Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

аепортАстана. 29 тамыз. Baq.kz — Өнер адамдарының мектеп қабырғасында қандай оқушы болғаны көпшілікке қызық. Сахна шеберлерінің халықты киелі өнерлерімен тәнті етіп жүруі – сол мектептегі бала арманнан қанат қақса керек. Білім күніне орай, өнер өкілдерін сөзге тартып: «Мектепте қандай оқушы болдыңыз?» деген сауалды ортаға тастаған едік…

 Қалқаман САРИН, ақын: «Мектепте бұзықтығымнан гөрі еркелігім басым болды…»

– Сыныптастарымнан ерекшеленген түгім жоқ. Ел қатарлы оқып, білім алдық. (Тілші: «сізді мектепте бұзық болған деп естиміз…») Оны қайдан шығардыңыз? (күліп). Мен мектепте аса бір қатты бұзық болмадым. Енді бір еркеліктер болған шығар… Қызым екенші сыныпқа барды. Өткен оқу жылын кілең бестікке бітірді. Аллаға шүкір, сабағын үздік оқитын қызымды мұғалімі мақтайды…
Ал менің мектеп кезімдегі бал дәурен шағым «Арқаттағы біздің үй» деген өлеңімде суреттелген. Сол өлеңнен сұрағыңызға толық жауап тауып қаларсыз деп ойлаймын…

«Арқаттағы біздің үй…»

Ауыл. Түнді жамылып ап,
Түгел тылсым көшке еретін.
…Біздің үйдің шамы бірақ,
Бәрінен де кеш сөнетін.

Ай көңілге нұрын сеуіп,
Қиял құштық үйге сыймай.
Кеш батса да жүруші едік,
Кешіп бастан күйді осындай.

Тұла бойдан текті аңқытып,
– Болармысың мұнша қырсық,
Әкеңе айтам! – деп қорқытып,
Жүреді Анам жұмсақ ұрсып.

Анам – момын, Әкем – қатал,
Бір біріне жақын, серік.
Кілең ұлдар қатар-қатар,
Кілем үсті жатушы едік.

Шілде күні. Өрт айнала,
Терезеден түскен арай.
Ойын қуған өңкей бала,
Оянушы ек түске қарай.

Жалаң аяқ жаз өтеді,
(Есейдік-ау біздер ептеп.)
Жаңа киім қажет еді,
– Не киеміз? Күзде – мектеп.

Ақ көйлекті (ағамдікі),
Кетседағы сарғыш тартып,
Киім қылып маған бүтін,
Беруші еді сәл қысқартып.

Таңсәріден, тым тымырсық,
Мектеп бардық таласа ерте.
Қалтамызда – құрт, ірімшік,
Арқамызда – ала сөмке.

Ауылдағы үй! Бақ, ырысым,
Бақытым да – өзіңде еді.
Саған деген сағынышым,
Содан бері көз ілмеді.

Бар байлығым сенде менің,
Өтсе дағы уақыт сырғып.
Жаратқанға тәубе дедім,
Жаратпаған бақытсыз қып.

 

Айгүл ИМАНБАЕВА, актриса, әнші: «Мектепте үздік оқушы болдым»

– Мен мектепте өте жақсы оқыдым. Өзім бала күнімде «еркекшора» қыз болып, еркелікте, бұзықтықта жасадым. Былайша айтқанда, «ақылды тентек» болдым. Соған қарамастан сабақ үлгерімім өте жақсы болды. Кішкентайынан өткір, еңбекқор болды. Мектепте жүргеніме қасыма өнері бар 7-8 қызды жинап алып, мейрамдарда концерт ұйымдастыратынмын. Билеттен түскен ақшаға оқуға қажетті керек-жарағымды сатып алатынмын. Өз ақшамды өзім тауып, әрі сабақ оқыдым (күліп).
Жаңабай Өтегенов, әнші: «Мен оқымаған мектеп жоқ…»

– Шынымды айтсам, мен білім алмаған мектеп жоқ. Жалпы, өзім мектепті 9-шы сыныпқа дейін оқығанмын. Соның өзінде 4 білім ошағын ауыстырыппын (күліп). Бірінші мектеп табалдырығын аттаған білім шаңырағым –Шалқардағы орта мектеп болды. Жасыратыны жоқ, балалық жасап, сабақтан қашып, бұзықтық жасадық… Дейтұрғанымен, 9-шы сыныпты үздік куәлікке аяқтадым. (Тілші: «бақандай төрт мектепте оқыған екенсіз, ұстаздарыңызбен достарыңыз көп шығар…») Иә, ұстаздар мен достарға баймын (күліп). (Мектепке деген сағыныштың белгісі ретінде жақсы бір ән жаздыру ойда бар болар?»). Әрине, тұщымды бір дүние туып жатса, ұстаздарымыздың құрметіне арнап әсем ән шырқау ниетімде бар.

 

Сауалнаманы жүргізген – Индира БАЙҚОНЫСОВА

Рубрика: