Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазақ киносының алтын кезеңінде түсірілген әрі режиссер Сұлтан Қожықов экранға шығарған «Бізді танып қойыңдар» фильмі өміршеңдігімен құнды. Ал онда Қажымұқанды сомдаған Әлеухан Бектасынұлының рөлі шынайылығы­мен ел жадында қалды.

Өкінішке қарай, бір ғана фильммен елге балуан ретінде, екінші Қажымұқан ретінде танылған жан 60-қа қараған шағында өмірден озды. Әлеухан Бекболатовтың кино сыртында қандай болғанын, қалай ғұмыр кешкенін көпшілік біле бермейді. Сондықтан да біз ол кісінің туыстары мен достарына хабарласып, біраз естелік жинаған едік.

Бекболатов Әлеухан Бектасынұлы 1955 жылдың 1 қарашасында  Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы, Қызылту колхозында дүниеге келген. Осы ауыл мектебінде 1962 – 1972 жылдар аралығында білім алған. Мектепті ой­дағыдай тәмамдаған соң, әскер қатарына алынып, борышын өтеп келген соң совхозға механизатор болып орналасады. Қарапайым тракторшының қалайша халық сүйген Қажымұқанға айналғанын көрген жандар айтып берсін.

Қасым ӘЗІМХАН, ардагер журналист, досы:

Адал азамат еді

– «Қажымұқан» фильмі түсірілмес бұрын, «Қазақфильм» киностудиясы  «Лениншіл жас» газетінде басты рөлге байқау жариялады. Қазақстанның әр аймағынан қатысуға ниет білдірген адамдардан киностудияға хаттар келіп түсе бастады. Содан іріктеу кезеңі де басталып кетті. Біздің газеттің тілшілері іріктеуде қанша адам қалғанын жазып отырды. Уақыт өте келе Әлеухан мен тағы бір жігіт қалды. Екеуі де мықты спорт­шылар. Әлеухан – Қазақстанның қазақ күресінен чемпионы болған. Оның үстіне дене бітімі мен келбеті Қажымұқанға қатты ұқсайтын. Содан киностудия­дағылар Әлеуханды қалдыруды жөн деп тапқан.

Негізі, Әлеуханның бұл байқауға қатысу тарихы қызық.  Ол жылдары «Лениншіл жас» газетінің таралымы көп болатын.  Бір облыстың өзіне 45-50 мыңға дейін газет баратын. Демек, газет әрбір үйге барып тұрды. Әлеухан ол кезде Шардара ауданында тракторшы болатын. Егіс басында жұмыс істейтіндіктен, әйелі оның түскі асын өзімен бірге салып жібереді. Ол заманда тамақты газетке орайтын еді ғой. Содан жігіттермен түскі тамағын ішіп отырып, газеттегі ақпаратқа көзі түседі. «Сенің Қажымұқанға денең де, бет пішінің де келеді екен. Қатыссаңшы» деп, жанындағы жігіттер үгіттей бастайды. Әлеухан өзін сынап көрмек болып, бастықтарынан сұранады. Алайда, басшылар оны: «Ауылдағы тракторшыны неғылады олар? Одан да тракторыңды айдап жүре бер» деп мазақтап, жібермей қояды. Бірақ соған қарамастан, ол суретін пошта арқылы киностудияға салып жібереді. Суретін көрген соң, киностудия­дағылар Алматыға шақыртып алады. Алғашқы кезеңдерден сәтті өткен ол түбінде жеңіп шығады. Өзінің жеңісіне септігін тигізген газетті де айналып өтпей, бір күні біздің редакцияға қонаққа келеді. Сол күні үлкен кездесу болып, жур­налистер актермен танысып, арқа-жарқа боп, әңгіме айтып біраз отырғаны есімде. Міне, Әлеуханды мен сол кезден бастап танимын. Кейін ол Алматыға көшіп келіп, екеуміздің таныстығымыз үлкен достыққа ұласты. Ол менен 3 жас кіші болатын. Бірақ соған қарамастан, екеуміз тең құрдастай араласып, әзіл-қалжыңымыз жарасып кеттік. Тек кейінгі жылдары Астанаға көшіп кетті де, телефон арқылы хал-жағдай сұрасып тұрдық. Ал жалпы алғанда, біздің жастық шағымыз бірге өтті.

Досқа адал болатын. Денесі қандай алып болса, жүрегі сондай кең еді. Өзінің жеке кәсібін домалатып, бала-шағасын оқытып-тоқытты. Осы бала-шағаның ортасында 60 жылдық тойын өткіземін деп жүргенде өмірден өтті. Досымыздың бала-шағасы мен немере-шөбересінің қызығын көрер шақта өмірден озып кеткені өкінішті.

Қажымұқан ӘЛЕУХАНҰЛЫ, ұлы:

Бізді спортқа баулыды

– Әкеміз қашанда жадырап жүретін ақкөңіл жан еді. Шын айтсам, өмірінде балаларына немесе басқа біреуге  ренжігенін көрмеппін. Өзі еңбекқор болатын. Жас кезінде спортпен көп шұғылданған. Негізі, спортпен нағыз еңбекқор жандар шұғылданады емес пе?! Өзі спортпен айналысқандықтан, бес баласын да осы салаға баулыды.  Үлкен әпкем – Қалдықыз қазақша күрестен спорт шеберіне кандидаты. Одан кейінгі ағам – Мұхтар грек-рим күресінің шебері. Мақсұт – баскетболшы әрі суретші. Мен және інім Сұлтан ауыр атлетикадан спорт шеберлеріміз. Екеуміз де зілтемір көтеруден талай жарыстарға қатысып, жүлделі орын алдық. Әкем бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Бес баласы да бүгінде шаңырақ көтеріп, бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Осының барлығы әкеміз бен анамыздың арқасы.

Мен әкеме Қажымұқан рөлі берілген кезде дүниеге келгенмін. Осындай қуанышты сәтте дүниеге келгендіктен, менің есімімді Қажымұқан деп қойған. Ал менен кейінгі ініме Сұлтан деген есімді фильмнің режиссері Сұлтан Қожықовтың құрметіне қойыпты. Әкем ол кісіні ерекше сыйлайтын. Көпшілік әкемнен «неге актерлік кәсіпті қумадың?» деп сұрап жататын. Ол кісіге Сұлтан Қожықов: «Сен ақшаның соңынан қуып, киноға түспей-ақ қой. Елдің көзінде Қажымұқан болып қалғың келсе, солай істе» деген екен. Режиссердің кеңесіне құлақ түрген әкем, қанша шақырса да киноға түскен жоқ. Ол өзі сомдаған Қажымұқанды, режиссердің Қажымұқанын сол биігінен құлатқысы келген жоқ. Осы соңғы жылдарға дейін ол кісіні киноға шақыртып тұрды. Егер атақ пен ақшаның соңынан қуса, киноға кетер еді. Бірақ ол көпшіліктің көзінде Әлеухан емес, Қажымұқан ретінде қалып қойды.

Ал үйде ол өте қамқор әке бола білді. «Тату болсаңдар, отбасының берекесі – сол. Бір-біріңе қарайласып жүріңдер. Сонда ешқашан қиналмайсыңдар» деп отыратын үнемі. Құдайға шүкір, отбасымыз тату. Қайғыда да, қуанышта да біргеміз. Әкеміз өзінің 60 жылдық ғұмырында бізге көп нәрсені үйретті. Десе де, оның орны толмайды. Әкемізді әлі де өлімге қия алмаймыз.

Анар ҚОСБАУЫРОВА, келіні:

Ақындығы да бар еді

– Атам өте талантты жан еді. Домбырада, гитара мен пианинода, баянда да ойнайтын. Қолы қалт ете қалғанда домбыраны алып, әндетіп отыратын. Өлең де жазатын. Ол кісінің Құнанбайға арнаған және «Қызылқұм», «Сексеуіл» атты өлеңдері бар. Қай жерде жүрсе де, көпшіліктің назарын өзіне аударып, әнін айтып, қалжыңдап, жұртты күлдіріп жүретін. Атам маған өзінің туған қызындай қарады. Осындай жақсы әулетке келін болып түскенім үшін өзімді бақытты санаймын!

Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz/articles/view/64758

Рубрика: