Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Астана. 6 наурыз. Baq.kz — Қазақстан мен Үндістан арасында сауда жолы ашылады, деп хабар таратты 24kz. 

Бұдан былай екі ел басқа мемлекеттерді басып өтпей, өзара еркін тауар алмаса алады.Бұл туралы Нью-Делиде еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Үндістанның Сыртқы істер министрі Салман Хуршид ресми түрде келісті. Сапар барысында Ерлан Ыдырысов Үндістанның вице-президенті, Парламенттің жоғары палатасының төрағасы Мохаммад Ансаримен де кездесті. Кездесуде ғарыш, мұнай, технология сынды салаларды саралады.

Жылына Қазақстаннан Үндістанға 9 мыңнан астам адам келетін болса, ал Үндістаннан Қазақстанға келушілердің саны 6 мыңнан асады екен. Қос алып мемлекет өзара қарым-қатынастың жаңа дәуіріне қадам басты. Қазақстан – аталған елдің Азиядағы сенімді серіктесі. Үнді елі уран мен мұнайға мұқтаж, сондықтан да Қазақстан өкілдерін бірқатар ауқымды мәселені шешуге Нью-Делиге шақырды. Тараптар көмірсутегі мен энергетика саласын бірлесіп дамытуға уағдаласты. Нақтырақ айтсақ, Үндістан өзінің «OVL» атты алып мұнай компаниясына Қашаған кенішінен үлес беруді сұрады.

Салман ХУРШИД, Үндістанның Сыртқы істер министрі:

— Бұдан бұрын Қазақстанмен өзара келісімнің нәтижесінде «ONGC Videsh Limited» компаниясы үшін Каспийдегі «Сәтбаев» мұнай кенішінің 25%-ын алдық. Тағы да біздің жаңа ұсынысымызды қолдауларыңызды сұраймыз.Әріптестікті кеңейте түсу мақсатында Үндістан Қазақстанмен «Орталық Азиялық электронды жүйені» құруға дайын екендігін жеткізгім келеді. Бұл үнді елінде жетілген телебілім, телемедицинасекілді сервистік басымдықтарды қазақстандықтар өз иігілігіне жаратар еді.

Тараптар сауда-саттықты қыздыра түсі үшін әуе рейсін көбейтуді көздеуде. Мәселен, қазір екі ел арасында аптасына бес рейс жасалады. Бұл кездесуден кейін әуе тасымалы 3 есеге артуы тиіс. Сонымен қатар Ерлан Ыдырысов сауда палатасын құруды ұсынды.

Ерлан ЫДЫРЫСОВ, ҚР Сыртқы істер министрі:

— Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас жоғары деңгейде дамуда. Енді бізге екі елдің сауда айналымын көтеру қажет. Екі ел арасындағы сауда көлемі жеткіліксіз. Географиялық жағынан алғанда арамызда ауған елі бар. Егерде бірлесіп әрекет ететін болсақ, онда бейбіт жолмен елдердің тұрақтылығын орнатуға болады деген сенімдемін.

Үндістанда сырттан келетін тауардың бағасы қымбат. Сондықтан алтын саудасымен айналысатын кәсіпкер Никель Джевелерс елімізбен арадағы сауданың артуын қалайды.

Никель ДЖЕВЕЛЕРС, кәсіпкер:

— Қазақстаннан саяхатшы көптеп келеді. Олар алтын, жақұт сатып алады. Олар бізде алтын бағасының арзан екендігін айтқан. Сонымен қатар Қазақстанға келіп сатуымды да сұраған еді.

2011 жылы екі елдің арасындағы сауда-саттық 295 млн АҚШ долларын құраса, ал 2012 жылы бұл көрсеткіш 525 млн АҚШ долларына жетті.

Авторлар: Аруна Ортай, Виктор Глебов

 

http://www.baq.kz/news/24375

 

Рубрика: