Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

7DE9E71F-E07B-422B-8FA7-62E69904DC88_w268_r1_cx1_cy1_cw99Қазақстанға шетелден келген қазақ жастары орыс тілін білмеуден қиналатындарын айтады. Ұстаздарының сөзінше, оларға қазақ тілі мен тарихы да беймәлім.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің дайындық курс студенті Селчук Орхан. Алматы, 29 қараша 2013 жыл.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің дайындық курс студенті Селчук Орхан. Алматы, 29 қараша 2013 жыл.

Жарияланған уақыты: 29.11.2013

Үш ай бұрын Австриядан келген қазақ жігіті Селчүк Орхан Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) дайындық курсында оқып жүр.

– Бұл жақта жақсы қызметте істейтіндердің барлығы орыс тілінде сөйлейді екен. Сосын біз документ дайындаған кезде көп нәрсе орысша жазылған, түсінбей жаттық. «Алдымен орысша үйрену керек екен» деген ойға тоқталдық, – дейді Алматыға Венадан келген Селчүк Орхан.

Оның сөзін курстасы, Қытайдың Пекин қаласынан келген қазақ жігіті Балқаш Бекұлы да қостады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттыққ Университеті дайындық курс студенті Балқаш Бекұлы. Алматы, 29 қараша 2013 жыл.Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттыққ Университеті дайындық курс студенті Балқаш Бекұлы. Алматы, 29 қараша 2013 жыл.

– Келгеніме екі жарым ай ғана болды. Қытайда сауда саласы бойынша жоғарғы білім алғанмын. Енді Қазақстанға келгелі ана тіліммен қатар орысша үйреніп жатырмын, – дейді ол.

Екі жігіт бұрын қазақшалары нашар болғанын, қазір оны да жетілдіріп жатқандарын айтады. «Жақсы қызмет табылса, Қазақстанда қаламыз» дейді олар.

«ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ТАРИХЫНАН ДА ҚИНАЛАДЫ»

Шетелден келген қазақ жастары Қазақстанда орыс тілін білмеуден қиындық көретінін ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Гүлжан Молдағалиева да растады.

– Тарихи терминдеріміздің көбісі орыс тілінен енген. Әсіресе Қазақстанның патшалық Ресей қарамағына енгеннен кейінгі тарихында көптеген адам аттары мен мемлекет құрылысындағы өзгерістер орысша аталады, – дейді Гүлжан Молдағалиева.

Шетелден келіп, Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарында оқып жатқан қазақ жастарының «басым бөлігінің орыс тілінде сөйлеу деңгейі өте төмен дәрежеде» екенін Шымкенттегі «Сырдария» университеті дайындық бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Сапармұратова да айтты.

ҚазҰУ жоғарғы оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының доценті Нұрсұлу Мәтбек Қытайдағы мектептерде «Қос тілді оқыту» саясаты бойынша пәндердің көпшілігі қытай тілінде оқытылатынын айта келе:

– Таза қытай мектебінде білім алып келгендер төте жазуды да білмегендіктен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесінен бейхабар. Дайындық бөліміне түсу үшін қазақ тілінен өз беттерінше дайындалған болады. Оларға кириллицаны меңгеру үшін біршама уақыт керек, – дейді.

Алматылық студенттер. (Көрнекі сурет)Алматылық студенттер. (Көрнекі сурет)

Оқытушылар шетелден мектеп бітіріп келген қазақ жастарының көбі Қазақстан тарихынан да хабарсыз екенін айтады.

– Қытайдағы қазақ мектерінде Қазақстан тарихы мүлде оқытылмайды. Олар Қазақстанның жаңа тарихын ата-аналарының ауызша баяндауы мен соңғы шыққан газет-журналдардан ғана оқып білген, – дейді Гүлжан Молдағалиева.

Оның пікірінше, шетелден келген қазақ жастарын Қазақстан тарихымен таныстыруды елдің географиялық жағдайынан бастаған жөн.

Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқып жатқан оралман жастарды бейімдеу мәселесі 29 қарашада ҚазҰУ-де өтетін республикалық дөңгелек үстелде де айтылмақ.

Қазақстанда жыл сайын жоғарғы оқу орындарына студент қабылдаған кезде шетелден келген ұлты қазақ жастарға да квота бөлінеді. 2013 жылы сол квотаның арқасында әлемнің 9 елінен келген 1101 қазақ жасы мемлекеттік грант иегері атанды. Олардың 557-сі – Өзбекстаннан, 282-сі – Қытайдан, 186-сы – Моңғолиядан, 17-сі – Түркменстаннан, 10 – Қырғызстан, екеуі – Ресейден, бір-бір адам – Австрия, Түркия, Иорданиядан келген, өзгесі – қазір Қазақстанда тұрып жатқан, бірақ Қазақстан азаматтығын алып үлгермеген қыз-жігіттер.

Рубрика: