АЛТЫНОРДА
Новости

Өз елімізде тұрып, өрендеріміздің өзбекше оқығаны қалай?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Тіл – ұлттың бітім-болмысын қалыптастыратын басты құрал. Және бала қай ұлттың тілінде білім алса, сол ұлттың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін бойына сіңіріп өседі. Сондықтан қазақ баласы өз ана тілінде сауат ашып, білім алуы тиіс.

«Ресейде қазақ мектептері жоқ, сол себепті ондағы қазақ балалары орыс тілінде дәріс алып жүр. Қытайда қазақ мектептері жабылып жатыр, Өзбекстандағы қазақ балаларының жартысы өзбек мектептерінде оқыса, қазақ мектептерінде оқығандары «қазақ тарихының» орнына «өзбек тарихын», «қазақ әдебиетінің» орнына «өзбек әдебиетін», тағы да басқа пәндерді де солай игеріп жатыр» деп шекараның аржағындағылар шерін айтып жүріп, өзіміздегі шерменде жағдайды көзден таса қалдырыппыз.

Қазақ балалары өз елінде өзбек тілінде оқып жатса, шерменде емей немене?! Орыс, қытай, өзбек бала­ларының өз елінде қазақ тілінде оқып жатқанын естігеніңіз бар ма? Біз де естіген емеспіз. Егеменді ел болғаны­мызға 21 жылдан асса да, қазақ бала­ларының өз елінде өзбек тілінде оқып жатқанын қандай объективті, субъек­тивті себептермен ақтап алуға бола­ды?!

Оңтүстік Қазақстан облысында өзбек ұлтының өкілдері көптеп тұратыны белгілі. Тіпті екі-үш қана қазақ отбасы қоныстанған ауылдар да бар. Бірақ бұл қазақ балаларының өзге тілде білім алуына сылтау бола алмайды. Қолдағы дерекке сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы сегіз ауылдық округте 120 қазақтың қара домалағы өзбек тілінде оқып жүр. Ондағы атқамінерлер «қазақ мектебін ашуға бала саны жетпейді» дегенді алға тартады. Шындығында, еліміздің әр қиырында мұндай мысалдар жетерлік. Оңтүстік Қазақстан облысында қара­көз қазақтың балалары өзбек тілінде білім алса, Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарында да талай қарадомалақ қазақ баласы орысша тіл сындырып, білім алып жүр. Олардың құқығын қорғауға бүгінгі күні жергілікті басқару органдары мен ҚР Білім және ғылым министрлігі де мойын бұрып қарар емес. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, тәуел­сіз ел атанғанымызға 20 жылдан астам уақыт өтсе де, болашағымыз са­на­латын балалардың бұл мәселесіне бас ауыртып отырғанымыз жоқ. Қан­ша­ма орыстанып, өзбектеніп бара жат­­­қан қазақ баласының мәселесі ті­ке­­лей ұлт мәселесі екені сөзсіз.

Ал ата-ана болса ба­ла­сын шалғай ауылдағы қа­зақтілді мектепке беру­дің жөнін таппайды. «Қа­лауын тапса, қар жанар» де­мекші, егер шы­ны­мен ұлты үшін жаны ауыратын ұлт­жанды бір атқа­мінер аза­мат табылса, бұл мәсе­лені шешуге болар еді.

Динара АЙКӨЗОВА, Сайрам аудандық білім бөлімінің бастығы:

– Алдағы уақытта мек­теп­терді бір-біріне қосу арқылы қазақ сы­нып­т­арын­ ашуды ой­лас­тырып жа­тыр­мыз. Сондай-ақ ба­ла­ларды та­сы­малдауға қосымша көліктер ұйымдастыру үшін аудандық бюд­жеттен қаржы сұрап отыр­мыз.

Енді жоғарыда мәселенің мән-жайын ұғып, қолдау жа­сай­тын көкірегі ояу шенді табыл­сын делік. Әйтпесе, бізде мәсе­лені шешу жолын іздеу­ден гөрі, «бұл мақ­сатта бюджеттен ақша қарас­тырыл­маған» деп қарап отыра беретін бас­шы­лар да табылып жатады.

Болашақта барлық іс-құжаттар қазақ тіліне көшетіні анық. Сол кезде басқа тілде сауат ашып, білім алған балаға қазақ тілінде жазу қиын болары сөзсіз. Ондай мәселе өзге тілде мектеп бітірген мамандардың алдынан бүгінгі күні-ақ шығып отыр.

Бибіайша ИМАНӘЛИЕВА, Көлкент ауылының тұрғыны:

– Мен медбике болып жұмыс іс­тей­мін. Ауылда қазақ мектебі бол­ма­ғандықтан, өзбек мектебін­де оқы­дым. Қазақша құжат толтыруда біраз қиындық­тар болды. Әріптерді шатасты­рып, қазақша қате жаза­мын. Жұмысқа кірген соң, қазақ ті­лін қолға алып, үйрене бастадым. Қа­зір қазақ тілінде жазуды 100 па­йыз меңгеріп кете алмаспын, деген­мен қазір аздап, сауатты жаза ала­мын.

Осындайда еріксіз «реформашыл Білім және ғылым министрлігі шетелге қарап мойын созып, әуелей бермей, жер­ге түсіп, ауылға да бір сәт көз салса екен» дейсің еріксіз. Әлемдік деңгейге көтерілу дұрыс-ақ, алайда биікке көтерілмес бұрын артқа да қараған жөн болар. Өткен бір жиында Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева ханым білім саласының басшыларына көр­пеге қарап көсілу керектігін ескертіп, шетел­дің тиімді-тиімсіз дүние­лерін елге әкелуден ештеңе ұтпайтындарын ескерт­кен болатын. Сондай-ақ мә­жіліс­мен шетелдік тиім­ді деген тәжі­ри­бені де айнытпай көшіріп алмай, ішкі жағдайымызды, ұлттық менталитеті­мізді ескере отырып енгізу керек екенін жет­кізді. Иә, біздің кейбір шенділер ұзақ­та­ғыға көз тігіп, табан астында­ғы­ны көрмей, көрсе де ескермей жататын кез­дері болып жатады.

Асылы ОСМАН, «Мемлекеттік тілге – құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Қазақ балаларының өз елінде өзбек мек­тептерінде оқып жатуы қазаққа жасалған қиянат деп білем. Жергілікті басшылар қайда қарап отыр. Менің білетінім, Оңтүс­тік Қазақстан облысында өзбек мек­тептері көп. Алайда ондағы өз­бек аға­йын­дар балаларын қазақ мек­тептеріне бергісі келетінін Мә­жі­ліс депутаты Розақұл Халму­радов­­пен кездесіп, тіл мәселесі төңі­регінде сөйлескенімізде, өз аузы­нан естігем. Ол азамат ұлты өзге болса да, мемлекеттік тілді бі­рін­ші орынға қоятын адам. Демек, өз­бегі көп оңтүстік өңірде қазақ мектебін ашуға өзбек ағайындар да мүдделі. Негізі, қазақ мектебін ашу­ға, қазақ мектептерінің санын кө­бейтуге ешкім қарсы емес. Ме­нің­ше, бұл мәселеге жергілікті би­лік өкілдері мән бермей отыр. Қия­нат деп қатты айтты демеңіздер. Шы­нымен де, 120 баланың бола­ша­ғына үстірт қарау қиянат емес пе?! 

Расында да, қоғамда орын алып жат­қан әрбір мәселеге ұлттық мүдде тұр­ғысынан қарасақ ұтыл­масымыз анық. Әсіресе еліміздің ертеңі санала­тын жас ұрпақтың тілін, ділін, ұлттық құн­дылықтарын бүгіннен түгендесек ұпайымыз түгенделер еді. Сондықтан бұл жағдайға жай білім саласының бір мәселесі ретінде емес, ұлттық мүдде, бо­лашағымызға төніп тұрған ұлттық қауіп­сіздік тұрғысынан қарау қажет. Осы орайда айдың-күннің аманында өз елінде қазақ баласының тілі мен ділі өз­бектеніп жатса, бұл ұлт үшін қауіп емес пе?!

Автор: Қалдар БЕРДІБЕКҰЛЫ

 

http://alashainasy.kz