Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

ҚР Мәдениет министрлігінің жанынан көркемдік кеңес құрылуы керек. Бізде қазір «Қазақфильмнің» туындылары ғана көркемдік кеңесте қаралады. Ал бізден басқа да жекеменшік студиялар бар емес пе? Олар да өз өнімдерін түсіріп, прокатқа еркін шығарып жатқанын ескеруіміз керек. Жекеменшік болсын, басқа болсын, бәріміз бір мемлекетте бір халыққа қызмет етіп отырмыз.

 

Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ, кинорежиссер, сценарист, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:

Басты талап – сапа

– Елдің ортақ заңы, Конституциясы бар. Бірақ жеке киностудиялар өз өнім­дерін бізге әкеліп көрсетпейді. Ақша құй­ған адам өздері киноны бір қа­рап шы­ғады да, экраннан көрсете береді. Ең қызығы, көркемдік кеңестен өт­пеген нашар дүниелер үшін бәрі ай­налып келіп, «Қазақфильмді» күс­та­налайды. «Қа­зақфильмді», бізді сы­на­май­­тын адам жоқ қазір. Тіпті сол ки­­нодағы титр­ді жөндеп оқымайды. Көркемдік са­пасы өте төмен киноларды кө­ріп ала­ды да, «Ш.Айманов атындағы ки­но­сту­дия осындай нашар дүние жа­сап отыр» деп орынсыз сынап жатады. Бұған «Қа­зақ­фильмнің» қатысы қан­ша? «Қазақ­фильмде» көркемдік кеңес бар, кеңес сценарийлерді оқиды, кә­сі­би мамандар көпшілік болып тал­қы­лай­ды, қабылдап алады. Содан кейін Ас­танаға, Мәдениет министрлігіне ұсы­нады. Рұқсат беру құ­жаттары алынады, сөй­тіп, туынды өзі­нің заңды жолымен өтеді. Ал жекеменшік студиялардың өнімдері мұндай көпсатылы талдаудан өтіп жатқан жоқ. Түрлі сападағы фильм­дер­дің толып кеткені со­дан. Қазір же­ке ки­­но­сту­­дия­лар тіп­ті­ әр ай­мақ­та бар. Жа­қында те­леди­дардан бір жақта бі­реудің Мағ­жан Жұма­баев туралы де­­ректі әрі көр­кем фильм түсіріп жатқанын есті­дім. Осын­дай дү­ние­лер көп. Кө­рер­мен оны естіп алады да, «Қа­зақ­фильм­нің» өнімі екен деп шатастырып жатады. Көр­кемдік кеңес болса мұндай шы­ғар­малардың ал­дымен сапасын қарар еді. Бізде, мы­салы, кәсіби мамандар мен осы салаға бе­­йімделген тісқаққан жур­налистер отыр. Содан кейін түсірілген дү­ниенің идео­логиялық жағына мән береді. Біз бір киноны бірнеше нұс­қа­мен түсірт­кіземіз, кем-кетігін жөн­де­теміз, әбден пісіреміз. Жеке студия­лар­дың өнімі сияқты бірден экранға шығып кетпейді.

 

Еркін РАҚЫШЕВ, режиссер: 

Басты талап – идеология

– Киноөнімдерге қатысты көркемдік кеңестің оң ықпалы да, теріс ықпалы да бар. Теріс ықпалы – цензура. Қазір он­дай болмауы керек, еркіндік болуы ке­рек. Әркім өзінің ойымен кино түсіруі тиіс. Бірақ бір ескеретіні бар: қанша адам болса, сонша пікірдің болатыны сияқ­ты бізде небір ақымақ адамдар да бар. Күнделікті өмірде көріп жүрміз, неше түрлі «жындылар» бар. Ақы­мақ режиссерлер де болуы мүмкін. Он­дай режиссер ертең ұлттың, мем­ле­кеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін ки­но шығармасына кім кепіл? Ол ха­лық­тың ар-намысына тиетін кино шы­ғаруы мүмкін немесе бір дінді бір дінге ай­дап салатын кино түсіруі мүмкін. Құ­дайға тәубе, бізде же­ке­мен­шік ки­но­студиялар үшін көр­кем­дік кеңес бол­­маса да, экранға мұн­дай теріс пи­ғылды дү­­ние­лер шығып жат­қан жоқ. Бі­рақ со­дан сақ­­тану ке­рек. Сол үшін ки­но­лар­­ды тек­­се­ретін көр­кемдік кеңес мін­дет­ті түр­де қажет. Ал сонымен бірге мем­­ле­кет­тің қауіпсіздігіне нұқсан кел­тір­мей­тін бас­қа кинолардың бәріне то­лық еркін­дік беру де керек. Көр­кемдік ке­ңес екен­біз деп, автор­лар­дың шығар­ма­­шылық мүмкін­дік­терін шектемеуі қа­жет. Кеңес ең алды­мен идео­ло­гияға мән беруі тиіс. Қал­ған жағына – са­па­сы­на, тақы­ры­бына, ойы­на ара­лас­пасын.

 

Керімбек НИЯЗБАЕВ, «Жебе» киностудиясының президенті:

Басты талап – көрермендер құқы

– Бүгінде Қазақстанның кез келген аза­ма­тының кино саласымен айналы­суға құқығы бар. Біздің Ата Заңымызда бұған шектеу қойылмаған. Бұрын Кеңес Одағы кезінде кино түсіруге лицензия алу міндетті болды. Қазір әлемнің кей­бір мемлекеттерінде де лицензиясы жоқ азаматтардың кино түсіріп, оны ха­лық­қа ұсынуға құқы жоқ. Киноөнімді көр­кемдік кеңестен өткізбей, көп­шіліктің назарына ұсынуға болмайды. Қа­зіргі мезгілде кез келген адамның өзі­нің жеке көзқарасы бойынша кино тү­сіре салатын жағ­дай­лары көп кез­де­седі. Авторлық кино түсіруге, белгілі бір оқиғаларға байланысты көзқарасын кино арқылы білдіруге құқы бола бер­сін, бірақ оларды тек өзі үшін немесе фе­с­тивальдер үшін ғана ұсынуға бо­лады. Ондай авторлық шығармалардың көп­шілікке пайдасы бар ма, жоқ па, со­ны ескеру керек. Халыққа арналған фильм болғандықтан, біздің жағда­йы­мызда ол қазақтың салт-дәстүрі, тәр­бие­сі, менталитеті аясындағы дүние бо­луы тиіс. Өйткені кино – тәрбие са­ла­сындағы негізгі құрал. Ба­ла­ла­ры­мыздың ара­сында түрлі қыл­мыс­тардың ө­р­шіп жат­қанының бір себебі – сол, неше түр­лі кино­лар­дың жа­рық көруі. Те­ле­ар­на­ларда да еш­қан­дай көр­кем­дік ке­­­ңес­тен өт­кіз­бей, «мы­нау жақсы ки­но» деп өздері шешеді де, көрсете бе­реді. Тағы бір мәселе – Қазақстанда кино туралы заң жоқ. Мәдениет туралы, ақпарат туралы, басқа жөнін­де заңдар бар да, ал кино және көрермендер құ­қы туралы заң қажет болып тұр. Өр­ке­ниет­ті елдерде кино табыс түсіретін сала болса, бізде, керісінше, бюджетке түскен ақшаға кино шығарамыз. Демек, халықтан түскен қаржыға түсіріл­ген­дік­тен, ол картина халықтың көңілінен шығатын болуы тиіс. Бізде кинолардың сұ­рауы жоқ. Бюджет қаржысына автор­лық дүние түсірілмеуі керек. Адам­ге­р­ші­лікке, имандылыққа, отаншылдыққа же­телейтін өнімдер түсірілуі қажет. Мен же­ке киностудияның өкілі ретінде көр­кемдік кеңес шығармашылыққа тұсау бо­лады деген пікірмен келіспеймін.

 

Болатбек МҰХТАРОВ

 http://alashainasy.kz/culture/41943/

Рубрика: