Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

6e3a5cae875335c6d0bae0f71adaa889Абай ОМАРОВ (коллаж)

Ресейдің саяси бет-бейнесіне реніш білдіретін елдердің қатары аз емес. Алдынан келгенді тістеп, артынан келгенді теуіп, маңына торсық байлатпайтын кеңестік мінездің сарқыншақтары әлі де айқын байқалады. Мұны постимпериялық синдромға жатқызармыз. Алайда Қазақстан мен Белоруссия сол Ресеймен экономикалық одаққа бірігіп отыр, яғни сауда-саттықтағы, алыс-берістегі түйісулер көп. Кедендік Одақтың алғаш құрылымдану кезеңінде «экономикалық мүддені ғана басшылыққа алатын жоба болады» — деп келіскен едік. Алайда бүгінгі Ресейдің Кедендік одақтың атынан жеке саясатын ғана күйттеп жүргенін жиі байқайтын болдық. Ресейдің соңғы кездегі бірқатар іс-қимылдарына қарасақ, көршіміз КО-ның әрбір шешімі үш мемлекеттің ортақ келісімі арқылы жасалатынын ұмытып бара жатқандай пікір қалдырады.

 

«Кәмпит» соғысына қосылмаймыз 

Өткен аптада Ресейдің Орталық банкі «Қазақ­стан мен Белоруссия банкілермен күмәнді операциялар жасаудан аулақ болу керектігі» жөнінде кеңес берді. Жуырда ресейліктер бір­қатар қазақстандық шырын өндіруші кәсіп­орын­дардың өнімдерін сапасыз деп тауып, оның Ресейге тасымалдануына тыйым салу қажеттігін ескертті. Оған дейін Россельхознадзор Кедендік одақ сарапшыларының Түркияның сүт және ба­лық өнімдерін өндіретін кәсіпорындарына тек­серу жүргізетінін мәлімдеген болатын. Бұл сарап­тамалық комиссияның құрамында қазақ­стандық мамандардың болмайтыны түсінікті. Алайда медициналық қорытынды Кедендік одақтың атынан шығарылады. Қазақстанның мүд­десі үшін Түркиямен арадағы экономикалық байланысты үзу емес, керісінше, нығайта түсу маңызды. Оның үстіне саясатпен былғанған Ресей­лік санитар­лардың сарап­тамасының дең­гейіне жиі көз жеткізіп жүрміз.

Жуырда ғана Қазақстанның Денсаулық сақ­тау министрлігіне Роспотребнадзор мекемесінен хат келіп түскен болатын. Онда «украиналық Roshen кәмпиттерін елге кіргізуден бас тартуға тыйым салыңыздар» деген ұсыныс айтылады. Уәждеріне сенсек, бұл кәмпиттің құрамында адам ағзасына зиянды қоспа, бензопирен бар екен. Алайда Roshen кәмпиттерінің Еуропалық нарықта бә­секеге түсіп, құрлық асып, АҚШ-қа тасымал­данып жүрген кәмпит екені белгілі.

Онищенконың санитарлығынан саясаткерлігі басым

Бірнеше жылдай бұрын Ресейде «Боржоми» сусынының сатылуына тыйым салынған болатын. Оның да құрамынан зиянды элементтер табыл­ған екен. Әрине, бұл қадам грузиялық «Бор­жоми» су­сынын денсаулыққа ерекше пайдалы деп тұты­натын өзге әлем елдері үшін күлкілі болып көрін­ді.

Бұл күнде Ресейдің бас санитары Ген­надий Онищенконы азық-түлік сапасы мен адам денсаулығынан гөрі ел мен елдің арасындағы экономикалық саясат көп қызықтыратын болған сияқты. Әлем­дік нарықта «Алыс-берісті шектеу арқылы отандық бизнесті дамытамыз» деген түсі­нік радикалды тәсілдердің қатарына жат­қызылады.

Келтіре берсек, Ресейдің бұл мәселеде­гі мысалдары аз емес. Ресей мен Украина арасындағы сүт және ірімшік дауының жал­ғасып келе жатқанына біраз болды. Тағы да сол Онищенко Украинаны ірімшік өнімдерінде антибиотик және пальма майы бар деп тауыпты. Әрине, еліміздің Ден­саулық сақтау министрлігі ресейлік әріп­тестерінің Roshen кәмпитінің зиянды құрамы туралы пікірімен келіскен жоқ. Мүм­кін, бұған Айдос Сарым, Мұхтар Тай­жан, Расул Жұмалы сынды қазақ белсен­ділерінің Ресей елшілігіне барып, кішігірім шеру ұйымдастыруы себеп болған шығар. Расында, солай болып шықса Ресейдің әр­бір саяси пиғылы үшін тұрақты шеру өткі­зіп тұруға мәжбүр боламыз.

Қазақстандық өнімге де тыйым сала ма?

Қысқасы, Ресейдің саяси ойындары шек­тен шығып бара жатқан жағдайлары көп. Мәселен, Қазақстанда жасалған Ssang­Yong автокөліктерінің ресейлік на­рыққа кіргізілмейтіні жайлы ақпарат рас­талды. «ДЦ СанЙонг» компаниясы Ре­сей аумағындағы SsangYong көліктерін са­ту­ға рұқсат берілген жалғыз компания екен. Яғни бұл маркалы қазақстандық кө­лік­тер Ресейге ене алмайды. Кедендік одақ ортақ емес пе еді? Ресейдің «Лада» ав­то­көліктері сатылым жағынан Қазақ­стан­ның көлік саудасындағы алғашқы орындарға жете бастады. Ал Қазақстанда өндірілетін санаулы маркіге осылай тыйым салып тастайтын болса, біздің одақтағы мүд­деміз қайда қалады? Көп ұзамай өзі­міз­ге қазақстандық өнімдерді тұтынуға тыйым салып тастау ғана қалды.

Ресейдің жеке саясатының көлеңкесі Кедендік одақ аясында Қазақстанға тиіп кету мүмкіндігі тек тауар айналымы, азық-түлік тасымалы тарапынан ғана болып тұр­ған жоқ. Соңғы кездері Мәскеу Орта­лық Азия елдерімен визалық қатынас орнату­ды жиі көтеріп жүр. Мұндай жағдайда бірыңғай экономикалық кеңістіктегі ел ретінде Қазақстанға қандай да бір та­лаптар қойылуы мүмкін. Қырғыз бен қа­зақ, өзбек халықтары қашаннан төскейде малы қосылған туыстас халықтар. Жақын болашақта бұл халықтардың достығы жаңа деңгейге көтеріледі деген үміт те жоқ емес. Ендеше, Қазақстанға Орталық Азия елдерімен визалық қатынас, шекаралық шектеу туралы талаптар қойылып жатса, одан бас тартуға саяси еркіміз жете ме?

Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:

– Кедендік одақтағы құқымыз тең десек те, Ресейдің Кедендік одақ атынан түркиялық кәсіпорындарға сараптама жүргізбек болуы біржақты шешім. Мұны Кодекстің бұзылуы деп бағаласа болады. Орыстар үнемі доминанттылық көрсет­кісі келеді, өзгелерден гөрі маңызды ел екенін көрсетіп қалғысы келеді. Мұндай жағдайда біздің ұстаным қандай болуы керек? Біз де кез келген мәселеде жеке мүддемізді ашық қорғауымыз керек. Біздің экономика үшін тиімді ме? Қабыл­дайық. Тиімді емес пе? Бірден бас тар­тайық. Оның үстіне біздің келісімсіз әл­де­бір саяси шешімдер қабылдауларға жол беруге болмайды. Ондай жағдайда мәселені төтесінен қою керек. Расында, орыстар өздерінің экономикалық мүд­де­сін саяси тетіктер арқылы қорғағысы келеді. Ресейдің мүддесі үшін туыстас ел­дермен, дос, серіктес елдермен қа­рым-қатынасымызға мысқалдай жік түсіруге болмайды. Түркия біздің страте­гиялық серіктесіміз. Украинамен де со­лай. «Баку-Тбилиси-Жейхан» мұнай құ­бы­ры желісі Грузия арқылы өтеді. Жал­пы, Грузиямен қарым-қатынасы­мызды өте жақсы деп бағалаймын. Біз Ресейдің Оңтүстік Осетия мен Абхазия­ның тәуел­с­іздігін мойындауын қолда­май­мыз. Қыс­қасы, Ресейдің саяси ойын­дарына еріп кетуден аулақ болуымыз керек.

 

Ой-түйін

Ресейдің өзі қалаған саясатты жүргізуіне құқы бар. Өз мемлекетінің имиджін қалай қалыптастырамын десе де өз еркі. Алайда оған Қазақстанды, Кедендік одақты араластырудың қажеттілігі қанша? Біз үшін Грузия — серіктес ел. Украина – тарихымыз ортақ, мұң- мұқтажы ұқсас әріптес ел. Түркия – туыстас, бауырлас, ниеттес әрі мүдделес мемлекет. Орталық Азия – бізбен кірігіп жатқан, ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатқан кеңістігіміз. Ендеше, Ресей мен Қазақстанның саясатында мінез сәйкессіздігі мен мүдде қайшылығы байқалып жатқан сияқты. Ресей — постимпериялық синдромынан әлі толық айықпаған, өзіне тиесілі сыбағасын артығымен өндіруге тырысатын ел. Қазақстан – отарлық психологиядан әлі толық арылмаған, өз мүддесін қорғауда үйренері көп ел. Ендеше, Кедендік одақ аясындағы саясаттың бізге де қатысты екенін ескертіп қойған артық болмас.

Автор: Сәкен КӨКЕНОВ

http://alashainasy.kz/main/45354/

 

Рубрика: