Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ресейдің ірі мұнай-газ өндіруші компанияларына кезекті санкцияның салынуы бізге қалай әсер етеді?Өткенде құлаққағыс жасағанымыздай Еуроодақ бүгін Ресейдің ең ірі мұнай-газ өндіруші компаниялары «Роснефть» пен «Газпромға» кезекті санцияларын жария ететіндерін мәлім етті. Бұл жайында Еуропа кеңесінің басшысы Херман Ван Ромпей санкциялардың таяу күндері күшіне енетінін айтып отыр. Еуропалық дипломаттардың айтуынша, бұдан былай жаңа санкциялар бойынша ресейлік «Роснефть», «Транснефть» және «Газпром» сияқты ірі энергетикалық компанияларға несие беруге және оларды қаржыландыруға Еуропа тыйым салмақ.

Херман Ван Ромпей «бұл санкциялар Еуроодақтың ресми журналында жарияланған соң күшіне енеді. Әзірге Минскідегі келіссөздерде жасалған бітімнің сақталуын бақылау үшін қосымша уақыт қажет» деді.

Сөйтіп, Еуропа енді Ресейдің ең ірі мұнай-газ өндіруші компанияларына санкциялар салуды ойластырып отыр. Ал енді біз мұнай өнімдерін Ресейден тасымалдаушы бірден-бір ел екенімізді ескерсек, мұның бізге қаншалықты әсері болады? «Алаш айнасы» мәселеге тереңдеп көруді жөн көрді.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, қазірдің өзінде Ресейдің «Роснефть», «Газпром», «Транснефть» тәрізді компанияларына қаржы табу қиынға соға бастаған. Себебі бұл компанияларға инвестиция салудан еуропалық инвесторлар бас тартып отыр. Сондай-ақ Ресейдің құнды қағаздар нарығында да аталмыш компаниялардың акцияларының құны түсіп кеткен. Атап айтсақ, соңғы аптада бір ғана «Газпромның» құнды қағаздары — 11 пайызға дейін арзандады. Осылайша Ресейдің ірі мұнай-газ компанияларымен серіктес инвесторлардың көңіл күйі бұзылып, қазірде бұл компанияларға салынатын инвестиция қаша бастады. Бұл ретте мамандар «Ресейге инвестиция азайса, оны бізге мысқылдаудың қажеті жоқ» деп отыр.

Марал Төртенова, экономист-сарапшы:

— Ресейге инвестиция азаяр болса, онда көрші елді мысқылдаудың қажеті жоқ. Себебі Ресей бастысы бізге күш салады. Мұндай санкциялар макроэкономикалық дамуға да кері ықпал етпек. Қазірдің өзінде Ресейдің макроэкономикалық өсімі соңғы үш айда 7 пайызға кеміген. Бюджеттік шығындары үш айдың көлемінде артып, халықтың ақшалай табыстары кеміп, елде жұмыссыздар саны да артып отыр. Егер Ресейдің мұнай-газ өндірісіне салынар инвестиция азаяр болса, бұл компанияларға Еуропадан ірі көлемді несие алуға тыйым салынса, онда олар қаржы жағынан қысалады. Мұның арты өнім бағасын өсіруге апарып соқтырады. Бұдан шығатын қорытынды Ресей енді бізге беретін 40 пайыздық көлеміндегі жанар-жағармайын қымбатқа сата бастайды. Ал бұл дегеніңіз елдегі жанар-жағармай бағамы қазіргіден де қымбаттауы мүмкін екендігін көрсетеді. Сондықтан бұл жерде Ресейдің мұнай компанияларына салынар санкция бізге әсер етпейді деп бейқам отыруға болмайды.

Атап көрсетсек, Ресейге күрделі салымдар құйған инвестор мемлекеттердің үлес салмағы: Германия – 20,2% (4001 млн доллар), Кипр – 11,8% (2327 млн долл), Ұлыбритания – 11,5% (2271млн долл), Швейцария – 6,8 (1349 млн долл), Франция – 6% (1184 млн долл), Нидерланды – 5,9% (1168 млн долл), АҚШ – 5,7% (1133 млн долл), Жапония – 2,2% (441 млн долл), Австрия – 1,9% (376 млн долл), Швеция – 0,7% (139 млн долл).

«Ал енді бұл елдерден келер инвестиция көлемі азаяр болса, Ресей өзінен-өзі бар салмақты көрші отырған қазаққа салары даусыз. Сондықтан бұл жерде Ресейдің экономикасының тұрақты болуы біз үшін маңызды», — дейді мамандар.

Сөйтіп, мамандардың пайымдауынша, Ресейге бұдан былай мемлекеттік компанияларын қаржыландыру қиындай түседі. Қазірдің өзінде қаржыдан тарыққан «Газпром» Қытайға шикізат тасымалдау үшін құбыр сала бастаған. «Газпром» бұл жерде жобаны қаржыландыруға қанша жерден қиналса да, «Роснефтьтің» алдын орап кетуі үшін, одан бұрын құбыр салуға таласып кірісіп те кетті. «Енді ойлап қарасаңыз, Ресейдің өз ішінде компанияларының қаржыға және бір-бірімен жобаға таласуы басталмақ. Ал мұның арты тағы да сол дағдаруға апарады» дейді мамандар.

Міне, Еуропа осылайша Ресейдің мұнай-газ жаңа компаниялар санкциялар күшейтілетінін мәлімдеп жатқан тұтса өз кезегінде Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев те Батыс елдері Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне қарсы жаңа санкциялар салар болса, Мәскеу оған лайықты жауап қайтаратынын айтты. Медведевтің айтуынша, жаңа санкциялар салынған жағдайда Ресей Батыстың әуе компанияларына әуе кеңістігін пайдалануына тыйым салуы мүмкін. Бұл жайында Дмитрий Медведев ресейлік БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «егер біздің энергетика, қаржы секторымызды ары қарай шектейтін санкциялар салынатын болса, оған сай жауап қайтаруымызға тура келеді» деді.

Ал халықаралық сарапшылар Батыс пен Ресейдің бұлайша қарымта санкциялар алмасуы әлемдік экономикаға да өз әсерін беретінін жасырмай отыр…

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы


Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/reseydn-r-munay-gaz-ondrush-kompaniyalaryina-kezekt-sanktsiyanyin-salyinuyi-bzge-53818/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: