Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ukraine_raskolЕлші болғанда да анау-мынау елші емес, Ресейдің Украинадағы елшісі Михаил Зурабов өткен аптада Мәскеуде президент Владимир Путин өткізген кеңестен қайтып келе жатып, Киевтегі Борисполь әуежайында төлқұжат тексеруінен соң журналистер алдында «Мен Украинадан саяси баспана сұраймын» деп мәлімдеме жасады.

«Мен әрқашан іштей Украинаның позициясын қолдап келдім, оның бұл жағдайы жаныма қатты бататын, бірақ қызмет бабыма байланысты ойымды ашық айта алмадым, тек қана әлеуметтік желілерде бүркеншік атпен жариялап отырдым. Мұндай қадамға бару туралы көптен бері ойланып жүргенмін, ал соңғы түрткі болған екі нәрсе – сіздердің белсенділеріңіздің біздің елшілікке келіп пикет жасағаны мен Украинаның бұрынғы Сыртқы істер министрі Дещицаның Ресей көшбасшысы жайлы айтқан әні» дейді экс-елші.
Бір қызығы, М.Зура­бовтың көп уақыттан бері украиналық символикасы бар киімдерді коллекция жасайтын әдеті бар екен. «Мейлі, әркім немен әуестенуді өзі білетін шығар, оның бүгінгі мәлімдемесіне не қатысы бар» дейсіздер ғой. «Шыжығы» сол, Зурабов өз сөзінің дәлелі ретінде журналистерге свитерінің іші­нен киіп алған «Путин – х…ло» деген жазуы бар футболкасын көрсеткен. «Украина маған сонау 2009-шы, мен елші болып келген жылы-ақ туған жерімдей болып кеткен. Алты жылдан бері Киевке бауыр басып қалдым, сіздердің астаналарыңыз менің де ең сүйікті қалама айналды» дейді сезімін жасыра алмаған елші.
Донбасстағы жағдайды реттеу үшін құрылған үшжақты келіссөз тобындағы өз жұмысына да түсінік береді: «Террористермен келіссөз жүргізу маған өте ауыр да жиіркенішті болды. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, қарсы алдыңда украиналықтарды қырып-жойған, олардың жерін тартып алған, аузынан жағымсыз иіс шығатын адамдар отырса қандай боласыз?!».
«Болашақта Украинаның үлгілі азаматы болуға тырысамын. Украина жасасын!» деген ұранмен сөзін аяқтаған экс-елшіге шекара қызметі саяси баспана әперу үшін сол күні-ақ құжат жинауды бастап кетіпті.
Теңізшілерде «кеме суға кетерде, оны ең бірінші сезініп, тас­тап қашатын – егеуқұйрықтар» деген сөз бар. Олардың кәсіпкерлер, саясаткерлер, олигархтар емес, енді елшілердің ішінен де шыға бастағаны Ресейдің ыдырар күнінің де алыс еместігінің айғағы болса керек.

«Тарт қолыңды Қырымнан!»

Өткен аптада ресейлік мемлекеттік ақпарат құралдары жапа-тармағай жазған тағы бір оқиға орын алды. Ресей президенті Владимир Путин «Ұлттар ісі жөніндегі федералдық агенттік туралы» жарлыққа қол қойды. «Ресей Федерациясының көпұлтты халқының (ресейлік ұлттың) бірлігін нығайтуға бағытталған іс-шаралар жасаумен және оларды жүзеге асырумен айналысуға тиіс» бұл құзыретті органның бірінші ісі не болғанын білесіздер ме? Дәл осы жарлықпен бір мезетте қырым татарларының ATР телеарнасы өз жұмысын тоқтатты. Тек ол ғана емес, қырым татарларының тілінде хабар беретін, балаларға арналған «Лела» телеарнасы, орысшаға қоса, қырым татарлары тілінде де хабар тарататын «Мейдан» және «Лидер» радиостансалары мен «Авдет» газеті, қырым жаңалықтары агенттігі QHA жабылды. Бірақ, бұл оқиға жайлы ресейлік бір де бір мемлекеттік ақпарат құралы дабыл қағып, жапанға жар салуға асықпауда…
Қырым татарлары сталиндік депортацияны ұмыта қойған жоқ. Ол мүмкін де емес. Қалай ұмытарсың, егер ешкімге ешнәрсе алуға рұқсат етпесе, кішкентай балаға шейін түнде ұйықтап жатқан жерінен апарып вагонға тиеп, аш-жалаңаш көз көріп, құлақ естімеген алыс сапарға, өлім сапарына аттандырса. Қалай ұмытарсың, егер сол сапардан қырымдық татарлар туған жеріне халқының қырық пайызына жуығын жоғалтып барып оралса…
Бірақ, олар оралғанда құрметтеп қарсы алған, кешірім сұраған тірі жан тағы болған жоқ. Жалпы, Ресей мемлекеті өзін мұрагері деп ресми жариялаған Кеңес Одағы мен Ресей империясының жантүршігерлік қылмыстары үшін ешқашан ешкімнен кешірім сұраған емес. Бұл сізге нацистік Германияның қылмысы үшін әлі күнге дейін миллиардтаған құн төлеп келе жатқан немістердей текті ел емес қой…
Кремльдегілердің бұл жолы да жүрістерінен жаңылмаған түрі бар – олар туған халқы туған жеріне оралуға құқылы болуы жолында бүкіл саналы ғұмырын теміртордың ар жағында өткізген Мұстафа Жемилев пен Қырым Мәжілісінің жетекшісі Руфат Шұбаровты Қырымға кіргізбей қойды.
Әрине, біздің бауырларымыз – қырым татарлары, ерте ме, кеш пе, бәрібір жеңіске жетеді. Оларды Сталин жеңе алмағанда, Путинге жеңу қайда?! Жеңе алмауының басты себебі – олардың ісі ақ! Жаратушы Хақ-Тағаланың қырымдықтарды желеп-жебеп, бүгінгі күнге аман жеткізуі де сондықтан. Тек оларға біз қашан көмек қолымызды созамыз? «Қырым татары» деген аты болмаса, заты өзіміздің қазақ қой! «Соқыр тауыққа бәрі бидай» дегендей Еділ бойының бұлғарларын да, моңғолдарды да, сақ дәуірінен бері-ақ Қырымды жайлаған қазақтарды да татар атандырған орыстар. Сіз олардың тегін сұрастырып көріңізші, қазақтың ірі басты руының бәрін табасыз.
Рас, олар өздерін қазақпыз деп санамайды. Бірақ, «аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді», біз бүгін оларға, біржолата жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұрған ноғайларға көмек көрсетсек, бұл түптеп келгенде өзімізге көрсеткен көмегіміз екендігін неге ұмытамыз? Жеке адам секілді әр ұлттың да жасаған жақсылығы да, жамандығы да ертең-ақ алдынан еселеп шығады. Иә, біз бүгін басқаға жәрдем жасай қоятындай да жағдайда емеспіз. Әр отбасы қайтсем жан бағам деп, қалайда тірі қалуы үшін тырмысып бағуда. Солай болған күнде де бауырлардың бір уақыт хал-ахуалын сұрап қойған артық болмайды, ең болмаса, сөз жәрдемімізді көрсетіп, тілектес екенімізді, оларға мына қатігез заманда жалғыз емес екендерін сездіргеніміздің өзі демеу. Рас, біздің бүгінгі биліктің оларға емешегі үзіле қоймайтынын бәріміз де білеміз (өзінің сырттағы қазағын келтіртпей отырғандар қырымдық қандасын қайтсін?!). Дегенмен, Қасым Аманжолдың Украинаға барып келгеніндей, қолы ұзындау ұлтшыл журналистер немесе ұлт демеушілері сәл жанашырлық көрсетсе кешегі күндері қырық батырымыз өткен жерден арнайы репортаж жасағанымыз абзал іс болар еді. Мысалы, менің өзім қанша күнге болса да іс-сапарға шығуға дайынмын…

Украина бөлшектелуге таяу ма?

АҚШ-тың «The National Interest» басылымының тілшісі Джеймс Карден Донбасстан ерекше репортаж жасапты. Бірнеше күн бойы Ресейдегі «кіші» ұлттардың ішінде болған ол өңірдегі елдің көңіл-күйі қайтадан Украина қол астына кіруді мүлде қаламайды дейді. Сол себепті де минскілік келісімшарттары оп-оңай бұзылып жатқан сыңайлы. Ең бастысы дейді тілші, шығыс украиналық бұл облыстағы әскерилер тура сол американдық конгрессмендер секілді ойлайды екен – екі жақтың өкілдері де ұзақ мерзімді соғыс қимылының басталуы күмән туғызбайды, әңгіме тек оның қашан басталатынында деп санайды. Сондықтан, «киевтіктер батыс елдерінен алған миллиардтаған долларды экономиканы көтеруге емес, әскердің күш-қуатын нығайтуға жұмсауда» деп санайтын олардың өздері қанды қақтығысқа қапысыз дайындалып жатыр дейді. Дебальцево түбі мен Донецк әуежайында екі бірдей жеңіліске ұшыраған украиналық армияның жаңа қарумен жасақталуда екені ешкімге де құпия емес, ол жайлы президент П.Порошенконың өзі де хабарлаған болатын.
Джеймс Карден егер қандай да бір санкциялар салдарынан немесе басқа да бір себептермен Кремль Ресейдегі «кіші» ұлттарға көмек беруден бас тарта қалған күннің өзінде заманға сай қару-жарақпен қаруланып үлгерген, оның үстіне мол әскери тәжірибе жинап алған жергілікті әскер ешқайда кетпейді. Киевтің өкілдері мұхиттың арғы бетіндегі пірлеріне қандай ақпарат берсе де, бұл қақтығыс тек бүгінгі күнгі жағдайға ғана емес, елдің болашағына деген көзқарастары, пікірлері, ұстаным-қағидалары мүлде кереғар екі ірі топтың арасындағы азамат соғысы болып табылады. Ал, екі жақтың да, ең бірінші кезекте әскери сұрақтар жағынан аса қуатты қолдаушылары бар болғандықтан, бұл азаматтық соғыс халықаралық қоғам үшін өте қауіпті дейді ол.
Осының бәрін қорыта келе журналист бейбіт келісім іске аса қалған күннің өзінде де Донбассты 2008 жылғы грузин-орыс соғысынан кейінгі Оңтүстік Осетия сценарийі күтіп тұр деген тұжырымға тоқтайды. Оның дәлелі – көктемнің соңғы айында Донецкіде өткізуі көзделіп отырған Абхазия, Оңтүстік Осетия, Таулы Қарабақ және Донецк Халық Республикасы өкілдерінің кездесуі дейді.
Жалпы, «өлетін бала молаға қарай жүгіреді» дегендей, біздің өз жорамалымыз бойынша, Кремль билігі өзге елдердің ісіне «орыстың қамы» деген сияқты неше түрлі ойдан шығарылған сылтау-желеумен қол сұғуы күшейе берген сайын ол өзінің көрін өзі тереңірек және тезірек дайын болатындай етіп қаза бастайды. Әлемде қазір ыдырамаған бір ғана империя қалды, ол – Кремль. Ресейдің батыс еуропалық дамыған елдерден үлгі алып, отаршылдық пиғылдан мүмкіндігінше бас тартып, халықаралық мәселенің бәрінде «бір ел – бір дауыс» деген әділетті қағидаға құлақ аспай, өзім білемінге салынғаны өзінің соры.
Бір кездері президент Борис Ельцин Қазан қаласына келіп тұрып: «Берите суверенитет столько, сколько переварите!» деп қойып қалды. Бірақ, әдеттегідей артық кетіп қалғанын сол сәтте түсіне қойды да, іле-шала: «Но не забывайте, что вы находитесь в центре Россий!» деді. Ельцин сол бетімен Татарстан, Башқұртстан, Якутия, Бурятия және т.б., сондай-ақ, Қап тауларының теріскейіндегі Еуразия құрлығын байырғы мекендеуші елдерге шынайы дербестікті, тәуелсіздікті сыйлағанда тарихқа мүлдем басқаша атпен кірген болар еді. Бірақ, оның сүйегіне сіңіп қалған империалистік, шовинистік у бой бермеді.
Мәңгілік ештеңе жоқ. Империялар да сол секілді. Әрқашан қарама-қайшы үдерістер қатарласа жүреді. Оны философияда «қарама-қайшылықтар бірлігі» деп атайды. Мысалы, бір жағынан әлемде жаһандану жыл сайын кең қанат жайып жатса, екінші жағынан ұлттардың өзінің жеке ел болуды аңсаған азаттық күресі де күшейе түседі.

Өмірзақ АҚЖІГІТ

Озбыр империялардың бәрі де күйреп тынған…

Рубрика: