АЛТЫНОРДА
Новости

Ресей мен Беларусь бидай сапасы жағынан Қазақстанмен бәсекелесе алмайды – кәсіпкер

апп Кедендік одақта бидай сапасы бойынша Ресей мен Беларусь Қазақстанмен бәсекелесе алмайды. Бұл жөнінде Астанада «Эксперт» клубының ұйымдастыруымен Кедендік одақтың оң және кемшін тұстарына арналған отырыста Қазақстанның сүт-ет одағы басқармасының төрағасы Иван Сауэр мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Қазақстанның қандай тауары Кедендік одақ нарығында бәсекеге қабілетті дегенге келер болсақ, онда ең алдымен ауыл шаруашылығы саласына тоқталу керек. Біздің бидайымыз Кедендік одақта «№1» болып табылады және бидай сапасы бойынша Ресей де, Беларусь те бәсекелесе алмайды. Сондай-ақ, сүт барлық жерде бірдей, сол себепті бұл мәселеде теңбіз. Сол сияқты ет пен картоп бойынша да бәсекеге түсе аламыз. Мысалы, күзге қарай республикадан Ресейге үлкен көлемде картоп шығарылды және бизнесмендердің көңілі тоқ. Ресейлік экспорттың арқасында картоптың бағасы тұрақтанды. Тіпті, біз Ресейден картоп алып келгеніміз есімде жоқ. Яғни біздің ұсынатын өніміміз бар», — деді кәсіпкер.

Оның айтуынша, Кедендік одақта көп мәселе біздің өзімізге тәуелді.

«Кедендік одақтың құрылуы және оған Қазақстанның кіруін үлкен жеңіс деуге болады. Егер Кедендік одақ мәселесінде қандай да бір проблемалар туындап жатса, онда бірден аталған одақ бізге қажет емес деп кесіп айтуға болмайды. Көп нәрсе өзімізге қатысты. Өкінішке қарай, қандай да бір даулы мәселе туындап жатса, онда, біздің талабымызды нықтап айтатын, мәмілеге келуге ықпал ететін «келіссөз жүргізушілер» жоқтың қасы», — деді И.Сауэр.

Ақмарал ШАҒАТАЙ