Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

2013 жыл Форбес қорытындысы бойынша дәулетті адамдардың қатарына 138 нәзік жандылар кірген болатын. Сол жандардың үздігі американы дүр сілкіндірген тұңғыш қара нәсілді тележүргізуші Опра Уинфри.
2010 жылы Опра Уинфри шоу-бизнестегі ең дәулетті адамдардың көшін бастаған болатын. Қазіргі уақытта да үздік үштіктің қатарынан түскен емес. Биыл өзінің 60 жылдығын атап өтетін тележұлдызды бұл күнде жер-жаһанда танымайтын адам кемде-кем шығар, сірә. Тележүргізуші  әлемге әйгілі еткен «Опра Уинфридің шоу-бағдарламасы» атты бағдарлама телевизиялық рекорд жасаған. 1986 жылдан бері 2011 жылға дейін көгілдір экраннан түспеген телешоу әлемнің 150 мемлекетіне тараса, күн сайын оның көрермендер саны бір ғана АҚШ-тың өзінде 49 миллион адамды құраған. Уинфридің ток-шоуына 30 мыңға жуық қонақ келіп, еркін сұхбат берген. Ең қызығы, үйде отырған әйелдерге арналған қарапайым ғана шоу бағдарлама 16 жыл бойы телерейтингтің алдыңғы қатарын бермеген. Мұндай жетістік әлемдік теленарықта әлі болған емес. Опра Уинфриді миллиондаған көрермен «Американың бас дәрігері», «үй шаруасындағы нәзік жандылардың жан құрбысы», «адасқан жандардың періштесі», тіпті «америкалық телевизияның бас кейіпкері» деп те атап кеткен көрінеді.

Америкалық тележұлдыз бір жылдары түрмеге тоғытыла жаздады. Қалай дейсіз ғой? Бірде елді арбап үйренген Опра сұхбатқа келмей қалған бір танымал адам туралы «Ол ауру сиырдың етін жеп, науқастанып қалған шығар» деп жібереді. Журналистің танымалдығы сонша, артынша АҚШ-та сиыр етін сатып алушылардың қатары күрт азайып, фермерлер шаш етектен шығынға батты. Ақыры сиыр етін өндіруші фермерлер шығындарын санап, Опра Уинфриден бәленбай миллион доллар өндіріп беруді сұрап, сотқа шағымданды. Журналист қанша бай болса да, оны өтеуге шамасы жетпейтін. Сөйтіп, сиыр етіне байланысты айтылған қалжың үлкен проблемаға айналған-ды. Тіпті, фермерлер бүлік бастауға шақ қалады. Бұл проблемаға атқарушы билік араласқаннан кейін ғана Опра Уинфри түрмеге қамалудан әрең құтылады.

 

«Опра Уинфридің шоу-бағдар­ла­масының» тағы бір айдарында талабы мен таланты жарасқан жас дарындар да көрініс табады. Жастар үшін Уинфри­дің бағдарламасына қатысу сәттілік кілтіне қол жеткізумен пара-пар болған екен. Сондай-ақ, 25 жылдық тарихы бар бағ­дарламаның барысында дәрігерлер кеңес беріп, әйгілі артистер, саясаттанушылар қонаққа келіп, ішкі әлеміндегі сыры мен мұңын ортаға жайып салған. Жалпы, телевизия әлеміндегі тосын құбылыс та Опра Уинфридің бағдарламасында кө­рініс табады. Бағдарлама аясындағы «Қайталанбас армандар» атты маусым­дық жоба барысында қарапайым тұр­ғындар өміріндегі ең қажетті арманда­рының орындалуына бір қадам жақындай түскен. Мәселен, біреу үй алса, енді біреу саяхатқа жолдама алды, ал біреулер кино­­ға түсіп, сүйікті актерімен кездесу ба­қытына ие болыпты. Бірақ ең қызық құбылыс бұл емес.
2004 жылдың күзінде бағдарлама барысында атақты тележүргізуші әрбір көрерменге тосын сый жасады. Ол зал­дағы көрерменнің әрқайсысына PontiacG6 автокөлігінің кілтін тапсырған. Дәл осы жайт телевизия саласындағы қай­таланбас құбылысқа теңестірілген болатын. Опраны әлемге танытқан да осындай жайттар болса керек. Әйткенмен, теле­жүргізушінің шеберлігі өз алдына бір төбе. Сөйлеу коммуникациясы және орындау өнері факультетін тамамдаған тележүргізушінің осал болуы мүмкін еместі. Себебі, бала күнінен қуыршақ­тарын кейіпкерге балап, емін-еркін ди­дарласатын кішкентай қыз Опра өзінің болашақта үлкен экранды бағын­дыра­тынын білген. Ол 1973 жылы Нэшвилл қаласында жаңалықтар бөлімінің жүргі­зу­шісі ретінде танылады. Бұл Америка­ның телевизия тарихындағы тосын құбылыстың бірі болды. Себебі, дәл сол жылдары Америкада қара нәсілді қыз­дың көк жәшіктен көрінуі мүмкін емес еді. Жаңалықтар бөлімінде Уинфри өзін көрсете алмады. Өйткені, ол кезекті қай­ғылы жаңалықты айтып отырып, көз жасына ерік беретін-ді. Көп ұзамай жа­ңа­лықтар бөлімінен қол үзген Уинфри «Адамдар сөйлейді» атты ток-шоуға жүргізуші ретінде шақырылады. Дәл осы кезде Опраның бойындағы қарым-қабілеті ашылып ол өзінің жанрын дөп басып тапқандай күй кешеді.

Оның негізгі жанры – сұхбат. Тележүргізуші өз бағдарламасында қарапайым адамдардан бастап, әйгілі тұлға­лармен сұхбаттасқан. Бұл мақалада көкейде жүрген сұрақтарға Опра Унфридің кітаптары, берген сұхбаттарынан жауап алуға тырыстық. Сонымен…

– Сіздің телевизиядағы сұхбаттарыңыз ерекше әсерлі шығып жатады. Сұхбат алуда неге мән беру керек?

– Сұхбатты баста­мас бұрын мен өзімнен мақсатым не, нені місе тұтамын деген сауалға жауап іздеймін. Егер сен әңгімелесіп отырған адамыңды қараптан-қарап кінәлап, күста­налай берсең сұхбат сәтті шықпайды. Барлық адамның өз мұңы, өз сыры бар. Әркім қателесуге құқылы. Мен осыны ескере отырып, әңгіме құрғанды жақсы көрем. Содан болар менің сұхбаттарым бір­қалыпты, тыныш әрі қызықты болады. Әрине, сын айтып, мін тағу кез келгеннің қолынан келеді. Шынымды айтсам, мен сұхбат алу барысында барлық нәрсеге объективті түрде қараймын. Ал студиядан тысқары жерде мен мүлде басқа адам­мын

– Журналистердің «шоу бағдарлама­ңыз­дың сәтсіз шыққан тұстары, кейіпкер мен тақырыпты таңда­ғаныңыз үшін опық жеген сәттер бар ма?

– Әрине, он­дай сәттер болады. Мәселен, мен күйеу­лері көзіне шөп салып, опасыздық жа­саған әйелдердің жайын қозғадым. Бұл тақырып бізге қызықты боп көрінген. Ойлаңызшы, ер адам, оның әйелі және нақсүйері студияда жолығады. Бәрі ке­лісім беріп, студияға келді. Алайда тосын­нан күйеуі әйеліне өзінің нақсүйерінің аяғы ауыр екенін жария етті. Тікелей эфирде, сан мыңдаған адамның алдында! Сол сәтте мен әйелдің жүзінен оның жүрегінің қаншалықты жараланғанын аңғардым. Оның дәл осындай күйге түс­кеніне мен өзімді кінәлі санадым. Әрине, оқиға бұлай өрбитінін мен білмедім. Тіпті, көрермендер де аң-таң боп қалды. Күйе­уі­нің әрекетіне ызалы әйел өзін барынша сабырлы ұстады. Алайда мен оның қанша­лықты қиналғанын аңғардым. Негізі, адамды ешкімге керексіз зат ретінде көрсетуден асқан қорлық жоқ. Алайда бағдарламаның жақсы тұсы да бар: ол адамның қаншалықты маңызы барын көрсету. Шыны керек менің сұхбаттарым­ның сәтті шығуының мәні осы.

– Өз мақсатына жетуде еңбектеніп жүрген жандарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен сәтсіздіктен қорықпау керек. Жер басып жүрген кез-келген адам жеңілістің дәмін татып көретіні сөзсіз. Жардан ешқашан құлап кетпес үшін, тауға мүлдем шықпау керек. Мәселен, кішкентай сәби 20 рет құласа да жүруге талпынады ғой. Ол айтпайды ғой: «Меніңше жүріп кету – менің ісім емес» деп. Сонда біз бала құрлы жоқпыз ба?!

– Сіздің жетістікке жетудегі негізгі құпия қандай?

– Бұл сұрақты бірнеше рет естіген болсам, берер жауабым біреу ғана: жетістікке жетудің ешқандай құпиясы болмайды. Көп еңбектену керек. Сіздің мақсатыңыз қаншалықты биік болса, жасайтын жұмыс та соншалық қиын болуға тиісті. Сенің жетістікке жетуіңе «өзің» ғана керексің!

– Тележурналистикада сіз үшін маңызды дүние?

– Көп­шілікке айтар ойдың, берер кеңесімнің қараша халықтың  құ­лағы жетуі мен үшін аса маңызды! Мен бар күшімді сарқып, жан-тәніммен жасаған жобам­ды түсіріп болған соң, эфирден кейін бір адамның «сіздің айтқаныңыз мен үшін өте ма­ңызды» деген сөзін естісем, өзімді ба­қытты сезінемін. Күн сайын мені үйіне кіргізіп, төріне отырғызған көрерменнің барлығына алғыс айтамын. Көрерменнің ризашы­лығы – маған берілетін ең үлкен сый. Сіздер үшін жұмыс істеу, сіздермен бірге болу, қажет екенімді сезіну – сый-құр­меттің ең ірісі десем, әсте жаңылыс­пай­мын.

 

Дайындаған Айдана НҰРМҰХАН

http://www.aikyn.kz/articles/view/41150

 

 

Рубрика: