Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Астана. 21 наурыз. Baq.kz Шығыс халықтарының ортақ мерекесі Наурыз қарсаңында Павлодарға Ресейдің Омбы және Новосібір облысындағы қазақ диаспораларының өкілдері келді. 

 

Меймандарға облыс басшылығы қазақтың киіз үйлерін, ұлттық киімдерін, музыкалық аспаптарын сыйға тартты. Бүгінде Омбы мен Новосібірде 9 мыңнан астам қазақ бауырларымыз тұрады. Ертіс өңірімен олар мәдени, рухани байланыс орнатқан.

Өткен жылдың жазында павлодарлық делегация Ресейдің бірқатар өңірлерінде болды. Қазақ диаспорасымен кездесіп, олардың тыныс-тіршілігімен тереңірек танысты. Қазақы ортаның жоқтығынан қазақ балалары тілді ұмытып барады. Ұрпақ тәрбиесіне алаңдаушылық білдірген қандастарымыз «қазақша басылымдар, әдебиеттер мен ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар керек» деген тілектерін айтып, қоштасқан болатын. Шеттегі қандастарымыздың аманаты аяқсыз қалмады.

Ерлан АРЫН, облыс әкімі:

— Ресей Федерациясында қандастарымыз өмір сүруде. Былтыр біз Омбы және Новосібір облыстарында болған кезде Наурызға дейін киіз үйлер, ұлттық аспаптар, киімдер болса деген өтініштерін білдірген еді. Айтқандарын екі етпей орындап, реттеп, соған өзім қатты қуанып тұрмын. Ұлыстың Ұлы күнінің алдында біздің қандастарымызға ресми түрде тапсырамыз.

Әнуарбек ЖҮНІСОВ, Омбы аймақтық Қазақ ұлттық мәдени автономиясының төрағасы:

— Бәрі де бірліктің арқасы. Біз шетте жүрсек те, сізді туысымыз деп арқа тұтып келіп қалдық. Қазақстан – біздің жүрегіміз, тірегіміз. Қазақ әртістері келіп концерт қойғанда, төбеміз көкке жеткендей болып қалады.

Павлодарлықтар Омбы және Новосібір облыстарымен тығыз байланыс орнатқан. Кез-келген мерекелік жиын Ертіс өңірінің өнерпаздарынсыз өтпейді.

Орынгүл НАСТАУШЕВА, Новосібір аймақтық «Отан» Қазақ ұлттық орталығының төрайымы:

— Новосібірде қазақ билерінің II фестивалін мамыр айында өткізуді жоспарлап отырмыз. Павлодар облысының Мәдениет басқармасынан көмек күтеміз. Сол сияқты VI «Шаңырақ» фестивалі де өтпек. Бізге жыл сайын осы мерекелерде Павлодар облысының әртістер келіп, өнер көрсетіп кетеді. Әрдайым осы облыстың өнерпаздарына арқа сүйейміз.

Омбы мен Новосібір облысының қазақтары Наурыз мерекесіне арнап, үлкен концерттік бағдарлама дайындап жатқандарын айтады. Ертіс өңірінің Наурызға тартуы салтанаттың ажарын ашатыны сөзсіз.

Авторлар: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

24 kz

Рубрика: