Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

©Алаш айнасы иллюстрациясы«Бүгін Волковысск аудандық әскери комитеті резервтегі 140 әскериді шақыртып алды. Әр ауданнан 140 әскери шақырылса, онда еліміз бойынша 15 мың әскери жиналғаны ғой. Бұл Украинадағы жағдаймен байланысты сияқты. Әскерилерді шығарып салған бала-шаға улап-шулап, дауыс шығарып жылап жатты. Төрт автобус өстіп Гроднодан шығып кетті» деп жазады Хартия 97 беларусь порталының жетекшісі Наталья Радина өзінің «Фейсбуктегі» жеке парақшасында.

 

Кеше президент Лукашенконың өзі қол қойған заңға өзгеріс енгізгені туралы ақпарат тарады. Онда Беларусь президенті: «Ресей әскері Украинаға Беларусь арқылы енбейді» деп мәлімдеген.

1 ақпанда Беларусь Республикасында «Әскери жағдай туралы» заң өз күшіне енеді. Ұлттық құқықтық порталда жарияланған бұл заң мәтінінде «қандай да бір мемлекеттің ресми түрде соғыс жариялағаны-жарияламағанына қарамастан Беларусь соғыс жағдайын енгізе алады» делінген. Сондай-ақ онда соғыс жағдайы қандай қауіп-қатер төнгенде жарияланатыны нақты белгіленген. Соның біріне Беларусь шекарасы маңына бөтен мемлекеттің әскерилерінің шоғырлануы жатады екен.

Екі-үш күн бұрын, нақтырақ айтқанда, 23 қаңтарда БР Қорғаныс министрлігі әскери дабыл жариялап, ел аумағындағы барлық әскери бөлім мен бөлімшелердің әскери дайындығын тексеріп, жаппай жаттығу өткізуі де кездейсоқтық емес.

 

Әскери жаттығудың бір мезгілде бірнеше полигонда (Брест базасы, Обуз-Лесновск, Лепельск, Гожской, Осиповичск и Борисовск полигондарында) өткізілуі оның ауқымдылығын паш етіп қана қоймай, іс-шараның кешенді қарастырылғанын да көрсетеді. Осы қос дерек жұртшылықты (беларусь халқын) үркітіп жіберген. Бұл арадағы мәселе Украинамен шектеліп қалса жақсы болар еді деседі сарапшылар, бірақ…

 

Бұл ретте БР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада:

«Әскери бөлімшелер тактикалық жаттығудан өтіп, мергендігі де сыналады. Сондай-ақ Әуе күштері әскеріне қарасты авиация мен зымыранға қарсы қорғаныс әскерінің мемлекеттік шекараны қорғаудағы позициялары анықталмақшы. Сонымен қатар командир мен әскери бөлім бастықтары қосымша тәжірибе сынағынан өтіп, жоғары деңгейдегі әскери дайындыққа жауаптылығы бойынша ілім алмақ» делінеді.

Бастысы ол арада аяқ-асты шекараға әскерилерді жаппай жұмылдырудың себебі де атап өтіліпті: «Мұндай шешім қабылдауға 2014 жылдың аяғында Балтық жағалауы елдері маңында өткізілген әскери жаттығулардың бұдан бұрынғыдан да жиілеп кетуі, шетелдік әскерилердің шекара маңына әскерлерін әкеп өрістетуі себеп боп отыр. НАТО-ға мүше мемлекеттердің авиациясының Балтық жағалауында көптеп бой көрсетуі әуе кеңістігі қорғанысын күшейтуге итермелеуде. Геосаясат ушығып, шекараға қауіп төндіретіндей жағдайға әкеп соқтырып жатқанда Беларусь Республикасы оған бей-жай қарап отыра алмайды».

Ал НАТО әскерін Беларусь Республикасына неге жақындата түсуде? Мәселе осы арадан шығып жатқан секілді.

Өткен жылдың соңында беларусь оппозициясы Ресейдің Беларусь Республикасы территориясынан тағы бір әскери база ашуына қарсылық білдіріп, наразылық танытқан еді.

Айта кетелік, жыл соңында Минскіде өткен Ресей мен Беларусь қорғаныс министрліктерінің өзара ұжымдық отырысында Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу 2015 жылы беларусь қаласы – Бобруйскіде 12 әскери және екі жаттығу-әскери ұшағын (Су-27) орналастырмақшы екенін мәлімдеген. Сондай-ақ Ми-8 әскери тікұшақтары да олардың артынан жетпекші болған.

Ал СУ-27 әскери ұшағы — басқа ұшақтарға қарағанда өзіне үш есе жүк арта алатын, жанар-жағармай құюсыз ұзақ ұша алатын әрі аспанда-ақ отынын жаңарта беретін, әуеден қадалып, атқылаушы әлемдегі ең озық соғыс техникасы. Оның зымыран мен бомба алып жүруге қауқары жетерлік. Сондықтан мұндай әскери базаны НАТО-ның нысанаға алмауы мүмкін емес. Міне, осы арасы беларусь қоғамын қатты алаңдатады.

Біріккен әуе қорғанысы жүйесін әлдеқашан құрып алған Ресей мен Беларусь билігінің бүгінгі бас ауруы – Калининград аумағы көрінеді. Өйткені Беларуссия мен Калининград облысы аралығында Балтық жағалауы мен НАТО-ға мүше елдерді байланыстыратын 70 шақырымды құрайтын жалғыз құрлық жол бар.

Ресей сарапшысы Геннадий Нечаев осы мәселеге қатысты ресейлік басылымға берген сұхбатында былай депті: «Картаға үңілсеңіз, Белоруссия Балтық жағалауындағы үш мемлекеттің стратегиялық жағдайын ойсырата алатын «мойындағы қамыт» секілді».

Міне, мұндай әңгімелер қозғалып жатқанда Илларионовтың айтқаны айдай келейін деп тұрған секілді деп те ойлап қалады екенсіз. РФ президентінің бұрынғы кеңесшісі Андрей Илларионов: «2015 жылы Мәскеу геосаясатта ұстанған саясатынан бас тартпайды, керісінше өзінің әскери агрессиясын Балтық жағалауы елдеріне қатысты өрістете түседі» деп болжам айтқан еді.

Айта кетелік, аймақтың әуе кеңістігін қорғау үшін Ресеймен Қазақстан да бірыңғай жүйе құру туралы былтырлары шарт жасасқан. Алайда Батыс ол кезде мұны формальдық дүние деп қабылдап, бізге түсіністікпен қараған. Өйткені осы шарт жасалғанға дейін НАТО мен Қазақстан арасында бірнеше рет кеңес өткен.

Автор: Кәмшат Сатиева



Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/nato-asker-belarussiyaga-nege-jakyindap-keled-61877/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: