Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

altaynews.kzӘнес САРАЙ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Әрине, арақ-шарап деген нәрсе Наурыздың табиғатына жат дүние ғой. Бұл дәстүрімізде жоқ. Бір кездері Астанадағы Наурыз мерекесінде қымызмұрындық тойы ұйымдастырылып жүрді. Негізі, мереке айран-сүт, қымыз секілді тағамдармен ерекшеленуі керек. Ал наурыз көже мерекенің басты ас мәзірі екені белгілі. Мерекеде жаңа сауылып, ашытылған қымыз қолданылған. Ал жалпылай айтсақ, қазір үлкендеріміз де, жастарымыз да арақ ішу дейтін әдеттен тыйылып келе жатыр. Бір мысал айтайын, жақында 16 жылдан бері пойызда жолсерік болып қызмет істейтін бір кісіден әңгіме арасында: «Жұмыстарыңыз шаршататын шығар?» – деп сұрадым. Бірақ ол кісі бұрынғыдай емес, жолаушылар арасында арақ ішетін адамдардың жоққа тән екенін, сол үшін жұмыстарының жайлы болатынын айтты. Мереке, той-томалақта арақты сіміріп, жағымсыз халге жететін бұрынғы орыс мәдениеті келмеске кетіп бара жатыр. Өзіміздің ырғақты, сыйласымды ұлттық бейнемізді тапсақ оның несі жаман?!

Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, сазгер, қоғам қайраткері:

– Наурыз біз үшін өте қастерлі мереке екені анық. Бірақ қашанда шек қою бір істің жаман жағын туындатып жататыны бар ғой. Кезінде Кеңес өкіметі де арақ-шарапты жоймақшы болды. Оның нәтижесі белгілі. Арақ- шараптың Наурызды өткізуге ешқандай кедергісі жоқ. Сол үшін артық жасаймыз деп, тыртық жасап алмайық деген ой туады. Мен өзім өмір бойы арақ-шарап дегенді татып көрмеген адаммын. Өз басым табиғатыммен арақ-шарапқа қарсымын. Биылғы Наурыз мерекесі сенбі, жексенбімен бес күнге созылайын деп тұр. Сондықтан бұл шектеу бір қолайсыздыққа ұрындырмас үшін мен бұл шектеу туралы уәжге де қарсымын. Біреулер осындай ұсынысты айтуы мүмкін, бірақ бұл — популизм. Ертең спекуляция болады. Адамдар басқа жерден бірдеңе тауып ішеді, сосын уланады дегендей. Ішетін адам бәрібір ретін тауып «тойлайды».

Жекен ҚАЛИҰЛЫ, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы жәрдемдестік қауымдастығының төрағасы:

– Меніңше, тыйым салған дұрыс болар еді. Наурыз сынды Ұлыстың ұлы күнінде, жер түлеп, көк шыққан мезгілде наурыз көже мен қымыз, шұбат секілді пайдалы ас-сусындарды ішу керек. Арақ-шарапты осындай ұлық мерекеде шеттете тұру қазақ қауымына, мұсылманға қажетті игі бастама болары даусыз. Наурыз табиғаты жағынан шығыстық мерекеге жатады. Сондықтан арақ-шарап қойғанның өзі ұят. Наурызды жүйесімен, орнымен өткізгенге не жетсін! Бұл – Шығыс халқы үшін жаңа жылдың басталуы. Адамдардың бір-біріне қонаққа барып, ыстық ықылас білдіретін ерекше кезі де – осы. Ал оған арақ-шарап араласса, мәні кетеді. Жалпы республика бойынша шектеу жасау қиын болатын шығар. Басқа ұлыстың өкілдері іше берсін. Олар қарсы болуы да мүмкін. Өйткені олар біздің психологиямызды қабылдаған жоқ. Біздің мемлекеттік тіліміз өз биігіне жетіп, жан дүниеміз, рухани болмысымыз бәріне үлгі болатын жағдайға келгенде, басқалар да бізге қарап тәрбиелене бастайды. Сол кезде мұндай шектеуді алаңсыз қоюға болады. Ал қазір өзгелер сәл басқаша қарауы ғажап емес.

«Алаш айнасы»

Толығырақ: http://alashainasy.kz/din_islam/nauryiz-merekes-keznde-arak-sharap-satuga-tyiyyim-saluga-kelsesz-be-65609/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: