Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

«Қатерлі ісік» деген сөзді естісек, ол туралы айтпауға, ойламауға тырысамыз. Санамызда бұл жазылмайтын, ем қонбайтын ауру деген түсінік бар. Тіпті қатерлі ісікке шалдыққандарды тек өлім күтіп тұрғандай көрінеді.

Қазіргі қымбатшылық заманда аты жаман ауруға қарсы ем-домға қол жетпейтіндей көрінеді. Ал онколог-мамандар бұның барлығы санаға сіңіп қалған теріс түсінік деп тұжырымдайды. Заманауи медицинаның қатерлі ісіктің алдын алуға, ерте анықтауға, тіпті аурудан айықтыруға мүмкіндігі жетеді. Тек уақытын өткізіп алмай, дер кезінде дәрігердің алдынан табылу қажет.
Сондықтан биылғы дүниежүзілік обыр­ға қарсы күрес күнінің ұраны – жал­ған сенімдерді, теріс түсінікті жою. Осы мақсатта ел аумағында онкологиялық ауру­лардың алдын алу және ерте кезеңде анықтауға арналған онкүндік басталды. Онкүндік аясында емханаларда ашық есік күндері өтіп, онколог-мамандар кеңес береді.
Қатерлі ісік – әлем бойынша ең көп та­ралған аурулардың түрі. Ғалымдар 2020 жылға қарай қатерлі ісікке шалдық­қан­дардың саны 16 миллион адамға жетуі мүм­кін деп болжап отыр. Салыстыру үшін айтсақ, 2010 жылы олардың қатары 10 мил­лион болған. Қазақ радиология және онкология ҒЗИ директорының орын­ба­сары Дәулет Байпейісовтың айтуынша, обырмен ауыратындардың саны Қазақ­станда да жыл сайын артып келеді.
– Қазақстан бойынша 140 мыңға жуық адам қатерлі ісік бойынша есепке алынған. Күн сайын 90 адам есепке тұрады. 2013 жылдың қорытындысы бойынша Сол­түстік, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстары обырға шалдыққандардың саны бойынша алдың­ғы қатарда. Дегенмен қатерлі ісіктің кесі­рінен болатын өлім-жітімнің саны азайды. Бұл ерте анықтау мен уақтылы ем қабыл­дау­дың нәтижесі, – деп пайымдайды Дәу­лет Мұхаметқалиұлы. Ал қатерлі ісікті ерте анықтау бойынша Алматы қаласы бірінші орында. Алматы қалалық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Диляра Қайдарованың айтуын­-ша, қала бойынша жыл сайын қатерлі ісік­пен 4000-нан аса науқас тіркеліп, соның мыңға жуығы о дүниелік болады.
Осы орайда «Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының» директоры Жәмила Баттақова Денсаулық сақтау министрлігі алдын алу шаралары­-на үлкен мән беріп отырғанын алға тар­тады: «Сондықтан алғашқы көмек көр­-сету жүйесінде аурудың алдын алу бі­рін­ші орынға шықты. «Мәңгілік елдің» негізін дені сау ұлт құрайды. Осы орайда са­ла­уатты өмір салтын ұстану, зиянды әдет­терден аулақ болу, скринингтік тек­се­ру­ден өту маңызды. Өйткені ДДСҰ сарап­шылары салауатты өмір салтын ұстану ар­­қылы қатерлі ісік аурулары 40 пайызы­ның алдын алуға болатынын айтады». Салауатты өмір салтын ұстамау, нашар экология, иммунитеттің төмендеуі – қа­тер­лі ісікті тудыратын жалпы фактор­лар. Десе де, әр ісіктің өзіне тән маза ке­тіретін белгілері болады. Обыр ауру­ларының ішінде сүт безі қатерлі ісігі кең та­ралған. Сондықтан онкологтар уақтылы тексеруден өтіп тұруға шақырады.
– Әр әйел уақтылы омырау безін қа­рап, тексеріп тұрғаны жөн. Егер кішкен­тай болса да түйін, қатаю, ісіну байқалса, бірден дәрігерге қаралған жөн. Мамандар мамография, УДЗ жасайды. Сондай-ақ
50-60 жас аралығындағы әйелдер екі жыл­да 1 рет тегін мамографиялық тексеруден өтуі қажет, – дейді Дәулет Байпейісов. Айта кетейік, Қазақстанда қатерлі ісік­ті емдеу тегін. Онкологиялық аурулардың алдын алу үшін 2012 жылы арнайы бағ­дарлама қабылданды. 2016 жылға дейін жал­ғасатын бұл бағдарламаға мемлекет­-тік бюджеттен 178 миллиард теңге қарас­тырылған.

Үмітжан ЖАПАР

http://www.aikyn.kz/articles/view/41602

 

 

Рубрика: