АЛТЫНОРДА
Новости

Ресейдің Қарабақ шиеленісін шешуіне сенім аз

Солдан оңға: Әзербайжан, Ресей және Армения президенттері - Ильхам Әлиев,  Владимир Путин және Серж Саргсян. Сочи, 10 тамыз 2014 жыл.Ресей президенті Армения мен Әзербайжан басшыларын Сочиге шақырып, Таулы Қарабақ шиеленісін шешу жолдарын қарастырды. Бірақ Ереван мен Баку Мәскеудің ниетіне илана қоймайды.

Әлемдік сахнада бітімгер рөлін сирек атқаратын Ресей президенті Владимир Путин тамыздың 10-ы күні дипломатиялық тұрғыда сәтті қадам жасады. Ол Әзербайжан мен Армения президенттері  Ильхам Әлиев пен Серж Саргсянды Сочидегі резиденциясына жинап, соңғы уақытта ушығып бара жатқан мәселені талқылады.

«Оң шешімге келу үшін бір-бірімізге шыдамдылықпен қарап, құрмет көрсетіп, даналық танытуымыз керек. Кез келген қиын жағдайды реттеу үшін жақсы ниет керек. Әзербайжан мен армян халқының бойынан сондай ізгі ниет табылар деп үміттенемін» деді Путин әріптестерінің түнерген жүзіне қарап тұрып.

Армения президенті Серж Саргсян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Сочиде бір мәселеде – Ресей аймаққа бітімгерлік күшін енгізбеуге тиіс деген пікірде бір-бірімен келісті.

«РЕСЕЙ АРМЕНИЯНЫ ҚОЛДАЙДЫ»

Бірақ Әзербайжан мен Армения сарапшылары Ресей осы екі елді татуластыруға шын ниеттеніп отыр дегенге сенбейді.

«Ресей екі ел арасындағы ұрыс-керістің күшеюінен барынша пайда тапқысы келеді, соны жүзеге асырды да. Ресей өзін Кавказ орманында қожайын болып қалатын аю ретінде көрсетті» дейді Еревандағы ұлттық және халықаралық зерттеулер жөніндегі армян орталығының сарапшысы Рубен Меграбян.

Путин әріптестерін Сочиге Әзербайжанның Таулы Қарабақ өлкесіне қатысты дауды шешу үшін шақырған еді. Негізінен этникалық армяндар тұратын, іс жүзінде тәуелсіз мемлекет деп саналатын аймақ 1994 жылы Ресейдің бітімгерлігімен соғысты тоқтатқан.

Картада қызылмен боялған - Таулы Қарабақ.Картада қызылмен боялған — Таулы Қарабақ.

Аймақ тұрғындарына саяси, әскери және экономикалық тұрғыда Армения қолдау көрсетеді, сондықтан Баку оны басып алынған өлке санайды. Тамыздың 1-і мен 3-і аралығында «Бақылау сызығы» деп аталатын бөлікте екі елдің жауынгерлері қақтығысып, 15 сарбаз қаза тапты.

Бакудегі саяси сарапшы Йегане Гаджиева Ресейдің 20 жылдық тарихы бар шиеліністі шешуге септігі тимейтінін айтады. «Ресей аймақтағы одақтасын таңдап қойған, ол – Әзербайжан емес, Армения» дейді Гаджиева.

Ресей осы соғыста екі жақты да қарумен қамтамасыз етіп жатыр. Бірақ Армения Ресей жетекшілік ететін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) мүшесі, енді Кеден Одағына да кірмек.

Арменияның бұрынғы сыртқы істер министрі Александр Арзуманян: «Ереван Мәскеудің Минск тобын (шиеленісті бейбіт шешу үшін құрылған халықаралық топ) ығыстырмақ болғанына қарсы шығуға тиіс» деді Азаттықтың Армян қызметіне.

Франция, Ресей, АҚШ бірігіп жетекшілік ететін Минск тобы ЕҚЫҰ аясында құрылған.

Армения президенті Серж Саргсян. Сочи, 10 тамыз 2014 жыл.Армения президенті Серж Саргсян. Сочи, 10 тамыз 2014 жыл.

«Серж Саргсянның Армения Минск тобы жүргізген келіссөздерден айнымайды деп айтқаны маңызды. Бұл біздің халықаралық әріптестермен жұмыс істеуге дайын екенімізді, Ресейге Минск тобына төрағалық ететін үш елдің бірі ретінде қарайтынымызды көрсететін еді» дейді Арзуманян.

Өзін-өзі жариялаған Таулы Қарабақ республикасының бақылаушылары да Мәскеуге күдікпен қарайды. Қарабақ тәуелсіздігі жолындағы қозғалыстың бұрыннан келе жатқан мүшесі, блогер Маргарита Карамян зорлық-зомбылықтың неліктен ушыққаны әркімге түсінікті деп біледі. «Үлкен ойыншылардың ойыны ғой – бұл жерде геосаяси процестер жүріп жатыр» дейді ол Азаттыққа.

«Мүмкін, шиеленіске ықпал еткен басқа да күштер бар шығар, бірақ Ресейдің ісі екеніне сенімдімін. Ресей бір жағынан Әзербайжанды өзіне бағындырғысы келсе, екінші жағынан Арменияның бітімгер күштер сұрағанын қалайды» дейді ол.

«ӘЛИЕВ ПУТИНГЕ ҮМІТ АРТТЫ»

Бакудегі Қарабақты азат ету ұйымының төрағасы Акиф Наги Минск тобынан көңілі қалған Әлиев Путинге үміт артты деп жориды.

«Дәстүрлі дұшпанымыз Ресей қазір біздің одақтасымыз ретінде әрекет етіп жатыр. Себебі Батыстың шиеленісті шешуге қатысты жоспарлары мен әрекеттері Әзербайжанға тиімді емес» деді ол Азаттыққа.

Баку де, Ереван да Украинадағы дағдарыстан және Ресейдің ол жақтағы әрекетінен үрейленеді.

Әзербайжан, Ресей және Армения президенттері самбо сайысын көріп отыр. Сочи, 9 тамыз 2014 жыл.Әзербайжан, Ресей және Армения президенттері самбо сайысын көріп отыр. Сочи, 9 тамыз 2014 жыл.

«Соңғы екі жылда Ресей Әзербайжанның аумақтық тұтастығын қолдаймын дегенді айтқан емес. Оның үстіне, Ресейдің өзі де Украинаның аумағын басып алды. Қарабақ та тура солай кеткен еді. Сондықтан Ресейдің бітімгер болуы үміттендірмейді» дейді бакулік сарапшы Гаджиева.

Сарапшы Мәскеу Ереванды арандатты дегенді тұспалдайды.

Еревандық сарапшы Меграбян Оңтүстік Кавказдағы жағдайдың «қазіргі Украина жағдайынан да қауіпті екенін» ескертеді. «Ресей Қарабақ қақтығысы толық шешілсе екен демейді. Бірақ нағыз соғыс та болсын демейді» дейді ол.

Кремльге қарасты, күн сайын шығатын «Независимая газета» басылымы тамыздың 12-сі күні Қарабақ мәселесінің ұзаққа созылғанын айтты. «Бұл мәселе осылай жылдар бойы шешімін таппай жалғасуы мүмкін. Одан қорқудың керегі жоқ. Тарихта ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойына созылған шиеленістер бар. Қарабақ мәселесі оның қасына әлі жаңа – небәрі 20 жыл ғана болды» деп жазады басылым.

http://www.azattyq.org/content/karabakh_armenia_azerbaijan_and_russia/26530147.html