Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Фото Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтап, бірқатар маңызды мәселеге назар аударды.

«Осыдан 23 жыл бұрын адамзат көгінде жарық жұлдыз пайда болды. Ол – Көк байрағын шалқытып, әлем тарихына мөрін басқан тәуелсіз Қазақстан еді. Ғасырлар бойғы халқымыздың арманы 1991 жылы 16 желтоқсанда, бүгінгі буынның тарихи таңдауына айналды. Бұл күн өз тағдырымызға өзіміз қожалық етіп, өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен ұлы күн болды», — деді Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты жиынды аша отырып. Бұдан бөлек, Елбасы Тәуелсіздік күнін тарихи әділет салтанат құрып, азаттық үшін төгілген өлшеусіз қанның өтеуі қайтқан ұмытылмас күн, сан дәуір өтсе де ұрпақтарымыз ұлықтап отыратын күн екенін еске салды. «Алтай мен Атыраудың, Сырдария мен Есілдің арасындағы еліміздің жылнамасы алтын әріппен жазылған ардақты күн. Жер бетінде мыңдаған ұлыстар мен ұлттар бар, біз дербес мемлекет құру бақытына ие болған 193 ұлттың біріміз. Адам басына бақыттың қонуы бір бөлек, сол бақытты бағалай білудің жөні бір бөлек. Тәуелсіздік алған елдердің барлығында тұрақтылық пен татулық ұйып, дамудың даңғылына түсе қойған жоқ. Тәуелсіздік тарихтың сыйы немесе бүгінгінің меншігі емес, ол өткен бабаларымыздың алдындағы қасиетті борышымыз, келешек ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілігіміз. Біз Тәуелсіздігімізді тәу етіп, тәубә етіп тәуекелмен болашаққа бет түзеп келе жатқан халықпыз», — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Бұдан бөлек, Елбасы дағдарысты жылдың ерекшеліктеріне де тоқталып, ендігі маңызды міндеттерді де атап өтті. «Дағдарыстар өтеді, кетеді, ал ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы секілді ұлы құндылықтар ғана ғұмырлық», — деген Н. Назарбаев Үкімет пен Ұлттық банкке екі маңызды міндет жүктеді. «Қазіргі күні күрделі кезеңдер туып келеді. Жаһандық саясаттағы дағдарыстар, санкциялар жаһандық экономиканың тәуекелдерін зорайтып отыр. Ал Қазақстан жаһандық экономикада барша әлеммен тығыз байланыста. Қазір барлық елдер мен халықтарға оңай емес. Әлемдік нарық көмірсутектердің, металдардың бағасы төмендеуіне, экспорт пен валюта табудағы басқа да өнімдерге баса назар аударып отыр. Әлемдік экономиканың бір бөлшегі болғандықтан бізге де оңай соқпайды, соны әрбір қазақстандық қаперге алып жүруі керек. Сондықтан, бізге де бекітілген бюджеттің шығыстарын ішінара қысқартуға тура келеді. Алайда, мен бұған дейін де айттым, бүгін де қайталаймын, ол қысқартудың әлеуметтік шығыстарымызға еш қатысы жоқ», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы бұған дейін Үкіметке мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындау туралы тапсырма бергенін еске салып, ендігіде Үкімет пен Ұлттық банк алдына тағы екі маңызды міндет жүктелетінін атап өтті. «Біріншіден, біздің экономиканы долларсыздандыру. Екіншіден, инфляцияны жеңілдету. Бұлар «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаттың құрамдас бөлігіне айналуы керек», — деді Н. Назарбаев. Бұл ретте Елбасы дағдарыстар ұзақ болмайтынын, бұл жолғы дағдарыс та өтетініне тоқталды. «Бәлкім, осы қиын-қыстау күндері біз зейнетақыны немесе жалақыны бұдан әріге көтере алмаспыз, алайда бүгінгі деңгейді сақтауға міндеттіміз. Шынында да алдымызда аумалы-төкпелі заман келе жатыр. Тұтас дүниені шарлаған дағдарыстар бүгінгі күннің басты сипатына айналып отырғанын көріп отырсыздар. Жаһандық экономика кезекті рет соқтықпалы-соқпақсыз жолға аяқ басқан секілді. Бізге де оңай болмайды, сондықтан да біз алдағы сын-қатерлерге дайын болуға тиіспіз. Біз жағдай ширыққан сайын шынығуға, кедергіге кездескен сайын серпін мен қуат жинауға дайындалдық. Алысты көздеген даму жолында кездесетін уақытша кедергілерге мойымаймыз, еңсені түсірмей, ертеңге сеніммен қараймыз. Мен бұл дағдарысты да еңсеретінімізге сенімдімін», — деді Н. Назарбаев.

Автор: Қанат Қазы

Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/n-nazarbaev-tauelszdk—oz-bolashagyimyizdyi-ozmz-aykyindauga-kolyimyiz-jetken-59243/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: