АЛТЫНОРДА
Новости

Оқырман хаты Алматыға не болған аттап бассаң, ақша екен

алматы такой дорогойМенің мектепте мұғалім болып жұмыс істеп жүргеніме 25 жылдай болыпты. Өзімнің туған жерімнен, тіпті алыстаған да жоқпын. Шығыс Қазақстанда туылып, сол жерде оқу бітіріп, сол жерде жұмысымды да таптым. Бірақ бәрі бір орында қала бермейді екен.
Жолдасымның жұмысы Алматыға ауысқандықтан, қоныс аударуымызға тура келді. Мен де осы қала – Алматыда жұмысымды жалғастырармын деген оймен келдім. Бір жағынан қуандым, «жаңа жер, Алматы деген аты бар» деп. Өзім Алматыда бұрын тек бір-екі рет қана болғандықтан ба, бұл жақтың халқын аса білмейді екенмін.
Сонымен не керек, мектепке жұмысқа орналастым. Бірақ бұл жерде бәрі мен ойлағаннан тым басқа екен. Аттап бассаң ақша. «Ксерокс» көшірмесінің өзі де қымбат. Семейде бір парақтың көшірмесі 5 теңге, Алматыда ұялмай-қызармай 25 теңге сұрайды. Сұмдық екен. Әр сабақта, әр балаға жеке-жеке қағаздарға көшірмелер берілуі керек, ол да менің қалтамнан шығады. Бірдей дәптер керек дейді, тағы барып өзім әкелдім. Қарап тұрсаң, ақша жұмсай береді екенсің. Ұсақ-түйектерге ақша жұмсай берсем, менің алатын 50 мың теңге айлығымнан түк қалмайын деп тұр.

 
Оның үстіне, жаңадан келгенім бар, мектептің тәртібін де ешкім үйретіп, нені қалай істеу керектігін айтып бермейді. Кітапханаға барсаң, «сен сұраған нәрсе жоқ, бәрін алып кеткен» дейді.
Бұл жердің адамдары бір қызық екен. Балаларға тиісті тапсырамасын берсең, кейбір ата-аналар мектепке жетіп келеді. Сондағысы «Неге балама үйге көп тапсырма бермейсіз?» дейді. Ал мен үйге көп тапсырма берсем, мектепте балаларға не үйретем? Оның үстіне, біздің Семейде әлі күнге дейін ата-аналар балаларын «мұғаліміңе айтам» деп қорқытады. Ал бұл жерде керісінше, мұғалім атаулы ата-анадан қорқады.
Иә, мына Алматының адамдары қиын екен. Әрине, біз мұғалім болғандықтан, біздің міндетіміз – білім беру. Бір кездері сыныбымдағы бір балаға өзінің қылығы үшін ұрсып едім, ертесіне анасы жетіп келіп, «Сен балама неге ұрсасың? Сен осы менің баламның арқасында нан жеп отырсың», – деп зірк еткенде, шынымен-ақ мұғалімнің қадірі қашқан ба деп қоямын.
Мұғалім деген дардай атым бар деп жүрсем, мұнда мұғалімді ешкім адам ғұрлы көрмейді екен. Алматының тұрғындары бұрыннан сондай ма, әлде осындай болып өзгеріп кеткен бе? Азғантай ғана уақыттың ішінде көзім жетіп үлгерген нәрсем – бұл қалада адамдардың бір-біріне жаны ашу деген жоқ. Болмашы нәрсені сұрасаң, тіпті дұрыс жауап та ала алмайсың. Өзің іздеп, өзің табасың.
Бұл үлкен қала, бұл жерде көзі ашық адамдар тұрады деп келгендер мұндай ойларынан тез айнып қалып жатады. Бұл жердің халқының ешқашан көңілді жүргенін көрмейсің. Мүмкін, тіршілік қиын болар, әркім өз шаруасымен, әркімнің жеке проблемалары да жеткілікті шығар.
Сәлеммен, С.