Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Кино – ең керек тәрбие құралы. Әсіресе, кітап оқуды қажет санамайтын, тіршілігінің дені теледидар мен ғаламторға байлаулы жастар қоғамында аса қажет саналатын құрал. 

Кино саласы аса дами қоймай тұрған заманда немістер жастарды әуен арқылы да тәрбиелей білген екен. Рас, қазірде жас буынның Маргарет Тэтчер, Стив Джобс, Юрий Гагарин және тағы басқаға ұқсағысы келетіні сол тұлға хақында өмірбаяндық жанрдағы фильмдердің сәтті шығуымен тығыз байланысты болса керек. Әлем тәжірибесін алсақ еуропа кинематографиясында өмірбаяндық бағытта жылына жүздеген фильмдер түсіріледі. Бір тұлғаның жеке өмірі, жетістігі, жеңілісі, жүріп өткен жолы хақында жасалатын туындылар бір режиссердің жұмысымен тоқтап қалмайды. Екінші маман сол жанрда сол тұлғаны басқа қырынан түсіріп те жатады. Тіпті аталған тақырыпта жасалатын фильмдердің өзі арнайы категорияларға жіктеледі екен. Мәселен, 2013 жылдың өзінде ұлы суретшілер, музыканттар, ғалымдар, жазушылар туралы таңдаулы фильмдер; спорт аңыздары туралы таңдаулы фильмдер; саяси қайраткерлер, атақты жауынгерлер өмірі туралы таңдаулы фильмдер категориялары бойынша тұлғалық фильмдердің үздік ондығы анықталған болатын.
Қазақстанда биографиялық көркемсуретті фильмдер жасау үрдісі өз деңгейінде емес дейді мамандар. Не себепті?! Бізде аталған тақырыпта туынды жасау үшін неге мән беру керек? Осы сұрақтар төңірегінде кино саласы мамандарының пікірін білген едік.
Әшірбек СЫҒАЙ, театр сыншысы:
Біз ойланатын дүние көп
Бұған дейін Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ораз Жандосов сынды қазақтың нар тұлғаларына арналып түсірілген фильмдер болды. Осы кісілер туралы өмірбаяндық туындылар ептеп көрсетілдi де, аталған фильмдердің дамуы тоқтап қалды деуге болады. Мұның бірден-бір себебі өркендік әспеттеу жағынан қиындықтың болуы. Кеше ғана ортамызда жүрген адамдарды дәл сол кейпінде түсіру қиын. Әйтпесе қазақ тарихында есімі мәңгіге жазылған ұл-қыздарымыз туралы фильмдер түсіре беруге болады. Жақында Күләш Байсейітова хақында фильм жасалды. Сол сынды Шара Жиенқұлова, Қалибек Қуанышбаев, Шәкен Айманов, Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаев және тағысын-тағы тұлғалық фильмдер қатарын толтыруға болады. Осы кісілерді көріп-білген, аралас-құралас болған адамдардың шеті сетінеп үлгерген жоқ. Сценарийшілер, режиссерлердің бұл тақырыпқа бата алмайтын себебі «Ол кісі осындай болған. Оның тағдыры, жүрген жолы мынадай болды …» деп айтушылар көп болады ма деп ойлайды.  Уақыт өте мұндай дүниеге қадам басатынымыз хақ. Әрине, ол үшін біздің режиссуралық күшіміз ойдағыдай болуы керек. Өз мәдениетін, тілін, ділін жоғары деңгейде білетін режиссерлер тізімі сап түзеуі керек. Бұл үрдіске біз ойдағыдай қол жеткіздік деп айту қиын. Барлығы Мәскеу, шет мемлекет асып осы салада білім алып келгенімен, өз өткенін бұлыңғыр білетін жастар деп есептеймін. Бір тұлғаның өмірін терең білмесе, зерттемесе, жүріп өткен жолынан хабары болмаса қайдан фильм түсірмек?! Ұлы адамдардың өміріне терең зерттеу және аса зеректікпен көз салып жүргендер ғана бұл қадамға бара алады. Бүгінде өмірбаяндық көркем фильм жасау бағытымыз өз дәрежесінде емес. Бұл мәселені уақыт еншісі мен жастарға қалдырамыз. Бұл жерде біз ойланатын дүние көп.

 

Назира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақ Ұлттық өнер университетінің доценті:

 

Болашақ ұрпақ тәрбиесі үшін өте маңызды

Бүгінгі таңда белгілі бір тұлғаның өміріне ар­налған көркемсуретті фильмдер түсіру мәселесі тек біздің елде ғана емес, Орта Азия елдері ки­но­сында да өзекті болып отырған күрделі мәселенің бірі болып отыр. Осы тұста «неге, оның қандай се­бебі бар?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұ­раққа жауап беру үшін, алдымен қазақ ки­носының тарихына шолу жасап көрейік. Жалпы, қазақ киносы тарихындағы алғашқы биог­рафиялық фильм «Амангелді» 1937 жылы түсірілді. Одан кейінгі жылдары Г.Рошаль мен Е.Аронның ұлы Абай туралы «Абай әндері», М.Бегалиннің Шоқан Уәлиханов туралы «Оның уақыты келеді», «Мәншүк туралы жыр», Бауыржан Мо­мыш­ұлы туралы «Ел басына күн туса», Қажымұқан туралы С.Қожықовтың «Знай наших», А.Әші­мов пен Цой Гук Иннің Ш.Уәлиханов ту­ра­лы «Шоқан», Б.Шәмшиевтің Әлия Мол­дағұлова туралы «Мер­гендер», Б.Мансұровтың «Сұлтан Бейбарыс» сияқ­ты фильмдері түсі­рілді. Бұл фильмдердің бар­лығы тәуел­сіз­ді­гімізді алғанға дейінгі кезеңде дү­ниеге кел­ген екен. Қарап отырсаңыз, кеңес үкі­меті жыл­дары түсірілген биографиялық фи­льмдердің саны онға әрең жетіп жығылады. Сонда елу төрт-елу бес жылдың ішінде белгілі тұлғаларға арналған он шақты ғана көркемсуретті фильм түсірілген. Әрине, бұл өте аз. Ал Тәуелсіздік алғаннан бергі соңғы жиыр­ма жыл­дың ішінде А.Әмірқұловтың «Абай», Қ.Қа­сым­бековтiң «Жамбылдың жас­тық шағы», С.На­рымбетовтiң «Мұстафа Шо­қай», Р.Әбдірәштің «Ба­лалық шағымның ас­паны» фильмдері ғана тү­сіріліпті. Бұл көр­кемсуретті киношығармаларға қа­тысты.
Біз жоғарыда кеңес үкіметі жылдары  және соң­ғы жиырма жылда түсірілген биог­рафиялық фи­льмдердің санын бекерге кел­тіріп отырған жоқ­пыз. Екі кезеңде де олардың өте аз екен­ді­гін кө­реміз. Бұл белгілі тарихи тұлғаның бей­несін көр­кемсуретті кинода көрсетудің өте күр­делілігін әрі өте жауапты екендігін көр­се­теді. Және тағы бір өте маңызды мәселе, ол осы жанрдағы фи­льм­дерді түсіретін реж­ис­серлер мен драма­тург­тердің тап­шылығы бо­лып табылады. Соңғы жылдары биографиялық тақы­рып­тағы фи­льмдер түсіру отандық телеарналар-дың құзы­ры­на өткен сияқты. Оған телеарна­лардан көр­сетіліп жүрген Бауыржан Момыш­ұлы туралы А.Сатаевтың «Бауыржан», Күләш Байсейітова ту­­ралы Ж.Пошановтың «Күләш» атты теле­дүние­лері куә. Бұл үрдісті қолдау ке­рек. Себебі қазіргі кинопрокаттың жағ­дайын­да бұл өте ұтымды. Бі­рақ көркемсуретті фи­льмдердің түсірілуін де ұмыт­пауымыз ке­рек. Қазақ өнері мен мәдениетінің, саясатының бел­гілі тұлғалары туралы тұшымды кинотуын­ды­лар өте қажет. Бұл тек ол тұлғалардың эк­ран­дық бей­несін сақтап қалу үшін ғана емес, бо­лашақ ұр­пақ­тың тәрбиесі үшін де өте қажет деп ойлаймын.

 

Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ, режиссер:

Ең басты себеп – қаражат

– Өмірбаяндық тақырыпта көркем фильм жасау қазақ кино саласына аса қажет. Өкінішке қарай, қазір бұл сала бізде ақсап тұрған жайы бар. Ең басты себеп қаражаттың болмауына байланысты. 1 сомға 10 сомдық дүние жасай алмаймыз ғой. Әрине, режиссердің таланты өте маңызды. Дегенмен қаражат болмаған жерде тек талантпен жақсы туынды жасау мүмкін емес.

Айдана НҰРМҰХАН

http://www.aikyn.kz/articles/view/40643

Рубрика: