АЛТЫНОРДА
Новости

Өткен жылы 12 мың қазақстандық туберкулезге шалдыққан

Астана. 7 сәуір. Baq.kz – 2013 жылы ел тұрғындарының туберкулезге шалдығу көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 73,5-ті құрап отыр. Айта кетейік, құрт ауруының алдын алу, оны емдеу Қазақстанда тегін. Сонымен қатар, 31 санаторий жұмыс істейді. Оның 22-сі балалар мен жасөспірімдерді емдеу және қалпына келтіру орталығы.

«Он жыл бұрын ТМД елдері арасында туберкулез ауруы бойынша Қазақстан алдыңғы қатарда еді. Бірақ, қазір жағдай өзгерді, туберкулезге шалдығу көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 73,5-ті құрап отыр. Дәл осындай қарқынмен  55-ке, ал, 2030 жылы 35-ке түсіреміз деп ойлаймын», — деді еліміздің бас фтизиатры Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.

Туберкулезбен ауыратындар ауылға қарағанда қалада көп. Ауру жағынан Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары алда келеді. Дерт ауа арқылы таралып, алдымен иммунитеті төмен адамдарға жұғады.

«Халық еміне жүгінгендер уақытын жоғалтады, ауруын асқындырып жібереді. Түрлі шөп дәрімен емделіп, өкпесі қабынып кеткен кезде ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді. Бір жыл емін үзіп алған, ауруы асқынған науқасты емдеуге мемлекеттен 2 миллион теңге жұмсалады. Сырқатты алғашқы жағдайында емдеуге 68 ай уақыт кетеді», — деді бас фтизиатр.

Айта кетейік, туберкулезді иммунитеті төмен, аз тамақтанатын, қант диабетімен ауыратындар және жүкті, жаңа босанған әйелдер алдымен жұқтырады. Ал, әлемдегі құрт ауруына шалдыққандардың 20%-ын темекі тартатындар құрайды.

http://baq.kz/kk/news/45493