоғамдық ұйым белсенділері бір мәселе көтерді. Олар «Орталық Азия елдерімен визалық қатынас орнатайық» дейді. Осы арқылы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен ағылатын заңсыз мигранттарға шектеу қоймақшы екен. Бұл бастама ресми биліктен қолдау тауып жатса, екі ортада Қазақстан ыңғайсыз жағдайға қалып қояйын деп тұр. Біз бұрынғыдай «бұл – Ресейдің ішкі шаруасы, қатысымыз жоқ» деп сырттан бақылап тұра алмаймыз. Өйткені шекарамыз ортақ. Яғни Мәскеудің бұл шешімін көп ұзамай біз де енгізуге мәжбүр боламыз. Бұл біз үшін қажет пе? Пайдасы мен зияны қаншалық?

Бастаманы көтерушілер оған үш себеп бар екенін келтіреді. Біріншіден, Ресей Еуро­одақ елдерімен визасыз қатынас ор­натуды көздейді. Тіпті ресми ұсыныс та жа­сал­ған. Алайда ЕО өкілдері бұл жағдайда Еуропаға қарай заңсыз мигранттар ағыла бастайтынын айтып бас тартқан еді. Ре­сейлік қазір Орталық Азия елдерімен ви­залы қатынас орнатсақ, Еуропаның есігі ашылады деген тұжырымға келсе керек. Екіншіден, олардың айтуынша, Мәскеуде орын алатын қылмыстардың көбі заңсыз мигранттардың қолымен жасалады екен. Статист мамандар «қылмыстың көбін миг­ранттар жасайды» дегенді жоққа шығар­ды. Бірақ бұл мәселеге тоқталып жатпа­йық. Үшінші айтылған уәж – мигранттарға шек­теу қою арқылы жұмыссыз азаматтарға мүм­кіндік жасалады.

Ресей Орталық Азия елдеріне визалы қатынас орнатқан жағдайда Еуроодақ ел­дерінің есігі визасыз режимде ашылады дегенге сену қиындау. Себебі Ресейге ви­за­сыз қатынас енгізуден бас тартып отыр­ған ЕО Орталық Азиядан баратын миг­рант­тардан емес, Ресей азаматтарының да Еуропаға қарай жұмыс іздеп ағылуынан қорқып отыр. Егер, расымен, солай бола қал­са, қазақстандықтардың да Еуропаға сапар шегуі жеңілдер еді. Алайда мұндай есекдәме үшін ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатқан көршілес елдерден қол үзіп қалу қаншалық логикаға сыяды?

Егер Ресей қырғыз, тәжік, өзбектердің Ре­сейге кіруіне шектеу қоятын болса, көп ұзамай мұны бізге де қайталауға тура келері сөзсіз. Өйткені Қазақстан мен Ре­сей­дің шекарасы қазір ашық жатыр. Ке­ден­шілердің денін үйіне қайтарып жібер­дік. Яғни Өзбекстанның азаматы Ресейге өтіп кетпеуі үшін кеденшілердің бәрі қай­тадан шекараға жиналмайды. Одан гөрі, Қазақстанның да сол талапты қабылдап ал­ғаны жеңілдеу болып көрінеді.

Біз үшін Ресеймен арадағы интеграция қаншалық маңызды болса, Өзбекстан, Қыр­ғызстан секілді көршілер арадағы алыс-беріс те соншалық маңызды. Қазақ­стан Орталық Азиядағы жақын көршілерін ренжітетін болса, бұл біздің аймақтағы онсыз да ушығып тұрған су-энергетикалық мәселелерді күрделендіре түсер еді. Бұл еліміздегі азық-түлік, жеміс-жидек тауар­ларының сапасына да әсер етпей қой­майды. Қазақстан Кедендік одаққа енгелі бері Өзбекстаннан әкелінетін жеміс-жи­дектер Қытайдың жемістерімен ауыса бас­тады. Әрине, бұл екеуінің сапасы екі бө­лек. Қазір Алматының базарларында Қы­тай­мен қоса, Францияның алмалары пай­да бола бастапты. Франция – әтірсу мен киім-кешек мәселесінде бренд болғаны­мен, жемістің жөні бөлек. Өзбекстан мен Қырғызстанның жеміс-жидектері салыс­тыр­малы түрде алғанда Қытай мен Фран­цияның жемістерінен гөрі таза. Ал визалық қатынас осы елдермен арадағы сауда-сат­тыққа зиянын тигізері сөзсіз.

Оның үстіне, виза тарату ісі консул­дық­тардың жұмысын күрделендіріп, қосымша жұмыс күшін талап етеді. Ал консулдықтар мен шекарадағы ұзын-сонар өшірет метр­мен емес, шақы­рым­мен есептеліп кетер ме еді. 

Айналып келгенде, бұл жағдай ай­мақ­тық қарым-қатынасты ауырла­тары сөзсіз. Әрине, мигранттардың ағы­луы Ресей тұр­мақ, қазақстандық еңбек нарығына да әс­ер етіп жатыр. Заңсыз мигранттарды азай­ту Қазақ­стан­дағы жұмыссыздықты азайту­ға септігін тигізері сөзсіз. Дегенмен бұл шек­теулер визалы қатынас орна­та­тындай күр­делі деңгейде болмауы керек.

Автор: Сәдуақас КЕБЕКБАЙ

http://alashainasy.kz

 

Рубрика: