Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

elise.com.uaРесей кеше «Оңтүстік бағыт» газқұбыры жобасын аяқ-астынан жауып тастады. Cарапшылардың бірі «бұл Ресейдің жеңілісі» десе, тағы бірі «бұл Еуропаның жеңілісі» деп сөз таластырып бағуда. Анығында бұл жоба екі тарапты да шаш етектен шығынға батырып отыр. Неге бұлай болды?.. Бұл сауалға қатысты мамандар жауабын «Алаш айнасы»жинақтап ұсынады…

КӨЗҚАРАС

Қарашығанақты игере бастағанда Түркия бағыты бізге тиімді болады

Уәлихан Төлешов, саясаттанушы (Қазақстан):

— «Оңтүстік бағыттың» жабылуы Еуропаның Ресейдің газынан бас тартқанын білдіреді. Ал Ресей оны өткізетін басқа тетік таппаса шаш етектен шығынға батайын деп тұр. Сондықтан олар Түркиямен ымыраласты.

Бұл құбырды салу құны алдыңғысына қарағанда екі есе арзан, бірақ көлемі де аз. Осы жағынан алғанда, үнем тұрғысынан да ол қазіргі жағдайдағы Ресейге тиімді. Ал саяси тұрғыдан алсақ, Мәскеу мен Анкараның газқұбыры келісімі Түркияның, Әзірбайжанның, Қазақстанның саяси жағдайын жақсартады. Қап тауында белгілі бір деңгейде тұрақтылыққа қол жетеді, бірақ Ресей Арменияны әскери жағынан қамсыздандыруды тоқтатпайды.

Қазақстан шикізат экспорты тасымалы бағыттарын әртараптандыруды үнемі қарастырып келеді. Еуропаға шикізат жеткізудегі бұл да бір мүмкіндік. Қарашығанақ жобасы іске қосылған соң біз газды көптеп өндіре бастаймыз. Сол кезде ол біз үшін тиімді бағыт болады. Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасы байырдан өте жақсы деңгейде екені белгілі.

«Оңтүстік бағыт» жаңаша түлеуі мүмкін

Кеңес Сманов, саясаттанушы (Қазақстан):

— Түркия бағытының болашағы жоқ деп ойлаймын. Керісінше, «Оңтүстік бағыт» жаңаша түлеуі керек. Путинге де керегі осы. Ол бұл мәлімдемесімен Батысты бір сілкіп алғысы келетін сияқты. Әйтпесе қазір Түркияның күш алғаны Ресейге де, Еуропаға да керек емес.

Мысалы, бұл жоба арқылы Түркия арзан газды (жеңілдік — 6%) иемденіп қоймай, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Мәскеу құбыр тартса Эрдоғанның арманы орындалып, Түркия Ресейден, Каспийден, болашақта Ираннан Еуропалық одаққа шикізат тасымалдайтын ірі энергетикалық өңірге айналады. Түрлі бағыттардағы шикізат ағымын қадағалауға ие болған Анкара Еуропалық одақ арасындағы түрлі келіссөздерде өктем-өктем сөйлей бастайды. Ақыры олар Еуропалық одаққа мүше боп тынады.

Ал Ресей үшін тура желкесіндегі Қара теңіздің арғы жағындағы түркі жұртының дамығаны түкке де қажеті жоқ. Сондықтан бұл қан тамырды басып көру үшін мәжбүрліктен жасалып отырған қадам деп ойлаймын.

«ГАЗПРОМ» қуанбаса қайғырып отырған жоқ

Валерий Нестеров, Sberbank Investment Research сарапшысы (Ресей):

— Бұл шешімді Ресей қабылдаған жоқ. Бұл — Еуропаның таңдауы. Бір сөзбен айтқанда, «Оңтүстік бағыт» — саясатшылардың шалған құрбандығы. Сатып алушы — Еуропа. Негізгі шешімді солар қабылдауы тиіс-тұғын. Тартымды-ақ жоба. Бірақ Украинаның көңіліне қарап жүріп Брюсселдегі шенділер қолындағы алтыннан айырылып қалды.

«Газпромдағылар» жобаның жабылғанына қуанбаса қайғырмайды. Өйткені ол тым саясиланып кетті. Экономикалық тұрғыда ешкім «сөйлесіп» жатқан жоқ. Осы жағынан алғанда, Еуропа қате стратегия ұстануда өз-өзін жазалап алған секілді.

«Оңтүстік бағыттың» жабылғаны Украинаға жақсы болды

Юрий Романенко, саясаттанушы (Украина):

— Мәскеудің ақша қоры күн санап таусылып барады, рубль құнсыздануын тоқтатар емес, Батыс санкциялары да экономиканы тұншықтырып әлек. Сондықтан Ресей «үлкен жобалардан» бас тарта бастады, соның біріншісі — «Оңтүстік бағыт» газқұбыры жобасы.

Мұны Ресей экономикасының құлдырауының көрсеткіші дер едім.Украина үшін бұл жағымды жаңалық, өйткені Украина арқылы өтетін құбырға сұраныс әлі де арта түседі. Алайда қанша жерден қиналса да Ресей агрессиялық саясатынан бас тартпайды, Украинадағы іс-қимылын үдетпесе кемітпейді деп санаймын.

Ресей Сербия мен Венгрияны «лақтырып» кетті ме?

Елица Путникович, Балқан журналының бас редакторы (Сербия):

— «Оңтүстік бағыт» газ құбыры өтуі тиіс барлық мемлекетке бұл жаңалық оңайға тимеген секілді. Сербия мен Венгрия бұл жоба келісіміне Еуропаны көндіру үшін көп еңбектенді. Әрине, Сербияға қиын. Өйткені бұл бағыттағы инвестициядан Сербия мұқым экономикасын көтеріп алам деп дәмеленіп қалып еді. Энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан да қиын болайын деп тұр. Себебі арада жүріп газ қауіпсіздігі кепілдігінсіз қалып қойдық қой…

Еске сала кетелік, «Оңтүстік бағыт» — Қара теңіз арқылы Оңтүстік және Орталық Еуропаға экспортталатын табиғи газ тасымалдарын әртараптандыру мақсатында «Газпроммен» салынбақ газқұбыры құрылысы. Бұл жоба 2018 жылы толықтай іске кіріседі деп жоспарланған. Мұндайда Ресей Еуропаға тікелей шикізат жеткізіп, қазіргідей арадағы Украина сынды делдалға жүгінбес еді, ал Еуропа баға жағынан ұтатын болған. Алайда өткен аптада РФ президентінің Түркияға ресми сапары барысында бұл жобаның жабылатындығы мәлім болды.

«… Бүгіндері Еурокомиссия бұл жобаны жүзеге асыру үшін қолдау танытып отырған жоқ. Болгария да әлі құбыр тарту бойынша өз келісімін ашық айтпай отыр. Ал бізге Қара теңіз арқылы өтетін құбыр құрылысына кірісу керек, біз Болгария жағалауына барып тұралап қаламыз ба, бұл ақылға сыйымсыз нәрсе. Сондықтан біз бұл реттегі позициямызды қайта қарастырдық», деп мәлімдеді В.Путин жобаның жабылуы себебін түсіндірген сөзінде. Ал газқұбыры құрылысын Қызыл Кремль Болгарияға емес, Түркияға бағыттамақшы.

«Оңтүстік бағыт» жобасына енді қайтып оралмаймыз, ол түбегейлі жабылды. Біз бұл мәселені Түркияға қарай бұру арқылы шешпекшіміз. Осы мақсатта «Газпром» Қара теңіз арқылы жылына 63 млрд текше метр газ айдайтын құбыр құрылысын салу үшін «Botas» түрік компаниясымен өзара келісімшартқа отырды. 14 млрд текше метр газ Түркияның өзіне қалады. Ал қалған 50 млрд текше метр газ Түркия мен Греция шекарасына ары қарай сату үшін тасымалданады» дейді «Газпром» АҚ басқармасының төрағасы А.Миллер.

Ал Болгарияның ресми өкілдері бұл мәселеге қатысты көзқарасын білдіруден әзірге тартынып отыр.

Автор: Кәмшат Сатиева

Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/ontustk-bagyit-gaz-jobasyi-jabyildyi-km-uttyi-km-tutyildyi-58476/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: