АЛТЫНОРДА
Новости

ОРАЛМАНДАР ҚОНЫСТАНАТЫН АЙМАҚТАРДА ОЛАРДЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ ҮШІН НЕ ЕСКЕРІЛГЕНІ ЖӨН?

Оралмандар қоныстанатын аймақтарда оларды тұрақтандыру ҮШІН не ескерілгені жөн? 

Қабдеш ЖҰМАДІЛ, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– Үкіметтің соңғы кездегі оралмандарға деген жылы көзқарасына ризамын. Қолдаймын. Жалпы, оралман мәселесі – үлкен саясат.

Қазір халықаралық саясат ушығып тұр. Украина­дағы жағдай анау. Солтүстіктегі көршіміз ояна бас­тады. Мұның бәрін жіпке тізгендей қылып ескеруіміз қажет. Үкімет оралмандарды бағыттаған облыстарда расында қандастарымыздың саны аз. Пайызға шақсақ түк емес. Сондықтан оралмандарды ол жаққа бөліп қана емес, түпкілікті қоныстанып, сонда қалу жағын да терең ой­ластырған жөн. Баспана беру, жұмыс беру, кәсіп ашамын десе, жеңілдіктер енгізу дегендей. Келген қандастарымызға елдің, жердің, бүгінгі күннің саясатын түсіндіру үшін олардың ортасына ақын-жазушыларды жіберіп отырсақ, өте оңды қадам болар еді. Қалай десек те, үгіт-насихат қажет қой. Айта берсек мәселе көп. Мысалы, 2011 жылдан бастап көш тоқтап қалды. Мороторий жарияладық. Одан қала бере азаматтықты 5 жылдан соң, артынан 4 жылдан соң береміз дедік. Мұның бәрі қателік. Ақыры айналада қалыптасқан жағдайды ескере келе 1 жылға түсірдік. Бұған да шүкір. Енді көшке қайтадан жан бітіру керек деп ойлаймын. Ашығын айтар болсақ, қазақ топырағында қазақ басым болуы тиіс.

 

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ, Мәдениет қайраткері:

 

– Cырттан келетін ағайынды, негізінен, мемлекет құраушы ұлт өкілдерінің үлесі аз аймақтарда тұрақ­тандыру қажет. Тіпті бұл жерлерге қазағы тығыз орналасқан өңірлерден көшіп-қоныстанатын ішкі көшті ынталандыратындай тетіктер қарастырылса да артық етпес. Ол үшін бірінші кезекте тұрақты тіркеу, баспана және жұмыспен қамту мәселелері оңтайлы шешілетін болуы тиіс. Тіркеу мәселесін шека­рада өткен кезде берілетін көші-қон карточка­сы­ның негізінде тікелей халыққа қызмет көрсету ор­талықтарында жүр­гізіп, жеке сәйкестендіру нөмірін тездетіп берген дұрыс. Өйткені онсыз ешкім де жұмысқа қабылданып, міндетті және басқа да төлемдерді төлей алмайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл аймақтарда «Қазақстан – 2050» страте­гиясында белгіленген Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу сияқты жалпыұлттық мұраттарға жетуге экономикалық белсенді азаматтардың қосатын үлесі қомақты болатындай жоғары жалақылы және жұмыспен толық қамтылуын қамтамасыз ететін заманауи қайта өңдеу кәсіпорындары мен шаруашылықтар ұйымдастыру қажет. Өзінің жеке кәсібін ашамын деген азаматтарға «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жер, жеңілдікті несие беріліп, жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс. Жалпы, Мемлекет басшысының көші-қон мәселелерін шешу бойынша жүктеген міндеттеріне сәйкес, тұрақты тіркеуге тұру, азаматтық алу, жұмыспен қамтылу, баспаналы болу сияқты маңызды әлеуметтік мәселелер кешенді түрде және ең оңтайлы тәсілдермен шешілгені жөн!

Әкім ЫСҚАҚ, қоғам қайраткері:

– Сонау көш қозғалған алғашқы кездерден-ақ, осылай ойластыру қажет еді. Бірақ «ештен кеш жақ­сы» деп жатады ғой. Рас, аталмыш облыстарда ұл­тымыздың саны кем. Соны осы оралмандар арқылы толтырған жөн болар еді. Мұның терең саяси да астары бар.

 

Қазір көріп, естіп жатырмыз, ТМД аумағында қандай саяси тартыстар, текетірестер болуда. Соның бәрі бізге үлкен сабақ. Әрине, оралмандарды тек сол облыстарға бағыттап қана қоймау керек, сол жерде тұрақтап қалу үшін, түрлі жеңілдік жасалған дұрыс. Алдымен баспана керек. «Үй болған соң күй керек» демекші, малмен айналысамын десе, мал, жер егемін десе, жер берілсе жаман болмас еді. Бір сөзбен айтқанда жұмыспен қамту керек қой. Осы жағы дұрыс жолға қойылса, ертең-ақ солтүстік өңірлер қазақыланып шыға келмек.

Сауалнаманы жүргізген – Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, Айтжан МҰРЗАНОВ (фото)

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/49204