Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Бүгінгі қазақ Ұлы Отан со­ғысына өз елінен тыс жерлерден де аттанған. Сол елдің атынан майданға қатысқан. Әңгіме пост­кеңестік кеңістік жөнінде екен­дігін аңғарған боларсыз. 

1928-1929 жылдары қазақ жері мен елі үлкен үркіншілікті бастан өткізді. Алдымен байлар мен ірі феодалдардың мал-мүлкін кәмпескелеу деген, сосын бай-құлақты тап жауы ретінде жою деген. Оның соңы келіп Ұлы аштыққа ұласты. Міне, осы науқандар бүкіл қазақ елімен бірге Сыр бойын, оның ішінде Жа­ңақорған ауданын да қамтыды. Большевиктік биліктің сойылын соққан аудандық партия ко­митетінің хатшысы Қилыбай Көсеубаев пен округтік комитеттің өкілдері Жамбыл Ерденбаев, Қаратаев дегендер елді алатайдай бүлдіріп бітті. Әжелеріміз осы үштіктің атын атағанда жылаған баланың қорыққанынан үні өшеді екен. Жерден бір, малдан екі, жаннан үш айырылған халық ашаршылықтың алдында ауа көшуге ұрынды. Қайда? Әрине, бұрыннан барыс-келісі, алыс-берісі үзілмеген Жоғарыға! Жо­ғары дегеніміз Сырдың жоғары ағысындағы елді танытса керек. Нақтылай айтсақ, ежелгі Жиделі-Байсын жері. Қазіргі Өзбекстан мен Тәжікстан!

Қанша адам ата жұртын тастап ауа көшті? Нақты тізім жоқ жасалынған. Ол мүмкін де емес болар дәл қазір. Деректерге жүгінсек қайтеді? Сол жөн шығар. 1933 жылы қыркүйекте Жаңа­қорған аудандық партия коми­тетіне жауапты хатшы болып әйгілі «Бесеудің хаты» автор­ларының бірі Емберген Ал­тынбеков (Қызылорданың жа­нындағы Қышбөгеттің тумасы) келе қалады. Әрине, өз қалауы­мен емес, Голощекиннің қудалауы­мен, үлкен қызметінен төмендеті­ліп келеді. Сол кезде аудандық партия комитетінің конференциясын­да жасаған баяндамасында саба­зың «1929 жылы ауданда 30 мың тұр­ғын бар еді, қазір оның 10 мыңы ғана қалды. Сол кезде ауданда 450 мың бас мал бар еді, соның 4500-і ғана қалды. Ет жоспарына жібе­рілгені мыншама, қалғаны қайда?» деп шырылдаған екен. Ол кісінің жары, Шымкент қаласында тұ­ратын Мағрой Алтынбековамен 1995 жылдың күзінде жолығып, сұхбаттасудың сәті түсіп еді. Көпті көрген көнекөз кейуана көзіне жас ала отырып «Біз Жаңақорғанға барғанда аудан басшысы да қыз­метін тастап ауа көшкендермен ілесіп кеткен екен, аш-жалаңаш елден басқа ештеңе жоқ болатын» дейтін.

Сол көшкен елдің қатарында Төменарық ауылдық кеңесіне қарасты «Қандарал» ұжымша­рының да тұрғындары бар бола­тын. 1930 жылы жоғарыға ауа көш­кен елдің керуенін күзетіп, көшін түзеген ер-азаматтардың бірі Жүнісбек қарияның ұлы 18 жасар Құдас еді. Қазақ елінде болып жат­қан лаң Өзбекстан, Тәжік­стан­ды айналып өткендей. Керісінше, канал қазып, жер шұқынып, мақта еккен шаруашылықтар сырттан келген қол күшіне аса зәру болып шықты. Әсіресе, теміржол стан­саларына мақта мен жеміс-жидек, басқа да халықшаруашылық та­уарларын тасымалдауға түйе керуенімен барған қазақтарды пайдалану аса қолайлы болды. Ер-азаматтың көпшілігі тіршіліктің тауқыметімен шаруашылықтың сан саласында еңбек етсе, оқуға тек шамасы барлардың ғана қолы жетті. Солардың бір болып Құдас көке 1936 ж. Душанбе қаласында Қаржы-экономика техникумында білім алды. Ол сияқты оқи алған­дардың қатары көп те болмады.

«Арқада күн жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген, барған жері жайлы болса, ағайынның Ауғанға ауып несі бар дейміз ғой, өзбек, тәжік жерінде де басқан ізін аңдып, елден қуып барған белсен­ділерден тыншу көрмеген ағайын­дар одан әрі Ауғанстанға өтіп кетіп жатты. Пәнәйі себеппен өте алмай қалғандардың бірі еді менің әкем. Шекара асқан ағайындар араға алпыс жыл салып, Иран, Түркия­ны айналып тек 1994 жылдан бастап елге қайта орала бастады. Қатары өспеген, өнбеген, тек әйтеуір тұқымы өшпеген. Соған да шүкір делік.

Техникумды тамамдаған Қ.Жү­нісбеков 1936-1939 жж. Қы­зыл әскер қатарына алынып, Душанбе қаласында 20-байланыс эскадронының командирі, 1939-1941 жж. Қорғантөбе облысының Колхозабад және Куйбышев аудандарына аудандық әскери комиссариаттың комиссары болып қызмет істеді.

Соғыс басталғанда Тәжік­станда жасақталған 122-ұлттық полктың командирі ретінде майданға аттанған Құдас көке Саратов қаласында болған оқи­ғаны елеусіздеу етіп айтқан екен. Қалада екі-үш күн аялдаған полк бір әскери нысанды күзетеді. Солдаттарды аралап жүрген Құдас жол шетінен құндақталған екі-үш айлық нәрестені тауып алады. Өз қолымен алып барып балалар үйіне өткізеді. Балалар үйінің меңгерушісі нәрестенің аты-жө­нін сұрайды ғой. Бұл қайдан білсін? Содан баланы «Жолашар Құ­дасұлы Жүнісбеков» деп өз тегіне жаздыртады. «Әкеміздің осы әңгімесіне онша назар аудара қой­маған едік. Кейін сексенінші жыл­дары Ресейдің телеарналары­на хат жазып, хабарласып көріп едік, дерегі табылмады. Қандас болмаса да әкеміздің атын алып жүрген бауырымыздың хабарын осы күнге дейін күтудеміз» дейді Құдастың кенже ұлы Шаяхмет Жүнісбеков.

Қ.Жүнісбеков соғысты 2-Украин майданының Воронеж қаласы маңындағы шебінде қарсы алады. Оның соғысқа қатысқан осы алғашқы сәті туралы жаңа­қорғандық журналист Қазақбай Әлібеков 1968 жылдың 24 ақпа­нында «Коммунистік еңбек» (қа­зіргі «Түркістан») газетіне «Абзал азамат» деген мақала жариялаған еді. Воронеждегі шайқаста алыстан атылған зеңбірек оғының жарықшағы Құдастың қолының қарын және жүрек тұсын жара­қаттайды. Жарықшақ кительді ойып, гимнастерканың жүрек тұсына тігілген партиялық билетін тесіп өтіпті. Кейіннен осы оқиғаға байланысты дивизиялық газетте Құдас туралы «Партбилет – солдат өмірін қорғады» деген мақала да жарияланған екен.

Соғыс өртіне қақталып, небір қиын сәттерді бастан өткізген Құдас Жүнісбеков әскери шені көтеріліп, 1943 жылы атқыштар батальонының командирі болып тағайындалады. Осы кездегі сол­дат­тардың әрекетін қас-қабағы­­нан танитын кәнігі командирлерге тән психологиялық сезімталдық Құ­­дас көкеде болған екен. Ол кісі айтып отыратын: «Шабуылға шығар алдында солдаттарды сапқа тұр­ғызып, мән-жайды түсін­діре­міз. Сонда олардың арасынан ша­буылдан қайтпай қалатындарын көз жанарларынан танушы едім. Адам ажалмен бетпе-бет келгенде өлмейді. Оған дейін-ақ оның рухы тәнін тастап кететіндігіне талай куә болдым. Сондайларды түрлі себептермен әскери тапсыр­ма­лардан алып қалып та көрдім, бірақ болмайды екен, олар блин­дажда жатып та ажал құшып жатты. Сондағы көзім жеткені – адамды ажалдан құтқарып қалу пенденің қолынан келмейтін іс екен, тек сұм соғыс тоқтағанда ғана ажалға сабыр болады екен».

1942-1943 жж. 2-Украин май­данында атқыштар ротасының командирі, 1943 ж. атқыштар ба­тальонының командирі болған Құдас көке 1944 ж. ауыр жарала­нып, капитан дәрежесінде елге оралады. 1944-1946 жж. Тәжікстан Республикасы Ішкі істер ми­нистрлігі мен Мемлекеттік Қауіп­сіздік комитеті жанындағы сот-прокуратура органдарының сек­­тор меңгерушісі, 1947-1948 жж. Қорғантөбе облыстық партия комитеті жанындағы соғыс комис­сариатының меңгерушісі, 1948-1949 жж. Колхозабад аудандық партия комитетінің бірінші хат­шысы болып қызмет істеді.

1950 ж. Тәжістан КП Орталық комитетінің Жоғарғы партия мектебін тамамдап, елдің саяси өміріне белсене араласты. Елуінші жылдары Тәжікстанда су-электр станциялары көптеп салына бастады да, олар Бүкілодақтың екпінді құрылыс болып жария­ланды. Солардың бірі Төменгі-Варзобский ГЭС-ін іске қосудағы қажырлы еңбегі үшін тікелей Орталық комитетке қарайтын осы ГЭС партия комитетінің хатшысы Құдас Жүнісбеков Тәжік ССР Жоғарғы кеңесінің Құрмет гра­мотасымен марапатталады.

1957 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің арнайы шақыруымен туған елге оралып, 1957-1958 жж. Түркістан ауданы Шаға ауылдық кеңесінің төрағасы, 1959-1960 жж. Жамбыл кеңшарында партком хатшысы, 1961-1968 жж. Түркістан «Киіз үй» фабрикасының бас инженері және директордың орынбасары қыз­меттерін атқарған. Тәжікстан мен Өзбекстанда тарыдай шашы­лып жүрген қаншама шаңырақты елге қосты осы кезде. 1968 ж. соғыста алған ауыр жарақаттан 56 жасында дүниеден озды.

Жүнісбеков Құдастың Ұлы Отан соғысындағы және бейбіт еңбектегі қызметі «Александр Невский» және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдығы» және т.б. медаль­дармен марапатталған. Харьков, Полтава, Белгород, Кременчуг, Кировоград, Воронеж және Сталинград қалаларын жаудан азат еткені үшін Бас қолбасшы И.Сталиннің алғыс хаттарын алған. Сол сияқты Түркістан Әскери округінің қолбасшысы, Армия генералы И.Федюнин­скийдің Жеңістің 20 жылдығымен құттықтаған алғыс хаты, Оңтүстік Қазақстан облыстық әскери ко­миссары, полковник Д.Садо­вой­дың Совет Одағы Қарулы Күште­рінің 50 жылдығына орай Құт­тықтау хаты, Жеңіс күніне орай Түркістан ауданы басшы­ларының Құттықтау хаттары да ұрпақтары көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан жәдігерлер қатарында бүгінгі күні.

Екінші дүниежүзілік соғыс, ондағы Ұлы жеңіс алыстаған са­йын оған деген көзқарас та өзгеріп келеді. Заман да, қоғам да, со­нымен бірге адам да өзгерді емес пе?! Қазіргі кезде шетел болып саналатын Тәжікстаннан әскерге аттанған Құдас Жүнісбеков сияқты ардагерлердің есімдері ұмытылып бара жатқандай ма? Құдас Жүнісбековтің соңында үлкен әулет өсіп-өнді. Үлкен қызы Күлай Шымкент қаласында тұ­рады, зейнеткер. Қожахмет, Мыр­захмет, Бақбергендер Түркістан және Кентау қалаларында тұрады, ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отыр. Кенже ұлы Шаяхмет Түркістанға танымал кәсіпкер, меценат. Олар осы күнге дейін ата қоныс – туған жерінен қол үзген емес.

Осындайда кейбір жайттар еске оралады. Жақында Қ.А.Йас­сауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымда­ры­ның докторы, Моңғолиядан келген оралман Мініс Әбілтайын ақсақал 84 жасында дүниеден озды. Он жылдан астам қызметтес болдық. Ақсақал ғалым 75 және 80 жылдық мерейтойларын атап өтуден үзілді-кесілді бас тартқан еді. Өзі туралы насихатты мүлдем ұнатпаушы еді. Бәлкім, ондай құрметке лайық еңбегі жоқ болар деп ойларсыз? Жоқ, ол кісінің еңбегі өз қатарластарынан артық болмаса кем емес болатын. Жа­рықтық, өзі көңілденіп отырған­да айтатын «Менің еңбегім моң­ғол халқының ғылымы мен мәдение­тін көркейтуге жұмсалды. Өз Отаныма жасамаған еңбекті елі­ме бұлдап не керегі бар!» деп. Қыз­мет баспалдағында Моңғолияда Ор­талық комитеттің жанындағы партия институтының директоры болуы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталуының өзі аз жетістік емес. Жырақта туып, шетелге жасаған қызмет – ұлт­жанды азамат үшін заяға кеткен қызмет сияқты болып көрінген екен-ау. Көпшіліктің де қабылдауы соған саяды. Мүмкін, солай да болар?!

Қалай дегенде Моңғолия – біз үшін шетел ғой. Ал Құдас көкемнің жастық жігері мен саналы ғұмыры халық шаруашылығын өркен­детуге жұмсалған Тәжікстан ше? Қазір шетел болғанымен Кеңес Одағы деген ортақ үйіміздің бір отауы, бір шаңырақтың астындағы ел емес пе едік?! Құдас көкемнің есімі Тәжікстанда ендігі кезде еленуі қиын, содан да туған елінде еленуі тиіс.

Ерді кебенек ішінде таниды. Ердің бағасын білу үшін мына деректі біле жүргеніміз жөн-ау. 1929-1931 жылдары Жаңақорған ауданындағы халықты тоз-тоз етіп, туған елден көшіп кетуге мәжбүрлеген бірінші хатшы Қи­лыбай Көсеубаевтың аты Шым­кент қаласында көшеге берілген. Ал ауа көшкен елдің іргесін се­тінетпей, шет жерде де елдің елді­гін сақтап, ердің ерлігін жасаған Құдас Жүнісбековтің атына әзірге туған жерінде жетім көше де бұйырмай тұр. Заман да, қоғам да, адам да өзгерген жоқ па? Қашанғы таразыны қып-қызыл бәлшебектер баса береді? Мүмкін, мұндай игілікті істің оң шешімі алдағы уақыттың еншісі болар?! Елдік үшін жасалған ерліктің үлкен-кішісі болмайды, ондай ерлік ұмытылмауы тиіс қой.

Біз соғыс өртіне шарпылған аға буынның ұрпағымыз. Содан да бейбітшіліктің қадірін жақсы білеміз. Бүгінгі және болашақ ұрпақ та бейбітшілікті алып келген Ұлы Жеңістің құнын біліп, қадіріне жетуі керек. Тарихтың сабағы деген осы болса керек.

Хазретәлі Тұрсұн, тарих ғылымдарының докторы, Түркістан қаласы

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/48350

Рубрика: