Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Немцов қазасы: ресейлік және шетелдік саясаткерлердің көзқарасы«Борис өмірінің соңғы күндерінде «Путин. Соғыс» атты баяндама әзірлігіне жең түре кірісіп жатқан еді» деп еске алады Немцов партиясының Мәскеудегі бөлімшесінің жетекшісі Илья Яшин. Бұл туралы РБК.ру порталы ақпарат таратады.

Қызыл Кремль маңындағы Үлкен Москворецкий көпірімен құрбысы, украиналық модель Анна Дурицкимен кетіп бара жатқан ресейлік саясаткер Борис Немцовқа 27 ақпанда мәскеу сағаты 23:15-те ақ түсті жеңіл көліктен алты рет оқ атылып, оның төртеуі тиген. Саясаткер 55 жасында ауыр жарақаттан көз жұмды.

Бұл оқыс оқиғаға дейін жарты сағат бұрын саясаткер украиналық «Вести» радиостансасына телефон арқылы сұхбат беріп, кезінде Борис Ельциннің өзіне Ресей тағын мұра етпекші болғанын, бірақ одан кейін ол бұл ойынан айнып қалғанын еске алыпты.

Қазір саясаткерге қатысты жасалған қылмыстың себебі бойынша бес жағдай қарастырылып, тексеріліп жатыр. Оның ішінде саясаткердің саяси өмірінен бастап, лаңкестіктің табы мен қызғаныш секілді күдікті жайттар да қарастырылуда.

Қалай дегенмен де Немцов өлімі Ресей қоғамында үлкен толқу туғызды. 1 наурызда ресейлік оппозиция өкілін еске алу үшін, ресми деректер бойынша, Қызыл алаңға 17 мың адам жиналған. Ал бейресми цифр бұл ретте 100 мыңнан асады (көбісін құқық қорғау қызметкерлері орталық көшеге шығармай, ұстап тұрған, сондықтан бейресми мәліметке негіз бар деп айтуға болады). Сол секілді Петерборда да халық шеруге шыққан. Бұл үрдіс Украина астанасы Киевте де өз жалғастығын тапқан.

Бұл шеруге Мәскеу билігі рұқсат берген. Бірақ ол дағдарысқа қарсы оппозиция шеруі деп жоспарланған, бірақ аяқ-асты кісі қолынан мерт болған ресейлік оппозиция өкілін еске алу маршына ұласып кеткен.

Өз досына қылмыс жасалған көпірді Немцовтың атымен атауды ұсынған Ресейдің бұрынғы премьер-министрі Михаил Касьянов: «Бұл — ақылға сыймайтын бассыздық. Қызыл Кремль қабырғасынан 50 метр жерде менің досым Борис Немцов жатыр. Ресей, міне осындай, Қызыл алаң маңында адам өлтіретін мүшхіл халге жетті. Бұл естен танырлық жағдай, Ресей мұндай халге қалай жетті?» дейді.

Илья Яшин, «РПР-ПАРНАС» партиясының Мәскеудегі бөлімшесінің төрағасы:

— Мен қандай да бір болжамдар жасағым келмейді, бірақ бұл саяси тапсырыспен жасалған қылмыс екендігі даусыз. Бұл — оның оппозицияда еткен қызметі үшін кек қайтару. Бориске үнемі қоқан-лоқы көрсетілетін, бірақ ол оның ешбіріне аса көңіл бөлмеуші еді. Ол өмірінің соңғы күндерінде «Путин. Соғыс» атты баяндама әзірлігіне жең түре кіріскен. Онда Украинадағы қарулы қақтығыстарға ресейлік әскерилердің қатысы барын дәлелдейтін айғақтар да болған.

Ол ауқатты отбасынан шыққан, жағдайы жақсы адам, сондықтан оның кез келген уақытта өзге саясаткерлер секілді шетелге көшіп кетуіне болатын еді. Бірақ ол өйтпеді, өз өмірін құбандыққа шалды.

Вадим Прохоров, «РПР-ПАРНАС» партиясының қорғаушысы:

— Оған әрдайым доқ көрсетілетін. Тіпті, былтыр ол полицияға арыз да жазған. Бірақ өлтірмек ниеті барлар бұлайша ашықтан-ашық қоқан-лоқы көрсетпейді ғой. Мұндайда «мен қорықпаймын» деуші еді. Сұхбаттарында да солай айтатын. Қалай дегенмен де мен мұны саяси тапсырыспен жасалған қылмыс деп санаймын.

Ресей Федерациясы президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Владимир Путин Немцовтің өлімі елді арандату мақсатында тапсырыспен жасалған қылмыс деп атады. Мемлекет басшысы марқұмның туған-тусытары мен ет жақын адамдарына қайғыра отырып көңіл айтып, құзырлы орган басшысына бұл тергеуді жекелей өз бақылауына алуға бұйрық берді» деп мәлімет етті.

Сергей Доренко, «Говорит Москва» радиостансасының бас редакторы:

— … Бұл – саяси қастандық. Мұны жасаған адам өз ісін әбден таразылап, жоспарлаған. Немцов көпірге қарай келе жатты, оған дейін жолда қараңғы қалтарыстар мен қуыстар көп еді, бірақ қаскөй Москворецкий көпірін таңдайды. Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын осы көпірде альпинисттің керек-жарағы бар бір ұл бала мен қыз бала «Путин, өзің кет!» деген плакатты ілмекші болған. Ол плакатты алып тастау үшін федеральдық қызметтің адамдары 10 минутта бірінші боп жеткен. Немцовтың өлімі тура Сауронның терезесі алдында болды. Бұл әкей үшін жасалған сахна, яғни бұл әкейдің жағдайды бақылай алмайтынын өз көзімен көрсін дегені. Құрбандық иесі Путин үшін бір нәрсені меңзей алатындай етіп таңдап алынған: 90-шы жылдардың адамы. Енді әкей жағдайды бұл адамдар емес, өзі бақылайтынын дәлелдеуі керек болады.

Игорь Лебедев, РФ Мемлекеттік думадағы ЛДПР партиясының өкілі:

— Бұл — қасақана тапсырыспен жасалған қылмыс. Мақсаты — біріншіден, 1 наурыз маршына қарсы ел ішіне іріткі салу, екіншіден, Украинадағы жағдайға қатысты Батыспен онсыз да онша емес қарым-қатынасты ушықтыра түсу. Украинаға қатысты шиеленіс реттеліп келе жатқан, бірақ шетелдегі, сол секілді ел ішіндегі көп адам біздің қарым-қатынасымыздың реттелгенін қаламайтын секілді. Оппозиция көшбасшылары бірінің өлімі Ресей мен Батыс қарым-қатынасына сызат түсіретіндей-ақ жағдай. Қазір оның тұрмыстық жағдайдан туындағанына ешкім сене қоймас…

Ресейлік белді саясаткердің өлімі АҚШ президентінің де назарынан тыс қалмады.

Барак Обама, АҚШ президенті:

— Біз Ресей үкіметін Немцовтің өліміне қатысты қылмыстық істі дер уақытында қолға алып, ол іс бойынша таза әрі әділ тергеу жүргізуге шақырамыз. Немцов отандастары барлық адам секілді өзіне тиесілі құқығын пайдалана алуы үшін шаршамай күрескен өз елінің қорғаушысы болды. Мен Ресейдегі сыбайлас жемқорлықпен күреске қорықпай берілген Немцовқа сүйсіне қарайтынмын. 2009 жылы Мәскеуде онымен кездескенде оның аса бір дайындықпен бөліскен ашық көзқарастарын да жоғары бағалаған едім.

Батыстың белді бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы дерлік Борис Немцовтың өлімін айыптайтынын айтып, жарыса жазады.

«Алаш айнасы»

Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/nemtsov-kazasyi-reseylk-jane-sheteldk-sayasatkerlerdn-kozkarasyi-64517/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: