Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Кез келген оқушы заманауи құралдармен жабдықталған, сапалы білім беретін мектепте оқығанды қалайды. Тіпті, ол білім нәрімен сусындатып жүрген мектебін кішігірім жұмаққа да теңейтіні жасырын емес. Ал шәкірттеріне шапағатын шашып, нұрын төгетін білім ұяларының әдемі, көркем болғаны да жақсы емес пе?

Жақында Елбасы Н.Назарбаев кәсіпкерлер кеңесінде біраз мәселені тілге тиек етті. Соның ішінде білім ұялары жайында: «Біз мыңдаған мектеп пен ауруханалар салдық. Және қандайын салдық? Балаларының саны ең көп, үш ауысымда әрі саман ғимараттарда оқып жүрген Шымкентке келсек, онда ықшамауданның орталығында мектеп салыныпты. Ол Мадридтегі Хуан Карлостың корольдік сарайына ұқсайды! Бұл мектепте холл, ботаника бағы, бассейн, спорт кешені, би залдары бар… Ал мектеп балаларға негізгі пәндерден білім беру үшін құрылады… Мемлекет қаражатын осыншама жұмсау қандай асылық!», – деді. Яғни, Елбасы мемлекеттік бюджеттің қыруар қаржысына салынған мұндай мектептің орнына үш мектеп және бірнеше балабақша салуға болатынын атап өткен болатын.
Әрине, Елбасының айтып отырған пікірінің жаны бар. Онсыз да көп шаруада ысырапшылдыққа жол беріп жататынымыз өкінішті. «Сырты бүтін, іші түтін» нысандарды да қолданысқа өткізіп, іле-шала бармақ тістеп, бас шайқайтын кездеріміз жоқ емес. Мұның арғы жағынан жемқорлықтың иісі аңқитыны түсінікті. Бұл басқа мәселе. Ал, шын мәнінде қазақ балалары әлгіндей тамаша мектептерде білім алса, жарас­пай ма?!
Иә, бұрын қазақ баласы бүгінгідей соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған мектепте білім алуды армандаған да шығар. Ілкіде қиын-қыстау заманда білім алуға ұмтылған қазақтың көрген күні де көз алдымызға еміс-еміс келеді. Бір жапырақ нанға зар болған қоғамда да «білімсіздің күні қараң» екенін нық түсінген сол алмағайып заманның баласы саман кірпіштен соғылған бір бөлмеде әріп таныды, дүниетанымын кеңейтті. Соның өзінде құлауға шақ тұрған білім ұясын жан-тәнімен сүйді. Тіпті, олар үшін мектеп – ауылдың мәдениет орталығы. Кез келген шара да сол білім ұясында өтеді. Ал, мектеп мұғалімдері болса, сол ауылдың білімді, мәдениетті, зиялы өкілі саналды. Бұл кешегі уақыт. Бүгін заман басқа. Қазақ баласы қашанғы саманнан салынған мектепте оқи берсін?! Олар да қаладағы білім ұялары сияқты компьютерлік сыныптары көп, интерактивті тақтасы бар, спорт залы, спорт секциялары, бассейні, т.б. бүгінгі оқушыға қажетті құралдарға толы мектепте білім алғысы келеді. Бала кезімізде теледидардан әлгіндей бес аспабы түгел мектепті көрсетсе, аузымыздың суы құритын еді. «Шіркін-ай, неге бізге осындай мектепте оқу бұйырмады екен?» деген тәтті қиял алысқа жетелеп әкетеді. Құдды сол білім ұясындағы оқушы екеш оқушы да өзін ақылды, паң санайтындай көрінетін. Аласармас асқақ арманның шыңына бір шығып, бір түсетін ауылдың қара баласы әлі күнге сондай мектепті аңсаумен жүр.
Жалпы, қазақ мектеп салуға ұмтылуы керек. Бүгін өз қолымыз өз аузымызға жеткен кез. Кешегі тар жол, тайғақ кешкен уақытта да Ыбырай, Ахмет, Абайлар мектеп салып, балаларды білімге шақырды. Әліпби жасап, қазақтың тілін өшірмеу үшін күш-қайратын сарп етті. Ал, қазір ше? Байыған қазақ білім беру мекемесін емес, тойхана салуды ойлайды. Ардан ақша қымбат. Тойхана болғанда қандай дейсіз ғой! Зәулім сарай. Иә, кәдімгі Мадридтегі Хуан Карлостың корольдік сарайының нақ өзі! Бірақ оның пайдасы кімге? Әрине, бұдан түскен ақша кәсіпкердің қалтасын ғана қампайтады. Егер әлгі кәсіпкер дәл осындай мектеп салып, оның ішінде қаншама бала білім алса, нағыз игілікті шара осы болар еді. Ол оқушы мұндай мектепте оқығанын бақыт санайтын еді. Ал, біз өмір бойы тозығы жеткен, талапқа сай емес білім ұяларында оқып келген балаларға мұны да қиғымыз келмейді. Ауыл баласы да бүгінгі білім жүйесіне қажетті құралдармен жабдықталған лайықты мектептерде оқуы керек. Қала – көштен қол үзбейді. Қандай жаңашылдық болсын, әуелі қалаға келеді. Ауыл мектебіне компьютер енді жетіп жатса, қала мектептерінде соңғы үлгідегі техника бар. Қала оқушылары жаңа, жылы, ал ауыл баласы едені шұрқ-тесік, жұпыны, суық мектепте білім алады. Осы да әділеттілік пе? Сондықтан да, басқаны қайдам, мектептен ақша аяудың керегі жоқ. Онсыз да халықтан түскен ақшаны жымқырып, шетелге қашып жатқандар қояр емес. Одан да сол қаржыға неге көздің жауын аларлықтай, керемет білім ұяларын салмасқа?! Сапалы білім – болашақтың кілті. Осы қағидаттың күн сайын алдымыздан шығып жатқаны ешкімге жасырын емес.
Гүлмира Борашева, ата-ана:
– Шығыс Қазақстан облысына қарасты, Мамырсу елді мекенінде тұрамыз. Ауылда тұрғандықтан, балаларымды қаладағы жан-жақты, білімі сапалы мектептерде оқытуға жағдайым келмейді. Оның бәрі ақша. Ал біздің ауылдағы мектептің өзі кеңестік кезеңде салынған. Оның күрделі жөндеу жұмысына бюджеттен ақша бөлінетін шығар, бірақ бүтінделіп жатқан дүниені көрмейміз. Қыста жылу қазандықтары дұрыс жұмыс істемейді. Балалар қыстың айларын үйде өткізеді. Қала мектептеріндегідей интерактивті тақта, мультимедиялық кабинет дегеннің не екенін білмейтін де шығар. Сол себептен де ауыл мектептеріне мемлекет қамқорлық көрсетуден аянбаса екен. Біз де балаларымыздың білім сапасы жоғары, сыртқы және ішкі келбеті үйлесіп тұрған мектепте оқығанын қалаймыз. Зәулім сарайдай болмаса да, «Мынау менің мектебім!» деп айтуға тұрарлықтай болса екен деймін.
Анар Асан, ата-ана:
– Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласының тұрғынымын. Қалада мектеп көп. Бірақ соның ішінде сыртқы көрінісі жағынан асып-тасқанын көрмеген екенмін. Әрине, жекеменшік білім мекемелері арасында бар шығар. Бұл мемлекеттікі емес, жеке адамдікі. Министрліктен лицензия алып, ақшалы отбасының баласын оқытып жатады. Міне, сол мектептер қандай тамаша! Жанға қажеттінің бәрі ішінде. Балаң тұрмақ, өзің оқығың келеді. Өзіміз ауылда қуықтай ғана бөлмеде әріп танып, білім алдық. Не спорт залы жоқ, не еңбекпен шұғылданатын бөлмесі жоқ. Үйірмелері туралы әңгіме жоқ. Сондықтан да балаларымның бүгінгі заман талабына сай жабдықталған, іші-сырты бүтін, әдемі мектепте оқығанын қалаймын.

 

 

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗы

Рубрика: