Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Кейінгі кездері біздің қоғамда қазақстандық патриотизм дегенді ат қойып, айдар тағып саяси насихатқа айналдарып екпіндетіп жатқан жағдай бар. Қазақ елінің келешегін ойлаған адам үшін бұл бағыттың дұрыс екеніне ешкім шүбә келтірмейтіні анық. Бірақта «бояушы, бояушы десе сақалын бояапты» дегендей жақсы істі асыра мадақтаумен насихаттау адамдарды жақсы істен де жирентетіндей жағдайға әкелетінін неге ұқпайды екен осы бағыттың жемісін көруге асыққандар. Осылай насихат жүргізу кешегі кеңес дәуірінен қалған.

Кезінде бұл насихаттау тәсіл өктемдікпен адамдардың табиғи белсендігін тежеп, салдафондық мәдениетсіздік пен құлдық мінезді қалыптастыруға әкелу салдарынан халықтың өз сезімдері мен пікірлерін сыртқа шығара алмай, тек  олардың ішкі қарсылықтарын тудырып отырған еді. Ал қазіргі әр адамның әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін шығып, өздерінің өмір сүріп жатқан ортасындағы әлеуметтік, саяси жағдайларға сын көзбен қарап, оған баға беруді салыстырмалы түрде ұғуға мүмкіншілік алып отырған кезде, жаңа қалыптасып келе жатқан қоғамның табиғатына жат, адамдарды психологиялық құрсауда ұстайтын жолды пайдаланудың қажетсіз екенін түсінбеу үлкен сұрақ тудырады.

Адамзаттың қазіргі даму дәуірінде халық арасында құрғақ сөз пайдаланып насихат жүргізудің орнына нақтылы өнегелі іспен саналарын дамыту тиімді екенін ұғу қажет. Негізі, мемлекетті басқару жүйесі салаларының қызмет нәтижесін бағалау — халықтың әлеуметтік жағдайы мен қоғамдағы әділеттілікке тікелей байланысты болуымен қатар, экономикалық және әлеуметтік дамуға байланысты іс — шараларының халықтық бақылауында  болуы ғана биліктің барша халықтың қолдауына ие болуына әкелетінін естен шығармау қажет. Сонда ғана әр шенеунік өзін халықтың мүддесін қорғауға міндетті және жауапты екенін сезінетін болады.

Ал қазір бұқара халық өзін, өз елінің конституцияда жазылғандай қожасы екенін сезінбейді, керісінше биліктегілердің нұсқауымен жүріп, қолдарын жайып шенеуніктердің қас – қабағын аңдумен күн кешіп келеді. Бұл жағдай экономикалық және әлеуметтік дамуға бағытталған көптеген мәселелердің мезгілінде шешілмей, басқару жүйесіндегілердің іскерлік деңгейлері мен өз істеріне жауапкершіліктерінің төмендеуі салдарынан қоғамға орасан зиян әкелетіні белгілі. Сондықтан да бірінші кезекте аймақтар мен салаларды(министрлік пен ведомстволарды) басқарып отырған мемлекет қызметкерлерінің жауапкершіліктерін арттыру мен қатар олардың өз ұлтына адал қызмет ететін патриоттық деңгейлерін көтеру қажет.

Қазіргі жағдайда олардың іс — әрекеттері өздері басқарып отырған салалары мен аймақтарды қағаз жүзінде жоғары деңгейде көрсететін есеп, баяндамалар мен қосымша шоуға айландырған бірақта ешқандай пайда әкелмейтін шаралар негізінде бағаланып жататыны белгілі. Бұл қалыптасқан үрдістің ұрпақ тәрбиелеуге зияны болмаса пайдасы жоқ. Сөзіміз дәйекті болу үшін еліміздің экономикалық дамуына үлкен ықпалы бар елімізге инвистиция тартып және оны тиімді пайдалану мәселесін алып қарайық. Өйткені ел экономикасын дамытуға инвистиция тартуда біз бұрынғы одақ аймағында өмір сүріп жатқан мемлекеттердің алдыңғы қатарында жүргеніміз айтылып жүр.

Сол еліміздің экономикасын көркейтіп, халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға әкелінген қаржыларды қаншалықты тиімді пайдаланып жатырмыз. Қазақстан тәуелсіз  болғаннан бері елімізге АҚШ долларымен миллиардтаған инвистиция келіп жатса да оның ел экономикасына айтарлықтай тиімділігін сезінеміз бе?. Неліктен осынша инвистиция әкелінген елде, қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайлары жақсарып, өз күндерін өздері көруге мүмкіншілік тудыратын, баршаны жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі шешілмей келеді?

Осы қомақты қаржы ел игілігіне қалай пайдаланып жатыр деген сұраққа жауап іздесек, осы келіп жатқан инвистиция ел экономикасына пайда берудің орнына басқа жаққа кетіп жатқан жоқпа деген көкейге күман ұялайды. Өйткені Ұлттық банктің деректеріне жүгінсек, Қазақстанның өзінің  шет елдердің экономикасын көтеруге 2012 жылдың қазан айына дейінгі жіберіп отырған  инвистициясының көлемі  155,3 миллиард  АҚШ доллары болыпты.

Бұл сома елімізге шет елден тартып отырған инвисицияға пара – пар келетін сияқты. Сонда біздің  көздеп отырғанымыз басқа елдерге экономикалық экспансия жүргізу ме, жоқ болмаса өз экономикамызды дамыған елдерге мықты деп көрсету ме? Және де осыншама бос қаржы қайдан келді.Осы шет елге жіберіп отырған инвистицияның 29 пайызы 45,6 миллиард доллар АҚШ қа, 16,8 миллиарды Англияға және 16,3 Нидерландияға кеткен.

Үш елге құйылған инвистиция көлемі 78,8 миллиард  доллар, яғни шет елге кеткен барлық қаржының жартысынан астамын құрайды. Осы үш елге қаржы құйып, олардың экономикасы мен саясатына біздің мемлекет ықпал жасайтын болады деу ешқандай ақылға симайды. Әлде еліміздегі қаржыны  салатын өзіміздегі бар қажеттілік пен мүмкіншілікті толықтай пайдаланғандықтан осындай қадамға барып отырмызба, онда неліктен халқымыздың әлеуметтік жағдайын көтеруге қаржы табу мәселесі қинайды?

Егерде еліміздің қаржылық потенциялы жоғары  болса, онда неліктен Қытайдан, басқа елдерден экономикамыздың мәселесін шешуге қаржы тартып, қарызданып жатырмыз. Бұл кімге пайдалы, оның астарында не жатыр? Демократиялық, зайырлы мемлекет құрып жатқан болсақ неге осы жайлар (экономикалық саясаттың сырлары) қарапайым халыққа түсіндіріліп, ашық айтылмайды. Халық арасында осы мемлекеттік қаржылық саясатты қолында ұстап отырған шенеунік ұлтымыздың қамын ойлап отырма және қаншалықты қазақ елінің мүддесі үшін жаны ауыратын патриот — деген сұрақтың өз өзінен туары белгілі.

Ел экономикасының даму саясатын қалыптастыратын(мемлекеттің қаржылық саясатына жауап беретін) Ұлттық банкті басқарып отырған шенеунік жұрт көзіне тек бәрі жақсы, халықтың әлеуметтік дамуы ойдағыдай деп, елдегі  азық – түлік, тұтыну тауарлары мен қызмет көрсету тарифтері шарықтап, еселеп өсіп жатса да,   қолдан инфляция деңгейінің тиімді көрсеткішін жасаудан тайынбай келеді. Онымен қоймай еліміздің экономикасының қаржылық көзін молайтудың жолын, инвистициядан түскен және жер қойнауы байлығынан келетін қаржыны тиімді пайдалану жолдарынан іздеудің орнына әйелдердің зейнетке шығатын жасын ұзарту арқылы  ақша жасауды көздейтінін қайтерсің.

Егер еліміздің тағдырын шешетін салаларда осындай қазақ халқы тұрғой(мемлекеттік тілді ашық мойындамай отырған), құрып жатқан ұлттық мемлекет келешегіне немқұрайды қарап отырған шенеуніктер басқаратын болса қайда бара жатырмыз? Егер осы жағдайлар жалғаса берсе жастарды(барша азаматтарды) өз елінің патриоты етіп тәрбиелеу мүмкін бе? Өз халқының мүддесін қорғау мен ел ішіндегі бірлікті құр сөзбен, жасанды шоу – шаралармен қалыптастыру мүмкін емес, халыққа тәлім болар іс — әрекеттер ғана адамдарды патриоттық сезімге әкелетінін есте сақтайық.

Болат Дүйсембі

 http://ult.kz/kz/article/view?id=1165

Рубрика: