Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

2013 жылдың 17 ақпаны күні «Мега Ақтөбе» сауда ойын-сауық орталығының үшінші қабатында орналасқан «Taksim food» кафесінде өзіме картоп алуға кезекте тұрғанмын. Сол кезде шашын сарыға бояған 30-40 жас шамасындағы бір әйел «Где ваша администратор?» деп келе сала барлық адамдардың назарын өзіне аударып, айқайға басты. Сөйтсек жағдай былай екен: Сәл ғана уақыт бұрын кішкентай қызын әлдебір зат алуға жұмсапты. Қыздың түрі қазақтан айнымайтын болған соң, қазақ деп ойласа керек, сатушы қыздардың бірі оған қазақша сөйлепті. Әлгі кішкентай қыз сол бойда «Маған қазақша сөйледі» деп шешесіне барып шағымданыпты.

Бар дау содан басталған екен. Ашуға булыққан әлгі әйелдің (1-суретте) аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатты. «Білімсіз, көргенсіз, тәрбиесіз. Неге ондай адамдарды қызметке алады? Ұлтшылдық мәселе көтеріп жатсыңдар. Менің қызыма қазақша сөйлемесең қызмет көрсетпеймін деп айтыпты. Қазақстанда тұрып екі тілде сөйлеу керек» деп аузына келгенін көкіп, қазақтың намысына тиетін сөздердің неше түрін айтып, жау жапқандай қылып жатты. Қазақ қыздар болса «біз олай деп айтқан жоқпыз» деп ақталып әлек. Жағдайға араласпасам болмайтынын түсіндім. Себебі әлгінің жалғыз өзі бірнеше қазақ қызын түтіп жеп бара жатыр. «Өзіңіз айтқандай Қазақстанда тұрып екі тілде сөйлеу міндет болса, сіздің қызыңыз неге қазақша сөйлемейді?», деп сұрақты төтесінен қойдым орысшалап. «Себебі ол — орыс», деп орысшалап жауап берді. «Орыс болса не болыпты? Ол да Қазақстанның азаматы емес пе?» деп сұрағымды қайыра қойып едім ол менің сұрағыма тура жауап беруден қашқақтап, «Мен мұны телевидениеде көтеремін. Бұл не деген масқара!», деп әлгі «қазақ тілінде қызмет көрсеткен» қазақ қызының аты-жөнін сұрап, үстінен шағым жазамын деп қолына қағаз бен қалам алып жазуға кірісіп кетті (3-суретте). Сол аралықта әлгі орыс әйелді суретке түсіріп те үлгердім. «Сен сияқтылардың кесірінен соғыс басталады» деп менің өзіме сөзбен тиісе бастады. Мен да шамам келгенше бар білетін орысшамның басын құрап жауап беріп жатырмын. «Қазақстан көп ұлтты мемлекет» деп соғады. Сондағы айтпағы, сендер ұлттық мемлекет құра алмайсыңдар дегені.
Иә, расымен да 16 миллионнан астам халқы бар Қазақстанда 130 дан астам ұлт өкілі тұрады. Ал 7 миллион халқы бар бір ғана Лондон қаласында 400 ден астам ұлт өкілі тұрады. Бірақ «көп ұлтты Лондон» дегенді қайдан кездестірдік? Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл болса да өз елімізде өз тілімізде сөйлегеніміз үшін жазықты болатын жағдайға жеткеніміз бе сонда? Мұндай ұлтқа қатер төндіретін арандатушылық, қазақтың намысына тиетін әрекеттер қашанға дейін жалғаса бермек?

Сонымен не керек, әлгі әйел шағым хатын жазып, қазақша сөйлеген қыздың аты-жөнін көрсетіп шағым жәшігіне салып кетті. «Сен мені суретке түсіргенде менің сені түсіруге хақым жоқ па?», деп мені де ұялы телефонына суретке түсіріп алды. «Молокосос» деді, басқа деді, әйтеуір менің де ұлттық намысыма тиетін сөздерін айтып жөніне кетті. Мен «Қазақша сөйлеп жазықты болған» әлгі сатушы қызға әрекетінің дұрыстығын айтып, өзімше қолдау білдірдім. Айтпақшы, әлгі «Қазақстанда тұрып қазақша сөйлегені үшін жазықты болған қазақ қызының есімі — Эльмира(4-суретте). Бойында ұлттық намысы сақталған осындай қазақ қыздары көп болсын.

P.S. 
Ең жаныма батқаны, сол жерде қаншама қазақтың қыз-жігіттері, аға-апалары тұрса да бірде-бір адам мені қолдап сөйлемеді… Әлгі әйелге де қолдау көрсеткен ешкім болмады. Мұннан түйгенім қазақтың әлі де болса ұлт мәселесіне селқос қарайтындығы. Мұндай селқостық бізге абырой әпермейді…

Оралбек бей Өтеғұлов,
Ақтөбе қаласы.
Аbai.kz

Рубрика: