Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Мұндай да сұмдық болады! Өлген адамға өкініш білдіру орнына, қуанғандарды көріп пе едіңіз? Көрмесеңіз де естігеніңіз анық. Ирак жұрты Саддам Хусейнді не істемеді? Осындай имансыздық Араб елдеріндегі төңкеріс барысында да көрініс берді. Ең соңғысы күні кеше…


Ұлыбританияда ондаған адам Мар­гарет Тэтчердің қайтыс болғанына қуа­нып, көшеге шықты. Полиция бұрынғы премьер-министрдің өлімін тойлағандар­ға амалсыздан күш қолданды. Девон графтығына қарасты Брикстон ауданында өткен шерушілердің қолында «Маргарет Тэтчер қайтыс болды. Алақай!» деген ұран болған. Осындай «қуанышқа ортақтасқан» акциялар Шотландияда да ұйым­дас­тырылып, Глазгода жүздеген адам ақ­бұрқақ атып, әуе шарларын ұшырды. Елге қызмет етуде ерен үлгі, ұлтын ұлықтауда өнеге көрсеткен «Темір ханымға» – Маргарет Тэтчерге әлем жұртты қайғырып жатқанда, бір қауым жұрты қасіретті қазаға қуанышын біл­дірді. Өкінішті… Олар өлгендер өкпелемей­тін­дігін білген соң да осындай опасыз­дыққа барған шығар. Тірісінде тырп етпегендердің өлгеннен кейінгі өлер­мен­дігін адам кешіргенімен, Құдай кешірер ме екен?

…«Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол…» – дейді Абай. Адам дүниеге келеді, жаманды-жақсылы өмір сүреді. Бәрі Алланың берген жасына байланысты. Ақыры ақыреттің ақ кемесіне мініп, о дүниеге көшеді. Тумақ бар – өлмек бар. Бұл – өмір өз заңы, өзгермейтін заңдылық. Мәңгілік жасайтын пенде жоқ. Жүрегі жараланғандарға басу айту, қайғысына ортақтасу – әлем халқына тән құбылыс. Оның ішінде жүрегі жұмсақ қазақ үшін қайғының қаншалықты қасіретті, ауыр екендігін айтып жеткізу мүмкін емес. «Ту­ғанда дүние есігін ашады өлең. Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген де Абай. Сондықтан жоқтау айтқан жұртты сабырға шақырып, өлген кісінің қайта айналып келмейтіндігіне ортақтаса отырып, «ор­нында бар оңаларды» айтуды да ұмыт­пайтын ұлтымыз үшін бір кемшілік көрі­ніс бере бастағандай…

Абай атамыз: «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» дейді. Өкініштісі, өлген кісі түгілі тірі кісінің тілі байланып қалатын пікірлер қаралы жиындарда қайталанып, жиыл­ғандардың жанарын шарасынан шығарып кете жаздайтын жағдайлар ұшырасатын болды. Бұл қарапайым кісінің қазасында айтылса, үндемеуге болар. Алматыда атақтылардың қоштасу рәсімдерінде кейбір зиялыларымыз жақсы сөзімен қатар, жаман сөзді аузына қалай алып қойғанын білмей қалады. Мүмкін, әдейі айта ма… Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрындағы жаназада бір атақты ғалым сөз алып: «Бұл кісі де адаспады деп айта алмаймыз. Адасты кезінде. Шалыс басты. Бірақ кемшілігін кеш болса да түсінді» деген секілді жеке пікірін аса бір құш­тар­лықпен, рахаттана жұртқа жеткізді.
Мұсылманның немесе зимми кәпірдің айыбын, оны жамандау үшін артынан сөйлеу ғайбат болады. Ғайбат ету – харам. Тіпті астарлап айту, ишарамен, әрекетпен білдіру, жазумен білдіру де сөзбен айту сияқты ғайбаттауға жатады екен. «Хужу­рат» сүресінің 12-аятында: «Бір-бірлеріңді ғайбат етпеңдер!» деп бұйырылды. Ғайбат – адамның сыртынан өсектеу, жамандау. Біреуді ғайбаттау өлген адамның етін жеумен бірдей екен. «Қияметте сауап дәптері ашылған адам, «дүниеде болған кезде мынадай ғи­бадаттарды жасаған едім, мұнда жазыл­мапты» дейді. «Олар өшіріліп, ғайбаттаған адамыңның дәп­теріне жазылды» делінеді» (Исфахани).

Тағы да өкініштісі… Әлгі атақты ға­лымға ешкім жақ ашпады. «Аға, сіз дұрыс айтпадыңыз» демеді. Бәлкім, қаралы жиынды қақтығысқа ұластырмауды ойлаған болар. Қалай десек те, «Ғайбат еткен адамды тыңдаған адам да бұл күнәға ортақ болады» (Табарани) дегенді ұмытып кеттік. Қаза – қазақ шаңырағын шайқалтатын қасірет. Өлгендер қайтып келмейді. Жаназада олардың жақсы жағын айту – сауап. Ал жамандау… Жаман кісінің ғана қасиетсіз қылығы.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

http://www.aikyn.kz

Рубрика: