АЛТЫНОРДА
Иносми

ОРЫСТАР ТҮРКІМЕН ГАЗЫН ЕУРОПАДАН ҚЫЗҒАНЫП ЖАТЫР

газЖақында  Ресей Сыртқы істер министрі  Сергей Лавров «бүйректен сирақ» шығарды. Ол Еуропалық одақтың Әзербайжан мен Түркіменстанды Транскаспий газ құбырын салуға азғырып жүргенін айтып, еуропалықтарды айыптады. Лавровтың ойынша мұндай жобаны жүзеге асыру немесе асырмауды  Каспий жағалауындағы елдердің өздері шешуі керек екен. Бірақ, Ресейдің не себепті Әзербайжан мен Түркіменстанға  «адвокат» бола қалғанын айтқан жоқ Лавров.

Негізі Ресейдің көкейін тесіп бара жатқан дүние Түркіменстан газы. Бүгінде орыстар Түркіменстан мен Өзбекстаннан алатын газды «өзіміздікі» деп Еуропаға,  өзіне қырын қарайтын Украинаға  мың текше метрін 380-400, тіпті  450 АҚШ  долларымен сатып жатқанын  жұрт біледі. Ал, Түркіменстаннан  бұл көлемдегі газды 300 долларға, Қазақстаннан 200 долларға алып жатыр. Ал, Әзербайжан мен Түркіменстан  соңғы жылдары Каспий теңізі арқылы құбыр тартып, газды Еуропаға Ресейді айналып өтетін жобаны жүзеге асырмақ ниетте екендігін байқатқан. Түркімендер Еуропалық одақтың бұл жобаға қатысты ұсыныстарын қолдаса, әзербайжандар өз территориясынан бұл құбырды қуана өткізетіндігін айтқан. Одан әрі Грузия, Түркия арқылы газ Еуропаға жетуі керек. Алайда, Кремль Каспий теңізінің құқықтық статусы әлі анықталмағанын алға тартып, бұл жобаға кедергі келтіргісі келіп отыр.  Сөйтіп, өзінің Орталық Азия елдерінің газын Еуропаға жеткізудегі монополиялық статусынан айырылмауды көздеуде. Сергей Лавровтың  «ақыл» айта қалуы содан. Әйтпесе, түркі халықтарына жаны ашыған Кремль билігін тарихта кездестірмеппіз.

Негізі соңғы жылдары Каспий төңірегіндегі бірқатар түркі мемлекеттері  өз шикізаттарын Ресейді айналып өту арқылы Еуропаға сатуға қатты мүдделі болып отыр. Әзербайжанда өткен Түркі  Кеңесінің ІІІ саммитінде Түркия Президенті Абдулла Гүл де, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та «Баку-Тбилиси- Карс темір жолы» құрылысын аса маңызды жоба ретінде  бағалаған. Бұл темір жол Каспий мұнайын Еуропаға жеткізу үшін салынып жатқаны белгілі. Қазақстан мен Түркіменстан  бұл жобаға қатысу үшін құбыр тарта қоймайтын шығар әзірге. Бірақ, танкерлер арқылы  мұнайды жетізуге  болады Баку портына. Ресей түркі елдерінің бұл ниетін біліп отыр. Оған бөгет жасай алмайды. Себебі, темір жол өзге елдердің территориясында. Ал, Каспий арқылы танкермен мұнай тасмалдамау туралы тыйым жоқ. Сол үшін Кремльдің іші күйіп отыр. Еуропалық одақты айыптауы да содан. Өйткені, Еуропалық одақ   Түркіменстанның газын құбыр арқылы  Әзербайжанға жеткізуге мүдделі. Бірақ, құбыр Каспий теңізі арқылы өтуі керек. Қиындық осында. Әйтпесе, Грузия да, Түркия да, Әзербайжан да  газ құбырын  тартуға қарсылық танытпай отыр. Өйткені, бәрі де ұтады. Ұтылатын тек Ресей.
Негізі Кремльдің  газды саяси қысым жасау құралына айналдырғысы келетін әдеті бар. Қит етсе газын айтып шыға келеді. Украина билігіне де кезінде  осы газбен қысым жасаған. Бірақ, сол газдың басым бөлігі Түркіменстан, Өзбекстан мен Қазақстаннан барады. Бәлкім, Каспий теңізінің  құқықтық мәртебесінің анықталмай  жатуына  Ресей де мүдделі шығар. Жасырын түрде Иранды «ешбір  ұсынысқа көнбеңдер» деп азғырып отырған да Кремль шығар. Өйткені, орыстар мен парсылардың ауыз жаласып жүргені  бір бүгін емес.
«Жебе» газеті, 31 қазан 2013 жыл