АЛТЫНОРДА
Новости

Ресей санкциялар құрсауынан шыға ала ма?

©Алаш айнасы иллюстрациясыХалықаралық саясат сахнасындағы қазіргі Ресей мен АҚШ текетіресі әлемдік экономикалық шаруашылықты түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін екен. Соңғы кездері мамандар осындай болжамдар айта бастады. Бұл қалай, не себепті, мұндай жағдай неліктен орын алады? «Алаш айнасы» басылымы өз сараптамасында осы сауалдарға жауап табуға тырысады…

Тарихқа жүгінсек, Мәскеудің бұған дейін де Батыс санкциясына ұшыраған кезі болыпты. Қызыл Кремль мен Ақ үйдің қатты кетіп, бүтін жер шарын өртке орап жібере жаздаған 1962 жылғы соқтығысын бүгіндері дипломатияның тілімен жәй ғана Кариб дағдарысы деп атап жүр. Ол кезде түрлі санкциялар соққысынан әбден әлсіреген КСРО қайыршылық жағдайына дейін жетіп қала жаздапты. Әрине, одан Батыс және басқа да мемлекеттердің жағдайы оңбады. Салдарынан Кеңес одағы тарихта алғаш рет 1963 жылы Батыстан 9,4 млн тонна бидай сатып алған болатын. Осы кезде Черчиллдің ел арасына тез тараған мынандай уытты қалжыңы қылаң берген еді: «Мен қарттықтан өлетін шығармын деп ойлайтынмын. Бірақ бүтін Еуропаны нанмен асырап отырған Ресей астық сатып ала бастағанда мен өзімнің күлкіден өлетінімді түсіндім». 

Қалай дегенмен де ол кезде бұл шараны Мәскеу уақытша құбылыс деп бағалаған. Алайда аталған процесс 80-жылдарға дейін үздіксіз жалғасты. Осы кезеңде ақыры қуатты ел КСРО мұнай бағасы құлағанда гуманитарлық көмекке тәуелді боп қалды. Тіпті, кеңес әскері гуманитарлық көмекпен қамсыздандырылып жатты. Сөйтіп ұзақ жылдарға созылған санкция салдарын жоя алмаған ұлы мемлекет ыдырап тынады.

Қазір, сарапшылар, әсіресе ресейлік экономистер Батыс санкциясы бастарына тоқпақ боп тиген сайын сол кезеңді еске алуға мәжбүр. Нақтырақ айтқанда, олар бұл санкциялардың нақты сипаты алдағы жылдары өзін байқататынын жақсы түсініп отыр. Демек, Ресей аталған санкциялардың салдарын жою үшін қазірден қамданып, түрлі, тіпті әлемдік экономикалық шаруашылықты түбегейлі өзгертетін қадамдарға баруы ықтимал. Сондықтан бүтін әлем қазір Ресейде боп жатқан жағдайды жіті назарда ұстауда.

Мәселен, РФ президентінің кеңесшісі Сергей Глазьев үкіметке Батыс санкциясынан ресейлік экономиканы қорғаудың мынандай төңкерістік жоспарын ұсыныпты: сыртқы әлемнен оқшаулану, доллардан бас тарту, өзіндік төлем жүйесін қалыптастыру, шетелдегі ресейлік валюталық шоттарға «құлып салу». Бастапқыда Ресей элитасында Глазьевтің бұл ұсынысына күле қараушылар көп болды. Бірақ…

РФ Қырымға әскер кіргізген күні бір күн ішінде Ресейден 72 млрд доллар капитал сыртқа ағылып кетті. Ресей қор биржасындағы ресейлік бағалы қағаздар күн санап құнын жоғалта бастады. Оның артынан іле-шала рубль бағамы да құлдилай жөнелді. Орталық банк рубль бағамын қолдан ұстап тұру үшін резервтен 11,2 млрд доллар шығаруға мәжбүр болды.

Келесі санкция да Ресейдің қаржы секторын одан әрмен ойсырата түсті. Ол кезде Visa мен Mastercard халықаралық төлем жүйесі бір күн бойына ағайынды Ротенбергтерге тиесілі ресейлік СМП банк бойынша қызметін доғарған. Салдарынан аталған банк 9 млрд рублді жоғалтқан. Оның 4 млрд рублі – жеке тұлғалар депозитінен, ал 5 млрд рубль – заңды тұлғалар депозитінен бұзып алынған. Санкцияға ұшыраған тағы бір банк – «Ресей». Оның шетелдік шоттарындағы шамамен 40 млрд рубліне, оған қоса резидент емес банктерге берген несиесі – 5,6 млрд рублі және резидент емес компанияларға берген несиесі – 8,3 млрд рубліне «құлып» салынған. Айналып келгенде, санкция таяғының ұшы тиген осы екі банктің қиын ахуалы жалпы ресейлік банк секторын шатқаяқтатып жіберген.

Бәрінен бұрын халықаралық рейтингте Ресейдің төменге кетуі мұндағы барлық кәсіпкердің, кәсіпорын мен өнеркәсіптің болашағын бұлыңғырлатып тұр. Өйткені жуық арада Ресей рейтингісі көтерілмесе онда шетелдік кредиторлар ірі кәсіпорындардан қысқа мерзімге берілген несиелерді толықтай талап ете бастайды. Ал бүгінгі таңда Ресейдің кәсіпорындары мен банктері Батыстың қаржы институттарына кем дегенде 653 млрд доллар қарыз екен. Оның басым бөлігі – қысқа мерзімді борыш. Оның 266 миллард доллары кепілдікпен берілген қысқа мерзімді несие боп табылады.

Сондай-ақ соңғы деректер бойынша, тіпті алдын ала рұқсат етілген шет елдегі ақша көздеріне де ресейлік кәсіпорындар қол жеткізе алмай қалған көрінеді. Демек, сыртқы әлем Ресейден ат тонын ала қашып жатыр. Кеше ғана Visa мен Mastercard тағы да ресейлік төрт банк бойынша кәртішкесімен қызмет көрсетуді доғаруға мәжбүр екенін, бұл арада олар АҚШ пен Ресей саясатының құрбаны болып отырғандарын мәлімдепті. Төрт банк бұл алдыңғы СМП банкі шеккен зардаптан да көп шығын дегенді білдіреді. Ал таяуда РФ Қаржы министрінің өзі биыл елдің жалпы ішкі табысының өсімі нөл болатынын мойындап, мәлімдеме жасаған.

Ақыры Ресей мемлекеттік думасы ұлттық төлем жүйесі туралы заң қабылдауға мәжбүр болған. Бұл қорғаныс шарасы екені даусыз. Осы жағынан алғанда, қазір РФ билігінде абдырап, абыржу бары рас. Бастысы, Глазьевтің жоғарыда айтқаны келе бастады. Енді Қызыл Кремль доллардан түбегейлі бас тартпаса да одан ақырындап тәуелділікті жоюдың жолын қарастырып жатқан көрінеді.

Ресейдің бұрынғы үкімет басшысы Михаил Касьянов: «Санкция салдары жаман болады. Оны біреулер арыға апарып көрсеткісі келеді. Бірақ мен олай ойламаймын. Ауруын жасырған өледі. Жасыратын неміз қалды? Ресей халықаралық құқықты бұзды. Сондықтан міндетті түрде ауыр жаза кесіледі. Еуропа оған дайын екендіктерін ашық мәлімдеді. Олар Ресей шикізатынан түбегейлі бас тартпаса да көлемді шектейтіндіктерін, бұл процесті мамырдың аяғында іске қосатындарын мәлімдеп отыр. Қаржы министрі де жалпы ішкі өнім өсімі керіге кететінін мойындады. Бұл бюджет тапшылығы деген сөз. Халыққа ең қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек бойынша да сыртқа тәуелдіміз. Ал импорт қазірден қымбаттап жатыр. Олар қымбаттай береді де. Демек, резервтегі ақшаға қол салынады. Менің білуімде ауыз толтырып айтып жүрген ұлттық қордағы жарты ақша жоқ, ол әлдеқашан банк секторын оңалтуға, кәсіпорындардың қарызын жабуға кетіп қалған. Жарты жылдан соң-ақ Ресей экономикасы қалшылдай бастайды» деген өзінің «Азаттық радиосына» берген соңғы сұхбатында.

Бір сөзбен айтқанда, бүгіндері Ресей экономикасының әзірге шикізаттан басқа секторларының барлығы (қорғаныс, ғарыш, сауда-саттық, инвестицияны қажет ететін салалар, азық-түлік нарығы, жаңа технологиялар, яғни білім мен ғылым саласы және т.б.) сыртқы қысымға ұшырап, абдырап тұрған жайы бар. Бұл ретте олардың арқа сүйер үкіметінің шұғыл шешім қабылдағанын күткеннен басқа шарасы болмай тұр. Тіптен, шетелдік зертханаларда білігін арттырып, ғылыми жұмыспен шұғылданып жүрген ресейлік ғалымдарды да еліне қайтара бастапты. Ал халыққа ең қажетті азық-түлік саласы толықтай болмаса-дағы, белгілі бір деңгейде блокадаға түсе бастаған.

Таяуда РФ ауылшаруашылығы министрі Николай Федоров: «Егер АҚШ пен Еуропалық одақ елдері Ресейге азық-түлік тасымалдауды доғарса, онда тұтынушыларымыз бұдан зардап шекпейді. Өйткені азық-түліктерді жеткізетін басқа да балама нарықтар бар. Қазір бізде тапшылық жоқ» деп баспасөз алдында мәлімдеме жасапты. Алайда Ресейдің аталған нарығындағы цифрлар басқаша «сөйлеп» жатыр. Ресей Еуропадан өз тұтынысындағы шошқа етінің 60 пайызын, шұжыққа қажетті шоқа майының 96 пайызын алып тұрған. Қазір бұл тауарлардың жолы кесілген. Салдарынан аталған ас түрлерінің құны 40, тіпті бір жерлерде 65 пайызға қымбаттаған. Статистикаға жүгінсек, Ресейде жыл басынан бері азық-түлік бағасы 23 рет өзгерген. Сарапшылар енді импорт қымбаттамаса арзандамайды деген пікірде. «Бәріне өзіміз кінәліміз. Отандық өндірістің аяқ алып жүруіне мүмкіндік бермеді. Өйткені билікте көбіне тауарды сырттан алдыртқанға мүдделі лобби топ осыған дейін күш алып келді. Мүмкін енді отандық өндірістің бағы ашылатын шығар. Қазір қандай да бір өзгеріс керек, ол міндетті түрде орын алады деп санаймын» депті «ВТБ Капитал» қорының бас экономисі Владимир Колычев ресейлік бір басылымда аталған нарықтағы жағдайға берген бағасында.

Жалпы, бұл арада қазір Ресейдің қолында санкциядан қорғанудың рецептісі бар ма деген заңды сауал туындайды. Оның ешқандай құпиясы жоқ көрінеді. Саяси технологиялар орталығы басқармасының төрағасы Борис Макаренко ресейлік бір телеарнаға берген сұхбатында бұл жайында былай деген екен: «Ресей экономикасын сауықтырудың барлық рецептісі бәз баяғыдан белгілі. Бұл – институтциональдық реформалар, жекеменшік құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл бізге кеше ауадай керекті шаралар еді, ал бүгіндері оған деген қажеттілік 10 есеге өсіп кетті. Біз санкция салдарынан қашып құтыла алмаймыз. Оны мойындау керек. Оған экономикалық моделді ауыстыру арқылы жауап беруіміз тиіс». Демек, бұл бір одақта кіндігіміз байланған Ресей экономикалық моделін өзгертсе, онда біздің де өзгеруімізге тура келеді деген сөз.

 

КЕРЕК ДЕРЕК

РФ статистикасы мәліметі бойынша, бүгіндері Ресейдің Орталық банкінде 490 миллиард доллардың бағалы қағазы мен алтын қоры сақталып тұр.

Автор: Кәмшат Сатиева

http://alashainasy.kz/politics/50659/