Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

d53450700e489c4c0bd45d56d292f154Әлемдік өркениет төңірегінде айтылар әңгіме көп. Соның бірі – адамзаттың жабайылықтан өркениетті өмірге өтуіне нендей себептің түрткі болғандығы төңірегінде? Неміс ғалымы Карл Ясперстің айтуынша, тағылықтан өркениетке өтуде жер суару жүйелерін жасау, жазуды үйрену, этностардың пайда болуы сияқты жылқыны пайдалана білу де өте маңызды рөл атқарған. Бұл шектелген кеңістіктен бүкіл әлемді игеруге бағытталған қадам еді және әртүрлі мәдениеттердің сұхбаттасуына мүмкіндік берді. Ал енді осыған Қызылжардың қандай қатысы барына тоқталайық, 2009 жылы бірнеше елдің ғалымдары бірігіп жүргізген зерттеулерінің нәтижесін жариялап, тарихта жылқы алғаш рет Қызылжар өңіріндегі Ботай қонысында ауыздықталғанын паш етті. Демек, өркениет Қызылжардан басталды десек, аса артық айтқан болмаспыз.

Адамзат аттың жалынан ұстап мінгелі жаңа бір дәуір басталғанын түсіну қиын емес. Бұрын аяғы баспаған сайын даланы, ну орманды, тау-қыратты аралап кете барды. Атақты ғалым А.Вебердің пікірі бойынша, көшпелі тайпалардың кеңістікті игеруі «халықтардың ұлы қоныс аударуы» атты құбылысты әкелді. Бұл қазіргі өрке­ниет­тердің қалыптасуына үлкен себебін тигізді. Жылқыны кеңістікті жеңу мақсатын­да көшпелі халықтар шебер пайдалана біл­ген. Ат пен көшпенді біріккен жан бо­лып көрінеді. Сондықтан да батыс аңыз­дарын­да тіпті адам басты ат кентавр ретін­де де қалып қойды.

Ат ер қанатына айналғалы талай заман өтіпті. Америкалық ғалым Олан Оутрам жыл­қының алғаш мінілген мерзімін біздің зама­нымызға дейінгі  IV-III мыңжылдыққа тиесілі деп отыр. Солтүстік Қазақстан об­лысы Айыртау ауданындағы Иманбұрлық өзенінің аңғары тарихи құндылыққа тұнып тұрғаны кеңес заманында-ақ белгілі бол­ған-ды. Сол 1980 жылдардың өзінде та­лай экспедициялар шыққан, талай жәді­гер­­лер табылған. Тек қазақ жері өр­ке­ниет­тің бастауында өз орнын ала­тыны­на ешкім сенбеген-ау, сірә. Ботайдағы қазбаға қазақстандық қана емес, шетелден де археолог ғалымдар көптеп тартылды. Тіпті 1995 жылы «Еуразияның ертедегі жыл­қы өсірушілері» атты халықаралық сим­позиум ұйымдастырылды.

Қазақстан, Америка, Англия, Германия, Ресей ғалымдары бірігіп, бірнеше жыл тынымсыз еңбек етті. Қазба барысында ат сү­йектері өте жиі кездескен. Сондықтан жұ­мыс­қа аңдар сүйегін зерттейтін ғалым-остеологтер шақырылыпты. Олар ауқымды істер атқарды. 133 мыңдай жылқы сүйек­тері зерттелді. Нәтижесінде анықталғаны, Ботай аттары бұрынғы белгілі жылқылар түріне жатпайтын болып шықты. Ботай аттарының сүйегі ежелгі аттар сүйегінен ерекшеленген. Ғалымдар бірауыздан Ботай аттары қолға үйретілген деген пікірді ұстанды. Олар далада жүрген жабайы жануар еместігін айтады. Жылқылар үй шаруасында, аң аулауда қолданылған.

2009 жылы ғана SCIENCE ғылыми жур­налында басылған мақалада жылқы дү­ние­жүзі бойынша тұңғыш рет Қазақ­стан­ның солтүстік аймағында қолға үйретілгені жазыл­ды. Бұрын тарихшылар Еуропада, оның ішінде Украина жерінде мінілген деп келген еді. Табылған сүйек­тер­дегі жылқы­ның тістері мүжілген екен, оған сызат түс­кені де байқалған. Осыған қарап, жыл­қыны мініске пайдаланғанын, ауыз­­дық­­тал­ғанын анықтаған. Жылқының қолға үйретілгеніне дәлел болатын бұйым­дар да көптеп табылды. Жалпы, осы Ботай­да­ғы қазба жұмыстары бары­сында ұзын саны 40 мыңдай жәдігер та­был­ған екен.

Бұл ғылыми жаңалықтың басы-қасын­да жүрген тарих ғылымының докторы, ар­хе­ология профессоры Виктор Зайберт есім­ді ұлты неміс азамат. Жазушы Герольд Бель­гер қазақ әдебиетіне өзіндік үлесін қо­сып жатса, тарихшы Виктор Зайберт қазақ­тың өткенін түгендеп жүрген жайы бар.

 

http://alashainasy.kz/society/45215/

Рубрика: