Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

назарбаевМансұр ХАМИТ (фотолар)

Қазақтың даласы кең. Оны жасыл желекке орап, орманға айналдыру қажет. Сонда бұл жерде тіршілік те көбейеді. Кеше Астананың жасыл белдеуін тікұшақпен көріп шыққан Президент Нұрсұлтан Назарбаев жиналған жұртқа осы бір идеясын жеткізді. Қызылжар орман шаруашылығында біраз аялдап, елорданың жасыл белдеуін дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізген Мемлекет басшысы үш жылда әжептәуір өсіп қалған ағаштардың ішіне қырғауылдарды да жіберді.

Негізі, бас кезінде Астананың сазында ағаш өседі дегенге ғалымдардың өздері де сенбеген екен. Алайда бүгінде сан алуан технологиялардың арқасында елорданың айналасындағы жасыл желек гүл жайнап, орманға айналып келеді. Осыдан екі жыл бұрын отырғызылған көшеттер 1,5-2 метрге дейін көтерілсе, бұдан бұрын егілген талдар нуға айналып келеді. Ендігі мақсат – осы жасыл белдеуді қалаға барынша жақындату. Осы мақсатта елорданың айналасындағы 34 мың гектар жер жан-жақты зерттелді. Ал ағаш отырғызу үшін топырақты екі жылдай дайындау қажет. Сондықтан ол жерге көшеттерді жаппай отырғызу жұмыстарын 2015 жылы бастау жоспарланған. Астана аумағында орманға жарамсыз тағы 11 мың гектар жер анықталған болатын. Онда да арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін, жасыл желек өсіру көзделіп отыр. Бұл жер батпақты әрі тұзды болғандықтан, көшеттерді тек траншея әдісімен ғана отырғызу мүмкін болып тұр. Осылайша Астананың жасыл белдеуі өсіп келеді. Бүгінде оның жалпы ауданы 11,5 гектардан асты. 2017 жылдан бастап ол жыл сайын 350 гектардан өсіп отырады.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шынын айту керек, кезінде Аста­на­ның құрылысы сияқты «бұл өңірде орман өспейді» деген пікір болған. Сол кезде «Бидай, арпа мен сұлы өсетін жерде неге орман өспейді?», – деп мен де таңғалдым. «Жері – тас!», – деді кө­бі­. Ғалымдардың өздері сенбей жат­ты. Енді бұрын ағаш өспеген жерде ор­ман салу оңай шаруа емес қой. Дегенмен «көз – қорқақ, қол — батыр». Мінеки, 97-ші жылдан бері Астананың айна­ласында 65 мың гектар орман отыр­ғыздық. Біз өзіміз елорданың төңірегін тікұшақпен бір сағат бойы шарлап, тауыса алмадық. Қазір ресей­лік ғалым­дардың өздері бұл жұмысқа жоғары баға беріп отыр. 

Алайда Президент осымен тоқтауға болмайды дейді. Енді Астананың орма­нын Көкше жерінің жасыл желегімен қосу қажет. Қазіргі кезде Астана – Шортанды трассасында 2,8 мың гектар жерге іздес­тіру жұмыстары жүргізіліп, орманға жа­рам­ды 1,8 га жер анықталды. Соңғы үш жыл­дың ішінде онда тал егіліп, қосымша орман алқабы құрылды. Алдағы уақытта Шортанды – Щучинск (Бурабай) тас жолы бойымен ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Осы мақсатта республикалық бюд­жет­тен 1,4 млрд теңге де қарастырылған. «Қазақтың даласы кең. Оның барлығы тек дала ғана. Территориямыз шамамен 3 млн шаршы шақырымды құрайды. Оның 8-10 пайызы – орман. Егер біз әрбір ай­мақта жыл сайын орман отырғыза берсек, онда еліміз көп ұзамай жасыл желекке оранып шыға келеді. Бұл елдің «өкпесі» ғой. Орман көп болса, жеріміз бай болады. Тіршілік те көбейеді. Осы жұмысты ел болып, Қазақстанның барлық аймақта­рына тарату қажет. Әсіресе жастарға ай­тарым, осы ағаштардың әрбір талын күтіп, сақтап, сындырмай өсірсек, ертеңгі ұрпақ бізге мың да бір алғыстарын айтады», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Атырауда «Болашақ» зауыты ашылады

Иә, Астана мен Көкшенің жасыл желе­гін қосу арқылы біраз мәселелердің шеші­летіні хақ. Бір жағынан, жаңа тас жолын қар кептелісінен сақтасақ, екінші жағынан, астыққа қажетті жер ылғалдылығын қам­тамасыз ете аламыз. Ал республика аумағында алсақ, қазіргі индустриалдық-инновациялық дамуға бет алып, көптеген өндірістік жобаларды іске асыруға кіріскен Қазақстан үшін орман сияқты «табиғи өкпе» ауадай қажет. Ондай жобалардың бірі – Қашаған. Президент те аталған өнді­рісті жіті бақылауда ұстап отыр. «Бұл – өте күрделі кен орны. Қазірдің өзінде оған 48 млрд доллар салынды. Ал барлық жұ­мыстар 13 жылдай жүргізіліп келеді. Маусым айының соңында біз Атырауда «Болашақ» зауытын іске қосамыз. Оның құрылысы 2006 жылы басталған болатын. Осы өндірістік кәсіпорында өндірілетін мұнай күкірт пен газдан тазартылып, экс­портқа жіберілетін болады», – деді Пре­зидент.

Автор: Арман АСҚАР

http://alashainasy.kz/main/44030/

 

Рубрика: