Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Амалбек Қозыбақұлының туып-өскен жері – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төлеби ауданының Сайрамсу, Қасқасу және Қарасораның суы үшеуі бір нүктеде қосылған Қарасора ауылы. Бұл мекеннің қасиеті осында және мұндай табиғи байлық кемде-кем.  

 

Анам өмірін тек маған арнады

 

Ол – шаруа баласы. Ауылда, көп балалы отбасында, төрт ұл, төрт қыз­дың ортасында өскен. Балалардың бе­сіншісі. Ұлы Отан соғысының нағыз қайнап жатқан 1943 жылдың 4 сәуірін­де дүниеге келген. Бұл әулеттен төрт кісі соғысқа қатысқан. Олар – әкесі Қозыбақ, 15-16-сында жасын үлкей­тіп көрсетіп, соғысқа аттанған ағасы Жамалбек, қазір өзі тегін алып жүрген тәтесі Тшан және анасының жалғыз інісі, жастайынан әке-шешесінен айырылып, осы үйде тәрбиеленген нағашысы – Құдайқұл. Әкей мен Жа­малбек ағасы қан майданнан аман-есен елге оралды да, тәтесі мен на­ғашысы соғыста шейіт болды.

– Тшан тәтемнің әйелі Күлдәр, яғ­ни менің екінші анам 31 жасында

же­сір қалып, соғыстың қасіретін көп тартты. Ерінен айырылды, басқа баратын ешқандай туыс жоқ және ешкімнің жағдайы жетісіп тұрған кез емес. Апам өмір сүргісі келмей, бәрінен күдер үзіп, түңіліп жүргенде анамның құрсағында мен пайда бо­лыппын деп бастады әңгімесін Амалбек аға. – Абысынының ахуа­лын жан-дүниесімен түсінген анам Ор­тай «Егер құрсағымдағы бала ұл бол­са, саған беремін» дейді. Алғашқы атым – Жақсыбек, сосын мені Күл­дәр апама бергеннен кейін Құран­нан алып Амаль, яғни Үміт деген мағы­наны беретін ат қойып, оған «бек» де­ген жалғау жалғайды. Күлдәр анам қай­та тұрмысқа шыққан жоқ, бар өмірін маған арнады. Өте бір қасиетті, дана, көпті көрген кісі болатын. Оның есте сақтау қабілетіне таңғалатынмын. Жамалбек пен Өмірбек ағаларымның және үлкен әпкем Шолпанның әр­қайсысында 11 баладан болды. Сол аға-апаларым кейде өз балаларының қай күні туылғанын ұмытып қалып жата­тын, ал менің апам солардың бәрін біліп, айтып отыратын. Жас кезімде «Апа, маған сіздің есте сақтау қабі­летіңіздің оннан бірін берсе, мен де әжептәуір адам болатын шығармын» дейтінмін.

 

Өз анам Ортай толықша келген аққұ­ба кісі еді. «Айналайын» дегеннен басқа ар­тық сөзі жоқ, сабырлы болатын. Бірдеңе дұрыс болмай қалыпты десе, «Ойпырым-ай, солай ма?» дейтін де қоятын. Үй ша­руасының бәрі – сегіз баланың, әкейдің күтімі, тамағы сол кісінің мойнында бол­ды. Біздің үйдің жалпы шаруашылығы­ның бәрін жаратылысынан еті тірі Күл­-дәр апам басқарды.

Балалық шағымнан есте қалғаны – жеті жасқа дейін емшек емгендігім. Бес жасымда мектепке бардым. Күлдәр апам мені барынша еркелетіп өсірді, маған қарата ешкімді сөйлетпейтін. Апамды ерекше құрметтейтіндіктен оның көңілі­не қарап, ешкім бетімнен қақпады. Бір қызығы, мен алдында өз анамды еміп жүріппін де, сосын Күлдәр апамды еміп кетіппін. Сабақтан келе салысыммен қа­раңғы бөлмеге кіріп алып, маңдайымнан шып-шып тер шығып емеді екенмін. Өзі тумаса да маған мейірленіп, еміренген­дік­тен бе, ол кісінің омырауынан сүт шық­қан. Негізі, ол екі құрсақ көтерген, бірақ қос құлыны да шетінеп кеткен. Кіші бала мен туардың алдында дүниеден озған болуы керек. Өз анама қарағанда Күлдәр апам мен үшін өте жақын болды.

 

 

Ойтамызық

– Қазір әжептеуір жасқа келдім. Оң-солымызға баға беретіндей көргеніміз, түйгеніміз бар. Алды-артымызға қараймыз. Өз басым да кіршіксіз таза өмір кештім деп айта алмаймын. Себебі біз періште емеспіз, қатесіз адам болмайды. Кейде сөзден, кейде ісіңнен жаңыласың. Бірақ адамның негізі дұрыс болса, ол адамнан барлық уақытта жақсылық күтуге болады.

Кейде балаларыма, немерелеріме қарап отырып, «Осыларды не күтіп тұр? Қаншалықты ұлттың туын көтеріп, ұлтқа негіз болып, ұлттың қорғаны болады? Осы үдеден шыға ма, әлде жоқ па?» деп ойланамын.

Қазіргі жастар тіпті қазіргі еркіндік, тәуелсіздіктің өзін шын мәнінде, түсінбейтін сияқты. КСРО-ның кезінде қандай болғанын елдің бәрі біледі. Бүгінде өз елімізде өзіміз қожамыз. «Ұлттық негізімізді көтерейік» деп мұрындық болатын зиялы қауым қайда? Сол зиялы қауым деп әспеттегендеріміз тіпті қазаққа тән көпірте айтқан сөз сияқты көрінеді. Біздің зиялы қауым тек қарақан басының жайын күйттеп кеткендей. Өзі, бала-шағасы аман болып, өз жағдайларын күйттесе болғаны. Маған олар ренжімес деп ойлаймын. Дәл қазіргі кезде ұлттық сезімі жоғары, нағыз халыққа жанашыр зиялы қауымды шырақпен іздеп таба алмайсың. Көбі Құдайдың берген бойындағы талантын, абыройын отбасының күйбең тірлігінің айналасында қалдырып жатқандай. Бұл – өте өкінішті. Әйтпесе қазақ талантты азаматтардан кенде емес. Ең бір қиын замандарда да, баяғы революциядан кейін де біздің аталарымыз қазақтың-қазақ болып қалыптасуына жанын пида етіп, өздерін дәлелдей білді. Мықтылығын мойындатты. Кезінде олардан бүкіл империя қорықты. Қазір бізге ешкімді қорқытудың қажеті жоқ. Біз өз еліміздің ғана сойылын соғуымыз керек. «Ертеңгі ұрпаққа не қалдырып жатырмыз?» деп артымызға қарауға, ойлануға тиіспіз. Қажет болса құрылтай жасап, ұлтты сақтап қалу мәселесін жан-жақты талқылауымыз қажет. Бұл билікке қарсы әрекет емес, тек ұлттың негізін қалай сақтап қаламыз деген ой. Егер осындай бір әрекет болса, мен де сырт қалмас едім. Меніңше, бұл мәселе әрбір қазақтың міндеті, тіпті борышы деп түсіну қажет сияқты.

 

 

Жүрегі жұмсақ әкешім

Оның халық алдында Амалбек боп азамат ретінде қалыптасуы өз еңбегінің арқасы. Қалай еңбек етуді бала кезден ата-анасы үйреткен. Әкесі Қозыбақ то­-ғыз жасында жетім қалып, украиндар­-дың қолында малай есебінде жүреді. Титтейі­нен еңбек еткен, украинша үй­ренген. Сөйтіп жүріп, үш айлық мал дә­рігерлік курсқа жіберіліп, маман болады. Ауылда мал дәрігерінің әжептәуір беделі бар. Себебі – колхоздың бүкіл малы бас­тық пен мал дәрігерінің қолында. Әкей кішкентай Амалбекті тоғыз-он жастар ша­масында таңертең сағат 5-терде тұр­ғызып, тауға ертіп әкетіп, қамыс орғы­затын. Бір өзі баруға еріне ме, әлде серік болсын дей ме, әйтеуір оны жанынан қалдырмайтын. Қамыспен үйдің төбесін жабады, ши тоқиды, әйтеуір тіршіліктің қамы. Сол кездері апасы «Осы титтей ба­ланы ұйқысынан оятпай-ақ өзің барып келмейсің бе?» деп, кейіп отырушы еді. Кейін есін жиып, еңбекке араласа бастаған кезде ол әкесінің ақсаусақ қылмай, тит­тейінен еңбекке баулып, өсіргеніне риза болды.

Сегіз баланы асырау оңай емес. Қозы­бақ әке малдың қиын тазалап, тезек жа­сайды. Әбден еңбектенетіні сонша қол­дары ақжем болып, буындары тілініп, сүйегі көрініп тұратын. Соған қойдың құйрық майын қыздыртып бастыратын. Ол өз ұрпағын осылайша асырап, бағып-қағып, үлкен өмірге жол сілтеді. Жас ша­ғында әкесін тым қатал деп ойлайтын бала бертін келе оның жүрегінің сон­шалықты жұмсақ, нәзік екендігіне талай рет көз жеткізді. Алла алдынан жарыл­қа­сын.

 

Ойтамызық

– Біз өзіміздің ұлттық негіздерімізді жоғалтып жатырмыз. Егер осы қалпымыздан танбасақ, біздің түріміз ғана қазақ болып қалуы мүмкін, ал жан дүниеміз қазақ болудан қалады. Атам қазақ аспаннан аяғы салбырап түскен жоқ, жерден өніп-өсті. Өзіндік салт-дәстүрі, мұрасы болды. Міне, соның бәрін кеңестік идеология ескінің қалдығы деген сылтаумен ұмыттырды. Ал қазір тәуелсіздік алғаннан кейін бізге кім кедергі келтіреді? Ауылда жеңгелерім алдымнан кесіп өтпейтін. Олар үшін «Жігіттің алдын кесіп өту – оның жолын кесу» дегенді білдіреді. Бұл дәстүрде қандай кемшілік бар? Бұл – біздің ұлттық негізіміз. Бұл – құрметтің белгісі. Адамның қалыптасуының өзі осыдан басталады. Атымызды атамай, «Мырза бала» дейтін. Сол сөзі арқылы өзін де сыйлатады, сенің де жүрегіңде көп нәрсені ұялатады. Осындай асыл қасиетімізді неге біз ұмытып кеттік? Жапон халқы қайда барса да иіліп сәлем беріп тұрады. Одан жапондардың мәдениеті төмен түскен жоқ. Біздің қазақ та сондай еді ғой. Қазір бір-бірімізбен қарым-қатынаста дөрекілік белең алып барады. Себебі бізде ұлттық негіздегі тәрбие жоқ. Менің кішкентай балам қазақша балабақшаға барады, бірақ үйге орысша сөйлеп келеді. Сонда балабақшада не үйреніп жатыр? Бұл біздің ұлттық негізіміздің жойыла бастауынан. Өте өкінішті! Біз тілді жоғалтсақ ұлт болып қайта қалыптасуымыз қиын. Түсіне білген адамға қазақтың тілі – өте бай тіл. Тіл – негіз…

 

Музыкант бала

– 9 сыныптан бастап Советский ауылын­да оқыдым. Жамалбек ағам мек­теп директоры болып қызмет істеді де, онжылдықты сол жерде тамамдадым.

Бұл ауылда кілең орыстар тұрып, қа­зақ­тарға күн көрсетпейтін кездер де бол­ған. Жергілікті тұрғындардың тұрмысы, са­уаты көтеріліп, өзін-өзі тани бастаған кезде орыстар көше бастады, – дейді ол әңгімесін одан әрі сабақтап. – Мен бала күнімнен музыкаға құмар болдым. Дом­быра, баян тарттым. Жоғары сыныпта оқып жүргенде мектептің көркемөнер­паздар үйірмесін басқардым. Консер­ваторияға оқуға түсіп, музыкант болғым келді. Ол кездері қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әнін айт­пайтындар некен-саяқ. Ауылға бір неміс отбасы көшіп келді. Күйеуі дене шы­нықтыру сабағынан, ал әйелі музыкадан сабақ берді. Апайымыз «Қабылетің жақсы екен, нота үйретейін» деп мені музыкаға тарта бастады. Пианино жоқ. Қатты қа­ғазға клавиатура салып, «до-ре-ми-фа-со-ля-си-до, до-си-ля-со-фа-ми-ре-до» деп отыратынмын. Осылай біраз әуре­лендім. Ешқандай дыбыс шықпаған соң жалыға бастадым да, тастап кеттім. Мек­теп бітірген соң консерваторияға бара­тынымды айтқанымда Жамалбек ағам «Шарманкаңды арқалып қаңғып жүресің бе, одан да қазіргі заманға сай мамандық игер, технологиялық институтқа барып бақ сына, инженер боласың» деп кеңес берді. Осылайша инженер мамандығын таңдадым.

Боксқа бала күнімнен қатыстым. До­сым Ақжол Асқаров екеуіміздің боксқа қызығушылығымыз ерекше болып, был­ғары қолғап киіп, жаттығуға қатысып жүр­дік. Бокстың нағыз әдіс-тәсілін біл­месек те, кейбір ережелерін үйрендік. Жа­рыстарға қатысқан жоқпыз. Кейіннен институт қабырғасында жүргенде бокспен шындап айналысып, Қазақстан құра­ма­сында сайысқа түсіп, КСРО спорт шебері деген атаққа дейін жеттім.

 

Бұрымды қыз баурап алды

Ол жоғары білімді Шымкент қала­сындағы Қазақ химия-технология инсти­тутынан алды. Сабақ күрделі. Ауылда өскен балалар үшін орыс тілі қиындық тудыратын. Техникалық терминдерді сіңіру өте қиын болды. Дегенмен ол сабаққа да үлгеріп, спортты да қатар алып жүрді.

Амалбек Қозыбақұлы:

– Спорт маған топтың алдында көш­басшы болуға, өмірге деген құлшыны­сымды арттыруға өз септігін көп тигізді. Әсіресе, қазақ балалары арасында бокс­шылардың беделі жоғары еді. Айналаңа жиналып, үйіріліп қасыңнан шықпайтын. Оның үстіне гитара тартатын болған соң өскен ортада абыройымыз жаман болған жоқ.

Институтты бітіріп, жұмыс істей бас­та­дық. Қалай қызметке көбірек араласып, жұмысбасты бола бастадым, солай музыка ысырылып қалып қойды. Өз өмірімдегі өкініштерімнің бірі – музыкант ретіндегі қырымның тасада қалып қойғандығы. Қазір де баянды, гитараны қолыма алсам, жайлап тарта аламын, бірақ баяғыдай қарқын жоқ. Кейбір азаматтар өз бойын­дағы осындай қасиеттерін қандай қыз­метте жүрсе де қатар алып жүреді ғой, мен оларға ризашылықпен қызығамын.

Жолдамамен облыстық тұрмыстық қажетті қамту басқармасына бардым. Ол кезде шетелден келетін ешнәрсе жоқ. Шаш­тараз да, химиялық тазалау жұ­мыстары да сол жерде болатын. Шым­кентте тұңғыш рет Кеңес Одағының киім жуатын, тазалайтын жаңа құрал-жабды­ғымен жарақталған киім тазалайтын фаб­рика ашылды. Мені басқарма сол жерге бас инженер етіп жіберді. Одан кейін Шардара ауданына барып, құрылыста жұмыс істеп, ұзақ уақыт бойы осы салада еңбек еттім.

Шындығында музыканың адамға әсе­рі бөлек, нәзіктік сезім береді. Музыкадан хабары бар жігітке қыздардың да ықы­ласы ерекше болады. Алғашқы жүрегі­мізді дір еткізген махаббат сезімі оқушы кезімізде бастан өтті. Ол басқа мектепте оқыды, менен екі жас кіші болатын. Аудан­да көркемөнерпаздар үйірмесінің жарысында үнді биін билейтін. Велоси­педпен үйіне жеткізіп салып жүретінбіз. Біздің қызға қырындаған түріміз – осы. Бірақ уақыт өте келе бәрі өзгерді. Студент кезімде Түлкібас ауданының Алғабас ауылына тұрмысқа шыққан Шолпан әп­кемнің үйіне барып тұратынмын. Көрші­лес ағайындарының 10 сыныпта оқитын Әтира деген қызы бар екен. Мен үшінші курстың студентімін. Екеуіміз таныстық. Әтира бірден көзіме ыстық көрінді. То­бықтан түсетін бұрымы, мөлдір қара көзі мені тартып тұрды. Біз бір-бірімізді шынайы жақсы көріп, ұнатып, достас­-тық. Ол мектеп бітірген соң мен оқитын инсти­тутқа түсті. Бір себептермен бұл оқуды тастап, Теміртауға барып ПТУЗ-ға түсіп, мен оны соңынан іздеп барып, ақы­ры екеуіміз бас қостық. Тағдыр деген сол. Екі қыз, бір ұл сүйдік. Өкінішке қарай, ұлымыздан 2003 жылы қапыда айырылып қалдық…

 

 

Ойтамызық

– Қазір бізде қай салада да даму процесі бар. Дегенмен өкінішке қарай, бүгінгі жас­тардың, әсіресе, ауыл жастарының кейбірінің ой-өрісі бұдан бір жарым ғасыр бұрынғы қазақтарға ұқсайды. Еш нәрсенің мәніне, мәнісіне терең үңілмейді. Абай атамыз сол үшін жылап өтпеді ме өмірден? Содан бері өзгергені шамалы. Рас, үлкен нәтижелерге жетіп жатқан жастар да бар. Ал көп жағдайда халықтың ішкі жан дүниесіне үңіліп қарасаңыз, сөйлессеңіз сіздің не айтып отырғаныңызды түсінбейді немесе әдейі түсінгісі келмейді. Қарны тоқ, қара шай мен наны болса болғаны. Тек қарынның қамы үшін болса өмірге келудің не мәні бар? Онда біздің малдан айырмашылығымыз не? Абай атамыздың өмірден жылап өтуінің сыры – сол. Қызғану да бізде. Құлдық психология да өте жоғары. Қызметтегі кісіні мақтағанда аспанға ұшырып жібере жаздайды. Біздің ең үлкен кем­шілігіміз – осы. Әйтпесе 16-ақ миллион халқы бар біздің еліміз әлемдегі ең бай мем­лекеттің бірі. Біздің байлығымызға жететін бірде-бір ел жоқ. Мұны нақты айта аламын.

Ел жақта жиі боламын. Тіпті жас жағынан менен кіші көп жігіт өмірден озған, кейбіреуі қартайып, жүнжіген. Жастар жағы сымға тізілген қарлығашқа ұқсап көшеде отырады. Ағайындарым ғой, өтіп бара жатып тоқтап, амандасамын. «Не істеп отырсыңдар?» десем, «Жай әңгімелесіп…» деп жауап береді. Олар сол өмірге үйреніп кеткен. Құдай-ау, біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз? Неге біз Оңтүстік Кореядан үлгі алмаймыз? Олар кезінде елдің тұрмыс-ахуалын көтеру үшін күндіз-түні шахтада, өндірісте, құрылыста, тағы басқа да жерлерде жұмыс жасады. Бүкіл халықты көтерді. Өте еңбекқор, бәрі шетінен білімді, инабатты. Біздің солардан неміз кем? Біздің халқымыз, әсіресе, жас­тарымыз өте талантты емес пе? Неге біз керек болса ақындарымыздың сөзімен соларды оятпаймыз? Қазақ халқы ақынның сөзін естісе, денесі түршігіп, арқасы қозып шыға келеді. Әлде біздің халқымыз Кеңес Одағы құрамындағы сол 70 жылда шөгіп, басылып кеткен немесе біз оларға айтып жеткізе алмаймыз, не түсінгісі келмейді. Осы үшеуінің бірі.

 

 

Димаш ағамның батасы

Амалбек Қозыбақұлы 1969 жылы Шар­дараға жұмысқа барғанда алғашында гидроэлектр стансасында жұмыс жасады. Құрылыс материалдары комбинатында диспетчер болды. Директор Сейіткамал Жүнісұлы оған бір жерге ағаш егуді ұйым­дастыруды тапсырды. Ол бала күнінен ағаш отырғызғанды жақсы көретін. Әкесі екеуі ағаштарды будандастырып, өсіріп, бір түп ағаштың басында үш-төрт алма­ның түрі тұратын. Жастайынан әкесінен үйренген әдіспен әр ағаштың отырғы­зы­луына үлкен мән беріп, бәрін өлшеп, рет-ретімен жұмыс жасайды. Директор үшінші қабаттағы жұмыс бөлмесінен бұларға қа­рап, сырттан бақылап тұрған екен. Осы жан-тәнімен беріліп жасаған еңбегінің арқасында директордың оң көзқарасы қалыптасыпты. Шардара көлінің арғы жағында комбинаттың резиденциясы бо­латын. Кешке бәрі сол жерде жиналды. Дастарқан жайылды, суға түсті. Директор «Амалбекке рақмет» деп ерекше алғысын білдірді. Осыдан кейін директормен арада жылы қарым-қатынас орнады. Әйтпесе бастықпен ешқандай туыстық қатысы жоқ. Сейіткамал Жүнісұлы оған үнемі ру­хани жағынан дем беріп, еңбегін бағалады. Содан кейін бас технолог, зауыттың ди­ректоры болды. Ол кісі Шымкентке трес­тің бастығы қызметіне ауысқан кезде де бас технолог қызметіне жұмысқа ша­қырды. Сондықтан оны «Өмірімнің дұрыс қалыптасуына игі ықпалы болған жанның бірі» деп ерекше құрмет тұтатыны бар.

– Шымкентте 1980 жылы «Югстрой­конструкция» деген үш зауыт, екі ком­би­наты бар үлкен жаңа құрылыс материал­дары тресі ашылды, – дейді Амалбек аға. – Трестің бастығы менің институтта бір­-­ге оқыған досым Вячеслав Хлебов бо­латын. Партияның кезіндегі талап бойын­ша екінші бастық қазақ болуы керек. Сол кезде өзімізге жақын туыс ағамыз Әбді­манап Сыпатаев қалада партия коми­те­тінің екінші хатшысы болып қызмет атқа­ратын. «Сен осы саланың дайын маманы емессің бе? Неге сол жерге жұмысқа бар­майсың?» деді, мен қарсылығым жоқ еке­нін айттым. Құжаттарымды дайындап жүр­ген кезімде досым Вячеслав «Сен әуре болмай-ақ қой, ол жерге басқа кісіні қоя­тын болды» деді. «Жарайды онда» деп мен өз жұмысымды жасап жүргенмін. Бір күні таңға жақын түс көрдім. Түсімде Димаш Ахметұлы Қонаевпен бірге тауда жүр екен­біз. Бокстан Қазақстан құра­ма­сында ойнаған кезде тауға шығатынбыз. Сол кез­дегідей таудың баурайы көкпең­бек. Көктем. Екеуіміз де спорт киімін киіп ал­ғанбыз. Димаш аға менен биік­теу, басында көк спорт шәпкесі бар. Екеуіміз тауды бетке алып кетіп барамыз. Таңертең Күл­дәр апама көрген түсімді айтып бер­дім. Ол кісі «Бәрі де жақсы болады екен» деп қуанып қалды. Біз қаланың сыртында тұратынбыз. Үйде телефон жоқ. Дәл сол күні таңертең «Сізді Хлебов шақырып жатыр» деп бір жігіт келіп тұр. Облыстың бірінші хатшысы Асанбай Асқаров бо­латын. Менің орныма баратын жігіттің әкесі Өзбекстанда ауыл шаруашылығы министрі, Сырдария облысының бірінші хатшысы болған, елге өте сыйлы ақсақал екен. Ол облыс хатшысына осы қызметке ұлын тағайындауын сұраған болуы керек. Мені «сүйрейтін» ешқандай танысым жоқ. Жігіт сол саланың маманы емес қой, жұмыс жайымен танысқаннан кейін ол қызметтен бас тартқан. Кейін 1992 жылы Шымкент қаласында әкім болған кезімде Димаш ағамыз облысқа келгенінде үйге қонаққа шақырып, ертеректе көрген тү­сімді және түсімде бата бергенін айттым.

 

Қиянатты көп көрдім…

– Менің өмірімнің күрделі кезеңдері көп болды. Әрбір қызметке ауысуым мені сүрінтпей, аяқтан шалмай алға қарай қозғалған емес. Сондықтан да әрбір са­лада еткен еңбегімнің бәрі мен үшін қым­бат. Шымкент қаласының әкімі қызметін 1 жыл 10 ай ғана атқардым. Ол кездері менің тегім облыс әкімінің тегінен бірінші айтылатын. Оны оңтүстіктегі халықтың бәрі біледі. Жаңа әкімге бұл ұнамады, қызметтен босатты. Төрт ай жұмыссыз отырдым. Сосын Жоғары Кеңеске депу­таттыққа сайлауға түстім. Халықтың ал­дына шығып «Мені депутаттыққа сай­лаңдар» деуге ұялатынмын. Өйткені кеше ғана қаланы басқарған адаммын. Менде «Егер мені сыйламаса, қалай депутат етіп сайлаңдар деп айтамын» деген ой болды. Тек ресми кездесулерге ғана бардым. Бі­рақ Құдайға шүкір, бес адамның ішінде бірінші турда-ақ мені Қазақстан Респуб­ликасы Жоғары Кеңесіне депутат етіп сай­лады. Сол сәттен менің екінші өмірім басталып кетті. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев құрылыс министрі етіп та­ға­йын­дады. Қалаға әкім болардың алдында Президенттің сенімді өкілі болдым. Енді бел шешіп, білек сыбана кірісіп, жұмыс жасап жатқан кезде сенің еңбегіңе қара­май қызметтен алып тастап жатады. Со­ның бәрі қиянат, көре алмаушылық, аяқтан тарту. Кейбіреулер сияқты қызмет жасап отырғаннан кейін айналаңда­ғы­лар­дың, жоғарыдағылардың бәріне жа­ғынып, шапан кигізіп, қабағына қарап отыруың керек екен. Ондай әдет менде жоқ, тек өз еңбегіме, қабылетіме сендім. Себебі Елбасы маған сенім білдіріп, үлкен қызметтер тапсырды. Мен нағыз өндіріс­шімін, партия, комсомол қызметтерін ат­қарған жоқпын. Мүмкін сондықтан кейбір қалтарыс-бұлтарыстарды түсін­бей­тін де шығармын. «Дұрыс жұмыс жасасам болды, бәрі дұрыс болады» деген ойымның дұрыс еместігіне кеш көзім жет­ті. Жоғарыдағылармен де, айналаңда­ғылармен де, ақсақалдармен де дұрыс тіл табысып, «дәліз ойындарының» бәрін мең­геруім керек екен. Ал менің ондай­ларға шын мәнісінде, уақытым болған жоқ. Жамбыл облысының әкімі қыз­меті­не тағайындалған кезімде елдің әлеу­мет­тік-экономикалық ахуалы қиын еді. Газ, электр энергиясы тапшы. Облыс әкімі бо­лып 2 жыл 3 ай жұмыс жасадым. Түнде 12-1-де менің жұмыс кабинетімнің шамы жанып тұратын. Мұны халық біледі. Та­ңертең 6-7-де қайта жұмыста болатын­мын. Сондай қарбалас тірлікпен жүріп қай уақытта кімнің шашбауын көтересің? Әйтсе де бәрібір олар дегеніне жетті,.. – деп бір түйді ол әңгімесін.

 

Өмірімнің негізі – ұл-қыздарым

– Ұлым Нұрғалидың қазасынан кейін бас көтере алмай жүрген шақта көңіліме де­меу болсын деп Меккеге бардым. Құ­ран­ның хадистеріне жүгіндім, – деп жал­ғады әңгімесін Әбекең. – Отбасы болып ойланып, толғандық. Адам өмірге келген­нен кейін артына ұрпақ қалдыру керек, әйтпесе атыңның өшкені. Ұрпақ өсіру – бұл адамзат баласының басты қағидасы. Елдің ортасында жүрген азамат болған­нан кейін мұндай шешім қабылдау оңай болған жоқ. Сондықтан мен еш нәрсені жасырып жасағаным жоқ. Әтираның, қыз­дарымның рұқсатын алып, екінші рет шаңырақ көтеріп, қазір, Құдайға шүкір, екі ұлым бар. Тәубе, екеуі де өзімнің аузым­нан түскендей. Менің өмірім қазір аздап болса да өзгерді. Кіші ұлым мамыр айында 6-ға келеді. «Әке» деп еркелейді. Маған соның бірауыз сөзінің өзі жетіп жатыр. Қыздарым Жанар мен Салта­нат­тан бес немерем бар. Үлкен немере қызым қазір Сингапурде 12 сыныпта оқып жа­тыр. Қазір бәрі аралас-құралас болып

өсіп келеді. Әйелдердің арасындағы бір-біріне көзқарасы ол басқа әңгіме. Біз қан­дай мәселе болса да ортаға салып ше­шеміз. Мен бұл мәселеде тек Құдайдың алдында ғана жауаптымын. Себебі менің өмірімді басқа бірде-бір адам сүрмейді, сондықтан менің жанымды ешкім өзім сияқты түсінуі мүмкін емес. Адамның сыртынан түрлі сөз айтылады, егер менің ұрпағым болмаса «Сауап бопты, Тшанов деген кезінде әкім боп еді, міне, ұрпақ­-сыз кетті» деп айтатын қазақ міндетті түрде табылады. Ол – дұрыс адам емес. Ме­нің басымдағы қиыншылықты түсіну үшін сол жағдайды ол да көруі керек пе? Тап сондай жағдай оның бала-шағасы­-ның басына да келмейтініне кім кепіл?! Сондықтан ешуақытта ешкімді табаламау керек! Ағайындарым мен жанашыр дос­тарым «Амалбек, жұрт не десе о десін, бұл сенің өмірің. Егер отбасыңның саған деген көңілі дұрыс болса, одан артық не ке­рек?» деді. Әлбетте бәрі бірден болған жоқ, көп қиындықтарды бастан өткіздік. Оның бәрі менің ішімде, жүрегімде. Оның үстіне үлкен ұлымның қайғысы бар… Бә­рін мен түсінем. Ал уақыт жайлап-жайлап бәрін орнына келтіреді екен. Мен Аллаға тәубә деймін.

Ұлдарым Нұрдәулет пен Нұрәлидің анасының аты – Айгүл. Нұрәлидің атын Нұрдәулет қойды. Себебі үлкен балам­ның аты Нұрғали болатын, сол ағасының атына ұқсас болсын деп осылай таңдау жасады.

Отбасым, ұл-қыздарым – менің өмі­рім­нің негізі. Құдайға шүкір, екі қазақты өмірге алып келдім. Бұдан артық қандай қуаныш болуы мүмкін?! Маған Алла та­ғала қанша өмір берсе, соны еліме қызмет етуге, балаларымды аяғынан тұрғызу­ға арнаймын…

Адамдардың тағдыры бейне бір өр­мекшінің торындай бір-бірімен байла­нысып жатқан күрделі дүние. Елестетіп қарасақ, сол тордың шым-шытырық үзік жіптері бір-бір адамның тағдыры іспетті. Тордың бір шеті қимылдаса, бүкіл тор қимылдайды. Осының бәрін игеріп өр­мекші жүреді. Сірә, Құран Кәрімде «Өр­мекші» деген сүренің болуы да көп жайды аңғартса керек.
Кейде дәл қасымызда болып жатқан оқиғаға пендешілікпен мән бермей, қа­пыда қалып жататын кездеріміз болады. «Осы соңғы рет болсыншы, енді байқап жүрейік» десек те, белгілі бір уақыт өткен соң тура сол қапы қалған жай басқа кейіпте тағы қайталанады. Мұндайда пен­дешілікпен «Осы тағдыр бізбен мы­сық-тышқан ой­науын, сірә, қоймайтын болар!» деп ойлай­сың. Әйтсе де «Тағдырға не шара, бұл өмір ғой» деп өзімізді жұ­батқан боламыз. Біз бүгін қызығы да, шыжығы да мол Амалбек Тшанов мыр­заның өмір жолынан бір үзік сыр шерттік. Әбекеңнің өмірі қашанда елдің назарында, десек те, кейде жат түгіл жақыныңа да іш­кі сырыңды жайып сала бермейсің. Ашық та әсерлі әңгімесі үшін ағамызға айтар алғысымыз мол.
Амалбек Қозыбақұлы таяу күндері 70 де­ген асуды бағындыруға бет түзеп келеді. Мерейлі жастың мерекесі көп болсын!
 
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

 

http://www.aikyn.kz

Рубрика: