Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

02c4d5c61c74670968d0b0aa5bf43bd9Бұған дейін де әлемнің небір ғұламалары өз еріктерімен мұсылмандықты қабылдағанын білеміз. 

Олар – дүниені дүбірге бөлеген, адамзатты ақылға, иманға, әділеттілікке, қайырымдылыққа шақырған исламның ізгіліктерін көзімен көріп, қолына Құранды өз еріктерімен ұстағандар. Ал намазға жығылған өзге дінді ұстанушы қарапайым адамдарда тіпті шек жоқ. Олардың барлығы да Алла үйінен естіген азанға ұйып, белгісіз бір құдіреттің жүректерін баурағандықтарына қайран қалады. Біз тілге тиек еткелі отырған бір мысал да сондай…

Норвегиядан Түркияға отба­сымен қыдырып келген қонақтар Мармарис қаласындағы мешіт­тердің бірінен қасиетті Құран мақамына елтіп, биылғы жылдың Рамазан айының қарсаңында ислам дінін қабылдапты. Отбасы мүшелерінің бірі қалмай шәһадат айтып, тілдерін кәлимаға келтір­ген. Осыдан кейін 34 жастағы Нор­вегия азаматы Мария Выс­труп Ниман есімін Айша деп өзгертсе, 31 жастағы отағасы Фроде Андре Сыгвартсен Әли де­ген есімдi таңдаған. Олардың үш баласы ендігі жерде Әсма, Әлиф және Айхан есімдерін иемденді.
Әли исламды қабылдамай тұ­рып атеист болыпты. Олар ме­шіттің маңынан өтіп бара жатып, қасиетті Құранның қалай оқыла­тынын өз құлақтарымен естіп, таң-тамаша қалып, тәнті болған екен. Әлидің отбасы орман шаруашылығымен айналысады. Айша исламды қабылдағаннан кейін шариғат шәлісін жамыл­ды.
Міне, қарапайым мысал, бол­ған оқиға. Әлемнің әр бөлігінде асыл дінімізді қабылдап жат­қан­дар қаншама. Мұндай бастамалар Рамазан айында тіпті көбейіп кететін көрінеді. Соның барлы­ғын ой елегінен өткізіп отырса­ңыз, қасиетті дініміздің қанша­лық­ты құрметке бөленіп жат­қанын жүрекпен сезінесіз. Небір озық ой, үлгілі іс, тамаша тәлім, баянды бастама, бәрі-бәрі Ра­ма­зан айында өзінен-өзі туындап жататындығы да адамды жақ­сылыққа жетелейді. Мәселен…
Рамазан айында Біріккен Араб Әмірліктеріне туристер көбінесе кәрі құрлықтан немесе Парсы шығанағы елдерінен келеді. Осыған байланысты Ду­байдың сауда-саттық және фестивальдер мекемесі арнайы бағдарлама жасады. Аталған бағдарламаға орай сырттан кел­ген қонақтар Әмірліктердің мә­дени және рухани мұраларымен әрі құндылықтарымен танысып, бұл ел туралы жан-жақты ақпарат ала алады.

Мекеменің атқарушы дирек­торы Лейла Сухайлдің айтуынша, биылғы жылы «Дубайдағы Ра­мазан айы» деп аталатын бағдар­лама үшінші рет өтіпті.Меймандар дәстүрге айналған ислам өнерінің көрмесін, сауда-саттықты және жәрмеңкені та­машалап, қасиетті Құран курсына қатысты. Сондай-ақ «Рашидийя» мешітінде тарауық намазы кезінде уағыз тыңдап, Рамазан айының 19 күні наным-сенімі өзге адам­дарға бір күн ораза ұстап көру жөнінде де ұсыныс жасалған.
Енді мына қызыққа назар аударыңыз, Біріккен Араб Әмір­ліктерінде Рамазан айында «Әлем бойынша бір миллион баланы киіндірейік» деп аталатын қайы­рымдылық науқаны басталды. Бұл шараға Дубай әміршісі әрі БАӘ вице-президенті, шейх Мұхаммед бин Рәшид әл-Мақтұм өзі бас-көз болыпты.
Рамазан айы басталғалы бері бес күн ішінде осы мақсатта 19,5 млн дирхам (5,4 млн доллар) жиналған.
Бұл қаражатқа 500 мың мұқтаж баланы киіндіруге болады. Осы­нау қайырымдылық шарасына атсалысып, сауап алғысы келетін­дер осы уақыт аралығында бір баланы киіндіруге кететін 40 дирхамды (11 долларды) садақаға беруіне болады. Аталған акцияға аса ірі супермаркеттер, ұялы байланыс операторлары, сауық-сайран саябақтары атсалысуда. Дубайдың Ұлттық банкі науқанға өз үлесін қосу үшін 20 млн дирхам (548 мың доллар) аударған. Қазақ жұртын да елең еткізген тамаша бастама көтерілді. Бір Аллаға жалынып, жаман әдеттен арылған ағайын Қадір түнінде көпшілік алдында аты аталып, дұғаға қосылады.
Рамазан – рухани әлемге өзгеріс әкелетін ай. Себебі адам ашығу арқылы қан тамырымен жүретін шайтандардың жолын бөгеп, жамандыққа үндейтін аты жаманның аяғына тұсау салып, жат әдеттерден бір табан болсын кері шегінеді. Осы себепті де Ға­ламның Рахым Нұры Пай­ғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазан – шайтандар кісенделетін ай» деген. Әрине, бұған ең әуелі адамнан берік ниет, темірдей төзім, ша­малы сабыр керек. Сонда ғана адам хайуани сипаттан періштелік рухқа қадам басады. Өйткені Пайғамбарымыз нығметтің ниет­ке сай берілетінін айтады.
Рамазан – жат әдеттерден арылуға қолайлы ай. Мәселен, күн­­діз аузы берік жандарға темекі тастау мүмкіндігі мол. Тек кеш­кі­сін ауыз ашқан соң сабырлық та­нытса болғаны. Осыған орай был­тырғы мүбәрак Рамазан айында «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы жақсы бір бастамаға мұрындық болған. Бұл бастама биыл да жалғасты.
Бас имам жұма мінберінен: «Алла разылығы үшін Қасиетті Рамазан айында темекіден, сол секіл­ді басқа да жаман әдеттен арылуға үндеймін. Кім бұл үн­деуіме қолдау көрсетіп, темекісін тастайтын болса, Қадір түнінде сол азаматтарымызды Рамазан айында өміріне бір өзгеріс жа­са­ғаны үшін, жаман әдеттен жақсы­ға қадам басқаны үшін мыңдаған жамағаттың алдында аттарын атап, дұға-тілектерімізге қоса­мыз» деді.
Нигерияның ауқатты адам­дары мен қайырымдылық қор­лары Рамазан айында қайырым­дылық танытып, жағдайы төмен адамдарға ауызашар ұйымдас­тырып, қасиетті айда 200 мың адамды тегін тамақтандыруды өз міндетіне алды. Нигериялық саясаткерлер де қайырымдылық жасаудан қалыс­пай, түрлі деңгейде ауызашарлар ұйымдастырды. Мысалы, сенат мүшесі Букола Сараки өзінің ұйым­дастырған іс-шараларын әлеуметтік желі арқылы жария­лаған.
Палестина автономиясында ислам соттарының жетекшісі, шейх Юсуп Идейс Рамазан айын­да Құдай қосқан қосағымен ажы­расқан ерлі-зайыптыларға неке бұзу туралы сертификат бер­мейтіндігін мәлімдеді.Тек ай­рық­­­ша жағдайларда Жоғарғы сот бюро­сынан растайтын құ­жатты ала алады.
Бір ерекшелігі, мұндай бастама өзінің пайдасын да тигізетін көрінеді. Мәселен, былтыр Ораза айында да осындай шешім қабыл­данып, бір ай бойына шаңырағы шайқалғандар болмаған. Ел ішінде тыныштық орнаған. Тіпті мамандардың сөзіне қарағанда, осы шараның арқасында ерлі-зайыптылардың арасында ажы­расу деректері былтырғыдан азайғаны байқалған. Дәл осындай шешім Қазақстанда да жүзеге асырылса, біздің елімізде де шаңырағы шайқалған оқиғалар болса азаяр даусыз еді.
Иә, мұсылмандар мұратына жетудің амалы – өзгенің бар жақсы қасиетін жоғары бағалап, рухын көтеру. Біреудің тарапынан қолдау мен көмек көрген кісі өзі де жақсылық жасауға бір табан жақын тұрады. Сондықтан ізгілік­тің иірімдерін қазақтың да жан-жақты үйреніп, жыл сайын Ра­мазан айында өзгелерге шара­патын тигізудің тамаша тәжіри­белерін іске асыруды үйренгені жөн. Жоғарыда атап өткеніміздей, әлемдік тамаша тәжірибелерді жинақтап келер Рамазанға мық­тап дайындалғанымыз жөн.

 

Жолдасбек ӘШІМХАНҰЛЫ

Рубрика: