Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Көрерменді шетелдің телехикаяларына телміртіп рейтинг жинауға әдеттенген телеарналар ойланатын болды. Өйткені «Қазақстан» ұлттық арнасы отандық телеөнімдер арқылы да рейтинг көтеруге болатынын дәлелдеді.
Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасының 2013 жылды қорытындылауға арналған шарада айтылды.
Ұлттық арна айрықша жоба­ларын атап өтетін жаңа дәстүр енгізіп отыр. Кешегі күні жаңа мау­сымда ұсынылған теле­хикаялар мен деректі фильмдер, анимациялық фильмдер мен ситкомдарды түсірген ұжымдар, танымал режиссерлер, актер­лердің еңбегін ескерген ерекше шара ұйымдастырылып, үздіктер марапатталды. Солардың ара­сында «Қазақ әдебиетінің клас­сикалық туындысын алғаш экран­дағаны үшін» аталымында «Әпке» телехикаясы, «Жастар тақырыбын креативті көзқараста көрсеткені үшін» «Достар» сит­комы, «Креативті режиссерлік шешімі үшін» «Сұңқар» теле­хикаясы Жантай Қыдыралиев, «Тарихи тұлғалар тағдырын сәтті шығарғаны үшін» «Ұлт мақ­та­нышы» деректі фильмі, «Ани­мация саласында тәрбиелік тақырыпты ашқаны үшін» «Али мен Айя» фильмі, «Балаларға арналған танымдық сериал тү­сір­гені үшін» «Томпақ» телехи­кая­сы үздік деп танылды. «Әс­кери патриоттық тәрбиені дамы­туға үлес қосқаны үшін» «Көк тарландары», «Ұстаз маманды­ғының әлеуетін арттыруға үлес қосқаны үшін» «Ұстаз», «Дәрігер мамандығын кеңінен дәріптегені үшін» «Жедел жәрдем», «Бө­лімшелік полицейлердің жұ­мысына елдің сенімін нығайтуға қосқан үлесі үшін» «Ауыл сақ­шысы», «Дене тәрбиесі мен спорт­ты насихаттағаны үшін» «Олимп шыңы», телехикаялары жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар еліміздің белгілі қоғам қайрат­керлері, жазушылары мен халық қалаулылары қолынан марапат алды. Үздіктерді марапаттаған жазушы Смағұл Елубай жақсы ой айтты. «Үкіметтің құлағына алтын сырға, біздің экраннан қытайдың да, кәрістің де, тү­ріктің де сериалдары жүріп кетті, соларға жұмсалған қаржы мен біздің отандық сериалдарға салын­ған қаржының арасы жер мен көктей. Соған қарамастан шығармашылық ұжымдар да, «Қазақстан» арнасы да ұлттық идеология жолында жанкеш­тілікпен жұмыс істеді», – деді. Бұдан кейін де отандық телеөнім­дерге қомақты қаржы бөлінсе, телеөнім сапасы да арта бе­ретінін астарлап айтып кетті.
Есте болса, қараша айында телеарна корей және түрік телехикаяларынан бас тартып, отандық өнімдерге бет бұрды. Сол кезде шетелдік телехикая орнын қандай телеөніммен толтырмақшы деген күдіктің болғаны жасырын емес. Алайда көп ұзамай көбік сериалдардың орнын «Ұлжан», «Олимп шыңы», «Сұңқар», «Ауыл сақшысы» сынды салмақты, жинақы теле­хи­каялар басты. Ал желтоқсанда тұңғыш рет белгілі қазақ жазу­шысы Дулат Исабековтің туын­дысы негізінде түсірілген «Әпке» атты тағы бір отандық телехи­кая­ның тұсауы кесілді. Ал жаңа жылдан бастап «Жедел жәрдем» телехикаясын тамашалайтын боламыз.
«Қоғамымыздағы әртүрлі та­қырыптарды қамтыған телеөнім­дерді шығару жұмысын 2009 жылы бастағанбыз. Егер біз сан жүзінде айтатын болсақ, сол кезде өздеріңізге жақсы таныс, 2014 жылы жалғасын табатын, тұңғыш рет 6 бөлімнен тұратын «Ағайынды» деп аталатын теле­сериал өмірге жолдама алған екен. Содан басталған телесе­риалдардың шеруі бүгін ұзын саны 18-ге жетті. Ал бөлім саны – 624», – деді «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова. Оның айтуынша, соңғы бес жылда телеарна 30-ға жуық отандық телехикаяны көрермен назарына ұсынды.
Сөз басында рейтинг туралы әдейі сөз қозғадық. Енді сол ойды нақтылай кетсек, TNS Gallup Media Azia мәліметтері бойынша 100 мыңнан жоғары тұрғыны бар қалаларда 2009-2012 жылдарға қарағанда отан­дық телехикая аудиториясының үлес көрсеткіші 88 пайызға, орташа рейтинг 105 пайызға өсті. Осы көрсеткіштен кейін өз­гелер де ойланады деп сенеміз.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана

 

http://www.aikyn.kz/news/view/39041

 

Рубрика: