Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

скачанные файлы (2)Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен болған Парламент Сенатының отырысында Палата он екі заң жобасын қарады.Соның бірі Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының Ұлт жоспары – бес институттық реформасын іске асыру жөніндегі 100 нақты қадамының 30 және 31-қадамдарын орындау мақсатында әзірленді. 

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, жергілікті полиция құру Ішкі істер органын оң­тайландыру жолымен жүзеге асады, оның құрылымына учаскелік инспекторлар, жол полициясы қызметкерлері, өңірлік және табиғатты қорғау, сонымен бірге әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері біріктіріледі. Тұжы­рымдамаға сәйкес, жергілікті полиция қызметі ішкі істер органының бірыңғай жүйесіне құрылымды түрде енетін болады.

– Құжаттағы негізгі жаңалықтардың бірі жергілікті полиция қызметінің басшыларын тағайындау, бұл ретте полиция басшыларына кандидатты Ішкі істер министрі облыс әкіміне ұсынып, оған мәслихат депутаттары келісімін беретін болады. Заң жобасымен жергілікті полиция қызметі басшысының жергілікті қауымдастыққа есептілігі де қамтылып отыр. Бұл ретте жергілікті полиция қызметінің басшысы әкімдіктер мен мәслихат алдында және жылына бір рет халық алдында есеп беретін болады. Мұндай есептілік полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ететін болады. Бұдан бөлек, заң жобасымен жергілікті полиция қызметіне шағымдарды қарау бойынша Қоғамдық кеңестердің өкі­леттігін кеңейту шаралары да көзделеді, – деді Қ.Қасымов.
Тұтастай алғанда жергілікті полиция қызметінің жергілікті атқарушы органға есептілігі және Қоғамдық кеңестердің қызметі полиция қызметінің жұмысының ашықтығын қамтып, азаматтардың сенімділік деңгейін арттыруға ықпал ететін болады. 
Сонымен, жаңа жобаға сәйкес, Қа­зақстанда бейнебақылау камералары біртіндеп жол бойындағы полиция қызметкерлерін алмастыратын болады.
Құжатты талқылау барысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы жол полициясы мен патрульдік полицияны біріктіру арқылы әмбебап полиция қалыптасқанын, алай­да осының салдарынан полицияның біра­зы жол бойына көбірек шығатынын айтып, полиция қызметкерлерін бейнебақылау камераларымен «алмастыру» қажеттігін де алға тартты. 
– Былтыр БҰҰ зерттеу жүргізді. Ол бойынша көптеген елдерде 100 мың адамға 100 полиция қызметкерінен келеді екен. Ал бізде бұл 600-ге жуықтайды. Былтыр екі қызметті біріктіріп, енді көптеген полиция қызметкерлері жолда тұратын болды, – дейді депутат.
Өз кезегінде Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәселе кешенді түрде шешімін тауып жатқанын алға тартады. «Белгілі бір адамдар санына шаққанда полиция қызметкерлерінің арақатынас саны неше болуы тиістігін белгілеу – бұл оңай мәселе емес. Мәселен, АҚШ шерифтерінің саны көп болға­нымен, олар полиция қызметкері ретінде саналмайды. Екіншіден, мұндай зерттеуде ешкім де Қазақстанның аумағы үлкен екенін есепке алып жатқан жоқ. Айталық, бізде бір ауыл мен екінші ауылдың ара­сындағы шақырымды есепке алып, сол үшін адам санына қарай полиция тағайындайтын болсақ, онда байғұс учаскелік полиция қызметкері бір айдың ішінде де өз аумағын анықтап аралап шыға алмайтын еді. Сондықтан да біз жергілікті полиция қызметкерлерінің санын арттыру, арттырмау мәселесін сол жердің әкімдеріне қалдырамыз. Олар осы мәселені біздің алдымызға қойып та жүр» деді Ішкі істер министрлігінің басшысы.
Сонымен бірге ведомство басшысы алдағы уақытта мүмкіндігінше полиция қызметкерлерінің орнын біртіндеп бейнебақылау камералары басатынын жеткізді. 
– Әрине, бәрін санға тіреп ештеңе шеше алмасымыз анық. Сондықтан да қазіргі күні қай жерде қызметкерді техникамен ауыстыруға мүмкіндік болса, ол орындалып жатыр. Алайда техникалар болмаған орындарда полициялар жүруге мәжбүр. Дегенмен, бұл мәселе кешенді түрде шешімін табады, – деді министр. 

Еркін ҚАЛДАН

http://aikyn.kz/

Рубрика: