Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

1f0bd686c742cc96a77523211b9597feКүні кеше қаба сақалды Солженицин, бүгінгі Ресейде саясат алаңында сайқымазақтың «рөлін» ойнап жүрген Жириновскийдің «қазақ жері орыстарға тиселі, солтүстік өңірді Ресейге қосу керек» деп айтқаны жай нәрсе екен.

Тіпті олардың сандырақтарына «ит үреді, керуен көшеді» деп қарап, онша елемеуге де болады. Өйткені олар ойындағасын айтқан тұста қазақ елі енді ғана тәуелсіздік алып, етек-жеңін қымтап жатқан кез еді. Ондай пікірді еліміз енді-енді бой түзеп, еңсесін көтере бастаған алғашқы кезде, қазақтың нанын жеп, суын ішіп келген, бойында шовинистік «рухы бұрқыраған» өзгелер де «қазақтар орыстарсыз мемлекет бола алмайды» деп мұқатып қалуға тырысқан.

 

Құдайға шүкір, кешегі Қазақстан мен бүгінгі Қазақстанды салыстыруға келмейді. Бүгінде, шекарасын бекіткен, шаңырағын тік көтерген, әлем таныған елге айналдық. Сөйтіп жүргенде «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, «өзбек – өз ағам» деп еркелеп жүрген көршілеріміз ос­қырына қарады. Ойындағысын айтты. Көкейіндегісін білдірді. Сонда олар не дейді? «Егер Нұрсұлтан Назарбаевтың ойы (Түркияға барағанда Елбасы Түркі одағын құрсақ деген баяғы Тұрғыт Өзалдың бас­та­масын жаңғыртуға тырысқан) расымен де шы­найы болса, онда ол бейбіт жолды таң­дай отырып, қазақ халқын түркі халық­та­рының бірі саналатын өзбектермен, Қа­зақстанды түркі мемлекеті Өзбекстанмен біріктірсін. Сол арқылы ол оның бұрынғы беделін қалпына келтіруге үлесін қосар еді. Қазіргі Қазақстанның барлық аумағы қазақ тарихшыларының өздері дәлелдеген Қоқан хандығын айтпағанда, 1312 жылдан бері Өзбекстан деген атты иеленген бірінші өз­бек мемлекетіне тиесілі екені анық».
Осылай деген Рүстемжон: «Қазақстан Өз­бекстанға Каспий жағалауына шығатын жер бөліп беруі керек. Өзбектер ол жерге өз­дерінің жағалау құрылыстарын, сонымен бірге жүк және жолаушылар теңіз терми­нал­дарын салады. Әгәрәки Қазақстан бұ­ған келіспейтін болса, Өзбекстан әскери-саяси һәм экономикалық қысым жасау арқылы дегеніне жетеді» дейді. Осылай қор­қытып-үркіткісі келеді. Бұлай деп мұ­қым өзбектің атынан гәпіріп отырған эко­номика ғылымдарының докторы, академик Рүстемжон Абдуллаев деген ака.
Бұл оның өз пікірі ме, әлде барша өз­бек­тің көкейін тесіп жүрген ой ма, белгісіз. Не де болса, қазақ жеріне көз алартты. Ке­шегі дүниені дүркіретіп өткен түркі жұр­тының бір тармағы, бауырласымыз осылай деп жатқанда, ойдағы орыс, қырдағы қытай не демесін? Бұған қарсы уәж айтатын тарихшыларымыз ауыздарына су толтырып алғандай, үнсіз қалды. Әлде Рүстемжон аканың айтқаны дұрыс па? Өйткені үнсіз­діктің өзі келісімнің белгісі емес пе? Тек саясаттанушылар ғана дүрлігісіп қалды. Бел­гілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев: «керісінше, Өзбекстан мен Қырғызстан Қа­зақстанға қосылғаны жөн. Оның өзіндік себептері бар. Мәселен, біз көршілерімізде болып жатқан қиын жағдайды көріп отырмыз. Қырғызстан мемлекет болудан қалып барады. Әлсін-әлсін болып жатқан мемлекеттік төңкерістер, әртүрлі ұрандар көтерілген мәнсіз-мағынасыз шерулер, ин­весторларға қарсы рэкеттік іс-әрекеттер, жаппай көшу – бұл елді әбден әлсіретті. Мұндай қиын жағдай Өзбекстанның да басында бар. Экономикада қол жеткізген азын-аулақ табыс болғанымен, елдің жалпы ішкі өнімінің белгілі бір бөлігі гастер­байтерлер есебінен түзілуде. Ұлттық валюта құнсыз. Діни факторлар бой түзеп, экст­ремизм өркендеп барады…» дейді Әшімбаев. «Бұларға қарағанда, Қазақстан қуатты. Ішкі-сыртқы саясаты мығым. Эко­номикасы серпінді. Көп ұлттың өкіл­дері отырғанымен, ауызбіршілік бар, ынтымақта өмір сүруде. Демек, бұл екі ел құқықтарын сақтай оты­рып, автономия ретінде Қазақ­станға өз еркімен қосылып жатса, жаман бол­мас еді-ау» деп уәж айтады Данияр іні­міз.
Бұған да шүкір. Ендігі әңгімені тарих­шылар айтуы тиіс. Өйткені жараны ірің­демей тұрып сылып тастамаса, бүкіл денеге жай­ылып кететіні бар. Бүгін бір өзбек осы­лай доң-айбат жасаса, ертең тағы бірі Оңтүстік Қазақстан ежелгі өзбек жері деп сайрап шықпасына кім кепіл? Өзбекстанда бүкіл БАҚ биліктің бақылауында екені бел­гілі. Билікке жақпайтын дүниені олар жібере қоймасы хақ. Аяқасты мұндай мақаланың шығуы тегін емес. Демек, өзбек билігі де академиктің айтқанын құп көрген­дей. Қазақтардың шамына тиіп, аңдысын аңдығысы келеді. Қазірдің өзінде академик Рүстемжонның мақаласы екі елдің сая­саттанушылары арасына от тастады. Үрле­ді. Екі жақ ғаламтор желілері арқылы ай­тыс­ты бастап жіберді. Мәселен, Данияр Әшім­­баевтың пікіріне қарсы Бекзод Ибо­тов деген біреу (өзбек) «Армандапсың…» деп ай­қайлатып ат қойып, қарсы пікір  жа­­риялады. «Ашамбаев или Ашинбаев… нуу не важно деп келген автор, «оның ба­сын­да ми жоқ. Барына күмәндімін» дейді. «Қазақстанға держава болу қайда-а-а» дей­ді. Даяр мұнайды сатуды қазақ тұрмақ, жабайы араб тайпалары да біледі. Бұл дамудың жолы емес… Ресейдің ықпа­лын­дағы мем­лекет… Ата-бабаң қой бағып жүр­генде, өз­бек жерінде ғылым өркендеп жатты… Сендерге салса, біздің ұлы атала­ры­мыз Темірлан, Навои, Бируни, ибн Си­наларды да қазақ деп атай салмақсыздар. Өзбекстан саны жағынан басым, армиясы күшті, тоғыз жолдың торабына орналасқан алып ел…» деп жазады әлгі пақырың.
Бұған қарсы дау айтып жатқандар да бар. Қалай десек те, Рүстемжон Абдул­лаев­тың сандырағы көрші отырған, бауырлас елдер арасына ши жүгірту, сына қағу деп ұққан жөн сияқты. Тіпті арандату деп қабылдасақ та артық емес. Қазақтар кезінде Өзбекстанға өтіп кеткен жерлерді (Мырза­шөл және Бостандық ауданы) қайтарып алу турасында дау көтерсе, не болмақ? Тіпті Қарақалпақстан да кезінде қазаққа қарады. Кейіннен түрлі саяси қитұрқы әрекеттерден соң Өзбекстанға қарап кетті.  Даулар бол­сақ бізде де дәлел-дәйек жеткілікті ғой. Бі­рақ өнбес дауды қуып қажеті бар ма? Рүстемжон «біз көппіз, армиямыз мақты» деп қорқытпақ болады. Ақиқатына келсек, бүгінде 30 мил­лионға тақап қалған өзбек халқының қаншасы қазақ, қаншасы тәжік, қаншасы қырғыз бен түрікпен екенін біле ме екен? Ертең әлдеқандай жағдай бола қалса, қазақ қазақпын деп, тәжік тәжікпін деп, қанына тартпай тұр­майды  дейсің бе? Өзбек үшін өлем дей­тін­дер аз. Армия дейді. Ар­миясы кіммен со­ғы­сып шыңдалды екен? Ешкіммен. Құр дау­рығу. Керісінше, бүгінгі Қазақстан қарулы күштері сапасы жағынан да, атыс құралдары, техника жағынан да оқ бойы озық тұр. Біздің армияның техникасы да, атыс құралдары да жаңартылған. Орта Азияда (соның ішінде Өзбекстанда) жоқ зениттік-зымырандық С-300 кешендері де бар. Бұл – биіктігі 40, қашықтығы 200 ша­қырымнан ондаған нысанды бір уақытта атып түсіретін ғаламат зымырандық қару. Демек, Қазақстан аспаны тегіс қымтаулы деуге болады. Бұл – бір. Екіншіден, сыртта қаңғып, өзге елдің отымен кіріп, күлімен шығып жүргендер де сол өзбек пен қырғыз емес пе? Қысқасы, осыдан 15 жыл бұрын екі ел арасында Мәңгілік достық туралы келісімге қол қойылған болатын. Ал кешегі маусым айының ортасында қазақ басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға жасаған кезекті ресми сапарында Страте­гиялық әріптестік туралы келісімге мөр ба­сылды. Яғни бұл келісім көрші жатқан бауыр­лас екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашқан болатын. Соны бәзбіреулер бұзғысы келетіндей. Екі ел арасында қалыптаса бастаған осындай дүрдараздықты үшінші бір күштер қозды­рып, өз мақсаттарына пайдаланып кетуі де мүмкін. Сондықтан екі ел арасына ши жү­гір­тетін, ойы бұзық, пиғылы теріс айтқыш­тардан сақ болған жөн.

 

Ұлықбеков Сейсен

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/26458

Рубрика: