Жылма-жыл мемлекеттiк қызметтiң аясы тарылып, iрi компаниялар 40-қа жақындаған, не 40-ты орталаған әйел-аналарды есiгiнен қаратпайтыны белгiлi. Бұл – бүгiнгi күннiң шындығы. Бiрiншiден, есiк ашқан мекемелерге жасыңыздың үлкендiгi ұнамайды, екiншiден, кәсiби бiлiктiлiгiңiз жоқ деп шығарып салады. Салы суға кеткен әйелдердiң еңсесi түсiп, үйiне оралып, ендi қайтiп жұмыс iздеудi ар санайды. Не болмаса, бiраз уақыт өткен соң қайтадан биржаның есiгiн қағады. Жұмыссыздарға арналған жәрдемақыға қол жеткiзедi, одан қалды, маусымдық жұмыстарға жалданады. Жаздай шаң-шаң көшенi сыпырады, көшенiң қоқысын жинап, қыстай қар күрейдi, көлiк, адам өтетiн жолдарды тазалайды. Әрине, мұны ар санамаса! Отағасының тұрақты табысы болса, не ересек балалары жұмысқа iлiккен әйелдердiң арқасын кеңге салары анық. Олар көше тазалауға бармайды, ал артында сүйенiшi жоқ жандар қайтпекшi? Нан табу үшiн, балаларын жеткiзу үшiн кез келген жұмысқа жегiлуге даяр. Бiрақ биржаның 20-25 мың теңгесiмен қай жыртықты жамарсың?
Рубрика: Новости