Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Абай ОМАРОВ (коллаж)

«Қорлықты мына 

кім көрген:

Алматы толы — үйсіздер.

Үйсіз де күйсіз жүргенмен,

Ұрпақтың қамын үнсіз жер,

 

– деп ашынып жазды ақын Ұлықбек Есдәулет. Ақынды күрсінткен, бір үйдің зары өткен барша қазақтың мұңы еді. Көрген көзде жазық жоқ, кеңес заманында өзге ұлттар қос-қостан үй алғанда қазақ тізімнің соңында тұратын. Ауыл адамын қалаға көше алмайтындай қылған кеңестік саясат келмеске кетті. Алайда қазақтың басым көпшілігінде әлі күнге басыбайлы баспана жоқ емес. Кешегі Қасымдар ала алмаған үй бүгінгі Қасымдарға да арман болып тұр. Бүгінде біздің елде 160 мыңға жуық адам тұрғын үйге мұқтаж. Тіркелгені – осы, тіркелмегені қаншама.

«Өз үйі өлең төсегі болмағасын» ұлттың са­ны қайтіп көбейеді. Кісі есігін сығалап жүріп туған баланың саны жылдан-жылға кемуде. Мәселен, елдің келешегі жастар десек, Батыс Қазақстан облысында 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны соң­ғы бір жылдың ішінде 172  мыңнан 169 мыңға түсіп, 3 мың адамға азайған. Рес­п­убликаның өзге өңірлеріндегі жағдай да мәз емес. Бұл Қазақстанның ұлттық қа­уіп­сіздігіне төнген тікелей қатер деп есеп­теуге болады.

Әрине, Үкімет қабылдаған баспанамен қам­ту бағдарламалары белгілі бір нә­ти­же­сін беруде. Дегенмен қолжетімді деп қан­ша айтқанымызбен, қолы қысқалау, ай­лы­ғы шайлығынан артылмайтын адамға бұл да оңай емес. «Арық атқа қамшы ауыр» де­мекші, еш жерде жұмыс жаса­май­тын, жа­сағысы келсе де жұмыс таба ал­маған жас­тар қалай үй алады? Біреуге жал­данып, ба­зарда арба сүйреп не жүкші боп жүр­гендердің жағдайы не болады? Көп­балалы ана­лар, «әлжуаз» топтардың өкілдері тұрған үй кезегі тіптен ұзақ, 40-50 жылдап кү­туге олардың ғұмыры жете ме? Ұлы Отан со­ғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін бас­панамен қамту тездей ме? Жер теліміне ке­зекке тұрғандар неше жыл күтуі керек? Қыс­қасы, халық күткен сауалдарға нақты жауап берілер уақыт жеткендей.

Сағаттап ақша сауса да, салықтан жалтарады

Бұрын «Шура әжей» мен «Ваня атай­дың» есігіне кіріптар едік. Енді өзіміздің бай­шыкештер мен алыпсатарлар құтырып барады. Халықтың бір бөлігі құрқылтайдың ұя­сындай болса да өз құжырасын ар­ман­дап жүрсе, әлгілер ауадан ақша «саууға» кі­рісіп кеткен. Қос-қостан, тіпті кейбірі бес-бестен пәтер сатып алып, айлап жібергені аздай тәуліктеп, сағаттап жалға беруге көшкен. «Сағаты – 1000-3000, тәулігі 4000-15 000 теңге» деп қарап отыр. Бұл пә­тер­лер жұрт демалатын сенбі-жексенбі түгіл, ап­таның былайғы күні де босамайтын кө­рінеді. Оларға күн құрғатпай кімдер ба­ратыны тағы да түсінікті… Ал енді осы жер­де біздің салық органдары қайда қарап жүр деген заңды сауал туындайды. Ба­зардағы алыпсатарларды «шағын кә­сіп­кер» ретінде тіркетіп, салығы мен зей­нет­ақы төлемдерін төлетуге қол жетті ғой. Осы тәсілді заңсыз жолмен күреп табыс та­уып отырған пәтер иелеріне неге қол­данбасқа?..

Қайрат СӘРСЕНБАЕВ, Орал қалалық салық басқармасы бастығының орынбасары:

– Өткен жылдан бастап облыс әкім­ді­гінің тапсырмасы бойынша ЖПИК-тер­­­мен бірлесіп, қаладағы жалға бе­рі­ле­тін пәтерлер саны мен осы жұ­­мыспен заң­сыз айналысатын адам­дар­ды анық­тау­ға кірістік. Қаладан жи­налатын салық ба­­за­сын кеңейту және об­лыс бюджетіне тү­сім­дерді ұлғайту мақ­сатында пәтерін заң­сыз жалға бе­руші 436 адамға ха­бар­лама жөнелттік, жа­ңадан 37 жалға бе­руші пәтер иесі анық­талды. Жалпы, об­лыс бойынша «Жал­ға беру және же­­ке­меншік немесе жалдамалы мүлікті пай­­далану», «Тұр­ғын үйді және өн­ді­ріс­тік емес мақ­сат­тағы басқа да жыл­жы­май­тын мүлікті са­тып алу, сату және жалға беру ке­з­індегі делдалдық қызмет көрсету», «Көп­пәтерлік және тұрғын үйлерді са­тып алу және сату» секілді қызмет тү­рімен тіркелген заңды және жеке кә­сіп­кер­лер­дің саны 1532 адам. Оның ішін­де пә­тер биз­несімен айна­лы­сатын тіркелген қа­ла­лық кәсіпкерлер саны – 1210. Біз алдағы уа­қытта пәтер­ле­рін заңсыз жалға беру­ші­лердің бар­лы­ғын анықтап, мін­дет­ті түрде  салық есе­біне алатын бо­ламыз.

Отандық салық талабы әлі де әлсіз 

Әлемнің дамыған елдерінде жергілікті органдардың қаржылық-экономикалық негізі жылжымайтын мүлік салығынан құралады екен. АҚШ, Жапония, Германия мен Франция мемлекеттерінде жыл­жы­майтын мүлік салығынан түскен табысты бө­лу және оны тиімді жарату ісі – жергілікті би­ліктің құзырында. Дереккөздеріне сү­йен­сек, қазір дүниежүзінде 130 ел дәл осы са­лықты енгізген. Әрине, әрқайсысында са­лық мөлшері әртүрлі. Мысалы, Италияда пә­терін жалға беретіндер табысының 40 па­йызын мемлекетке аударуы тиіс болса, аме­рикалықтар – 30, француздар – 25, чех­­тар мен түріктер 17-18 пайыз табыс са­лығын төлейді. Көрші Ресейде – 13 пайыз, ал біздің елімізде табыс салығы 10 па­йыз­ды құрайды (мұның сыртында арнаулы са­лық режимі мен патент негізіндегі ар­наулы салық режимін қолданатындар бар).

Арман НАУШАБАЕВ, қала тұрғыны:

– Иә, таныстарымның арасында па­тент алып, пәтерлерін жалға бе­ріп жат­қандар да бар. Бірақ мен өзімнің жал­ға беретін бір бөлмелі пәтерім үшін салық төлемеймін. Егер мемлекет ма­ған тұ­рақ­ты жұмыс тауып берсе, төлер едім. Ал егер мен күнделікті салық тө­лейтін бол­сам, бала-шағамды қандай ақ­шаға асы­­рамақпын. 

Облыстық салық департаменті қыз­мет­­­керлерінің айтуынша, қазір жеке тұл­ғалар кәсіпкер ретінде тіркелген жағ­дай­да, жал­пыға бірдей белгіленген тәр­тіп шегінде алын­ған табыстан 10 па­йыз мөл­шер­ле­мемен салық төлейді. Олар сон­дай-ақ ар­наулы салық ре­жим­де­рінің бірін таң­дау­ға да құқылы. Егер са­лық тө­леуші патент не­гізіндегі арнаулы са­лық ре­жимін қол­данатын болса, онда ол бар-жо­ғы 2 пайыз мөл­шерлемемен са­лық тө­лейді. Оңай­ла­тылған де­кла­ра­цияны қа­ласа, 3 пайыздық мөл­шерлеме қол­да­ны­лады. Бұл өте аз. Егер жоғарыда атал­ған шетелдердің тә­жі­рибесін біздің мем­лекетімізге енгізіп, са­лықты көтерсе, Ас­­тана мен Алматыны бы­лай қойғанда, кез келген облыс орталығы мен шағын қа­лалардың бюджеті мо­лая­ты­ны анық. Ол үшін бұл бағыттағы жұмыс та­банды түр­де жүргізілуі тиіс.

Автор: Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Орал

 

http://alashainasy.kz/society/40756/

Рубрика: