Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

imagesМысырдан тағы маза қашты. Осыдан екі жыл бұрын болған билік жүйесін өзгерту үшін басқарушыны тақтан тайдыру сценарийі тағы қай­та­ланды. Пирамидалар еліндегі сияқты саяси дағда­рыс кез келген қоғамда белгілі бір себептерге байланысты орнайды. Ендеше, Мысырдағы әрекеттердің ішкі және сыртқы себептері қандай?

Бірден айтайық, Хосни Мүбәрәк пен Мұхаммед Мурсидің саяси тағдырында ұқсастық жоқ. Алғашқысы 30 жыл әмір жүр­гізді. Сондықтан да шығар, жоғары лауа­зымнан кету процесі де ұзаққа созыл­ған еді. 2011 жылғы төңкерісте екі жарым апта ішінде жүздеген адам қаза тапқан. Сөй­те тұра, Хосни Мүбәрәк соңғы сәтте ғана сарайдан кету туралы шешім қабыл­да­ды. Ал Мұхаммед Мурсидің президент­тік­ке сайлануы қаншалықты жылдам бол­са, басшылықтан кетуі одан да тез болды. Қар­сылық небәрі төрт-ақ күнге жалғасты.

Бүгінде мысырлықтардың мазасын кетіріп тұрған да – осы жағдай. Әскери төң­­керіс жасауға генералдар үшін аса көп қажыр-қайрат қажет болмады. Оның бірнеше себебі бар:

Біріншіден, Мұхаммед Мурси билік құрған бір жыл ішінде мемлекет саяси және экономикалық тығырыққа тірелді.

Екіншіден, оған жақтасушылардан саяси қарсыластарының қарасы көп болды.

Үшіншіден, шешуші рөлге ие болған ел әскері исламшыл басшыға қарағанда, генералдарға әлдеқайда жақын. Бұл – ішкі себептері.

Алып-қосары жоқ, тұп-тура бір жыл мемлекет басқарған Мұхаммед Мурси – діндар тұлға. Әскерилер оны тақтан тай­дыр­ған соң елдегі исламшылардың ықпа­лын әлсірете бастады. Мурсимен қоса, ел­дегі «Мұсылман бауырлар» қозғалысы­ның негізгі көсемдерін тұтқындап, қамауға алды. Ал аталған қозғалыс су жаңа экс-президенттің үлкен саясаттағы негізгі тірегі болатын. Ел ішіндегі исламшыл телеарна­лар жабылып жатыр. Биліктің ауысқанын ресми түрде жергілікті ақпарат құралда­рын­да тікелей эфирде мәлімдеме жасаған генералдар Мурсидің саяси шешімдерін сынап, Мысыр өз тарихында жаңа парақ ашып жатқанын жеткізді. Ресми Каир қандай басқару түрін таңдайтынын өзі шеше жатар. Бірақ мына бір мәселені де ескере кеткен жөн сияқты…

Сыртқы күштердің қандай да бір ықпалы бар ма? 

Олай дейтініміз – былтырғы жылы мына­дай ақпарат тараған болатын: Мурси билігі шетелдік үкіметтік емес ұйымдарды қа­таң тексерістен өткізді. Елдің арасына бүлік салды деп айыпталып отырған үкі­мет­тік емес ұйымдардың жалпы саны да анықталғандай болған. Тек 2011 жылдан бастап Мысырда жұмыс бастаған біршама ҮЕҰ-ның дені ел астанасы Каирде орна­лас­қан. Шетелдік және өзге мемлекеттер­дің есебінен қаржыландырылатын ұйым­дар­дың кеңселеріне тінту жұмыстары жүр­гізілгенде, Мысыр елін төрт бөлікке бөлген болашақтың картасы табылған! Картада тұтас ел «Жоғарғы Мысыр», «Төменгі Мы­сыр», «Үлкен Каир», «Суэц және Синай» б­олып бөлінген екен. Шетелдік үкіметтік емес ұйымдарға қарсы қозғалған қыл­мыс­тық іс бойынша АҚШ-пен арада түсін­бес­тік орнаған болатын.

Жуырда АҚШ Президенті Барак Обама Мысырға жәрдемдердің қайта қаралуы жайлы да тапсырма берді. АҚШ заңдары бойынша ресми Вашингтонның әскери төңкеріс жасалған мемлекеттерге сыртқы жәрдемді тоқтатуы тиіс-ті. Сондықтан халықаралық қауымдастық Мысырдағы биліктің ауысуын «төңкеріс» емес, «оқиға» деп баға берді. Айта кетейік, АҚШ Мысыр­ға жылына 1,5 миллиард доллар қаржыны әс­кери және экономикалық қолдау ретінде бе­реді. Үкіметтік емес ұйымдарға беретін гранттары қандай бағытқа жұмсалатынын жоғарыда айттық. Бұл – мәселеге қатысты сыртқы себептер болса керек…

Уақытша билік сайлау уақытын белгіледі 

Мұхаммед Мурсиді биліктен кетірген әскерилер болғанымен, олар билікті қолға алудан бас тартты. 4 шілде күні уақытша президент болып Конституциялық соттың төрағасы болғанына 2-ақ күн болған Адли Мансұр таңдалды. Мансұр Мурсидің қате­лі­гін қайталамайтынын, авторитаризмге жол бермейтінін айтып отыр. Дегенмен сая­си дағдарыстың шешілер түрі көрінбей­ді. Әскер билікті бейбіт жолмен тапсыруды уәде етсе де, күн сайын бейбіт тұрғындар оққа ұшып жатыр. Мұхаммед Мүрсидің «Мұ­сыл­­ман бауырлар» партиясы мен оның қарсыластары ең ірі қалалардың бірі Алек­сандрияда атысып, 12 адам қаза тапты. Тағы 500-дейі жараланған. Каирде де дүм­пулер басылар емес. Жексенбінің түнін­де Тахрир алаңындағы қақтығыстан оннан астам тұрғын көз жұмып, төрт жүзге жуығы түрлі жарақат алған. Жаңа Үкімет жасақтау туралы айтылғанда МАГАТЭ-нің бұрынғы басшысы Мұхаммед әл-Бара­дейдің есімі аталып жүр. Алайда салафит­тер өре түрегеліп, қарсылығын күшейтті. АҚШ ықпалындағы БҰҰ жүйесіндегі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік деп есептегендіктен, исламшыл топ М. Әл-Барадейді жақтыра бермейді. Енді әскери­лер­ге діндарлар қарсылық білдіруде. Қар­сы­ластар осылай өзара дауласып жатқан­да Мысыр экономикасы зиян шегіп жатыр.

Мысырдың уақытша Президенті Адли Мансұр жаңа Конституциялық деклара­ция­ны қабылдау туралы жарлық шығарды. Құжатқа сәйкес екі апта ішінде елдің жаңа заңнамасы дайындалып, екі ай ішінде пре­зиденттік сайлау өткізілмек. Құжат мәтіні 33 тармақтан тұрады. Жалпы, елдің қазіргі Конституциялық декларациясы Хосни Мүбәрәктің биліктен кетуінен кейін 3-мәрте қабылданғалы жатыр. Ал Парламент сайлауын 2014 жылдың басына белгі­ле­мек.

 

Түйін

Алайда бұл саяси шешімдер қоғамды біріктіреді деуге сену қиын. Се­­бебі әскерилер мен исламшылардың арасында кек пайда бола бас­та­ғандай. Қарапайым халық бір сөзге тоқтамаса, біз жоғарыда келтір­ген Мысырды төртке бөлу жоспарының жүзеге асуына жағдай жасай­ды.

Автор: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ

 

http://alashainasy.kz/politics/44275

Рубрика: