АЛТЫНОРДА
Новости

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Үш тілді білім беру бағдарламасындағы ең маңызды тіл-қазақ тілі – К.Шамшидинова

Астана. 3 сәуір. Baq.kz – Биылдан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Үш тілді жетік меңгерудің жаңа оқу-оқыту әдістері жолға қойылмақ. Оның ішіндегі ең маңыздысы – қазақ тілі. Бұл туралы Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен баспасөз конференциясында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Басқармасының Төрайымы К. Шамшидинова мәлім етті.

 

 

«Назарбаев Зияткерлік мектептері құрылғаннан бері бірталай жұмыстар атқарылды. Біз Кіріктірілген білім беру бағдарламаларын жасауды аяқтап, биыл оны толыққанды өңдеуді бастаймыз. Сондықтан қазір 7-8, 11-12 және 1-сыныптар үшін жұмыс істейтін мұғалімдердің барлығын дайындықтан өткізбекпіз. Бағдарламаның ерекшелігі – балалардың функционалдық танымдылығын, білімділігін арттыруға бағытталған. Біз ең алдымен тіл мәселесін бірінші орынға қоямыз. Яғни, біз үштілділікті жүзеге асыруда көрнекті нәтижелерге қол жеткізіп жатырмыз. Осы бағыттағы жұмыстарды тіпті де жетілдіре түспекпіз. Биыл ең алғаш рет Көкшетау және Талдықорған қаласындағы мектептердің 1-сыныптарына «Тілге ерте бастан ендіру» бағдарламасын бастаймыз. Бағдарламадағы ең маңызды тіл – қазақ тілі. Балалар қазақ тілінен бастап ағылшын және орыс тілдерін қатар үйренетін болады. Қазақ тілі – Отанымыздың тілі, мемлекеттік тіліміз, біздің патриоттығымыздың белгісі болса, ал ағылшын және орыс тілдерін үйретудегі мақсатымыз XXI ғасырда өмір сүріп жатқан балалардың ертеңгі күні еңбек рыногындағы қажеттілігін қамдау үшін болмақ»,-деді жаңа жобаның ерекшелігін таныстырған Күләш Шамшидинова.
Айта кетейік, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде былтырдан бастап үштілді білім берудің саясаты әзірленген болатын. Ал, биылғы жылға келгенде CLIL тәсілдерін пайдалану бойынша мұғалімдерге арналған нұсқаулық (бағдарлама мазмұнына тілдің кіріктірілуі), командалық оқыту және тілдік ортаға енгізу негізінде үш тілді білім берудің жоспары әзірленді.
Майгүл СҰЛТАН

 

http://www.baq.kz/news/25697